• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Сәуір, 2018

Ұлттық инженерлік академия президенті ғалымдарды төл мерекесімен құттықтады

1225 рет
көрсетілді

12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесін Қазақстанның Ғылыми-инженерлік қауымдастығы жетінші рет атап өтті. Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов академия төралқасының кеңейтілген отырысында ғалымдарды төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. 

– Ғылым күні Елбасымыздың 2011 жылғы 20 қарашадағы №164 Жарлығымен белгіленді. Отан­дық ғылым саласы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ұдайы назарында әрі жүргізген сын­дарлы саясатында әрдайым қолдау тауып келеді, – деді ол. – Мысалы, 2011-2017 жылдар ара­лығында ғылымды қаржы­ландыру 37,1 пайызға, ғалым­дардың еңбекақысы 58,1 па­йызға ұлғайды. Біздің ғы­лым­ның әлемдік аренадағы сер­пілісі, беделді халықаралық ба­сы­лымдардағы қазақстандық ға­лымдар жарияланымдары са­нының өсуі XXI ғасырдың екін­ші онжылдығының айтулы жетістігі болды. Қазақстандық ғылыми он басылымның қазіргі замандағы әлемдік ғылымның беделді халықаралық ғылыми-ақпараттық және аналитикалық ресурстық Web of Sciences тұ­ғыр­намасына енгізілген ең ықпалды халықаралық журнал­дар санына қосылуы осы жетістіктер нәтижелерінің бірі болды.

Мемлекет басшысы стра­те­гиялық құжаттарда техноло­гиялық инновациялық дамуды елімізді дамытудың шешуші факторы деп атады. Сондықтан ғылымның инженерлік бағыты мен ғылыми жетістіктердің жүзеге асырылуы біздің бас­ты назарымызда болып отыр. Ұлт­тық инженерлік академиясында осы кезең ішінде 1518 жоба мен бағдарламалар, оның ішінде машина жасау, энергетика, мұнай-газ және басқа да ғылыми-инженерлік салаларындағы 32 инновациялық жоба әзірленді.

Отырыс жұмысына Ас­қар Құлыбаев, Темірхан Досмұ­ха­медов, Рахман Алшанов, Надир Надиров, Альберт Боло­тов, Амандық Төлешов, Гүлба­зар Медиева және тағы басқа ға­лым­дар қатысты. Отырыста Ака­демияның вице-президенттері Темірхан Досмұхамедов және Рахман Алшанов басқа да жетекші ғалымдар, инженерлер, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі. 

Олар жоғары оқу орын­да­рын­дағы инновациялық процес пен ғылымды дамытуда жетекші бағдарлардың бірі болып табылатын ғылым мен өндірістің байланысын орнатуға ерекше назар аударды. Мәселен, «Байсерке-Агро» холдингі, жоғары оқу орындардағы ғылым мен инновацияны дамы­ту­дың тиімділігі әлемдік тәжі­рибеде мойындалып отырғаны, қазақстандық ғылымның бүгінгі және ертеңгі күнінің басты мәселелері туралы айтылды. Академияның алдағы мін­деттерін Ұлттық инженерлік ака­демиясы төралқасының Бас ғалым-хатшысы Гүлбазар Ме­дие­ва хабарлады. Онда Сло­ве­нияда орналасқан Акаде­мияның Қазақстан-Еуропа орта­лығы арқылы Қазақстанға Еуро­падан технологияларды транс­ферттеу туралы, Қытай Инже­нерлік академиясымен бірле­се отырып, Жібек жолын қайта өрлету жобасын іске асыру жөнін­де айтылды.

 Отырысты қорытындылай келе, Ұлттық инженерлік акаде­миясының президенті Б.Жұ­ма­­ғұлов еліміздің ғылыми-инже­нерлік қауымдастығының ал­дында тұрған ғылым нәтиже­лерін түбегейлі жаңа деңгейіне көшіру, оны өндіріспен, бизнес­пен біріктіру, нарықтың перспек­тивалық технологиялық талаптарын қанағаттандыру міндеттерін атап айтты. Бұл Қазақстан Пре­зиденті стратегиялық бағытының міндеттерін іске асыруға, соның ішінде әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына кіруге академиялық қоғамдастықтың қосатын үлесі болмақ.