Осы халықтың бел баласындай болып кеттім
Йылдыз СИНАН, Айша бибі атындағы қазақ-түрік қыздар мектеп-интернатының директоры.
Мен 1974 жылы Түркия мемелекетінің Адана облысында дүниеге келдім. Адана қаласындағы мектепті бітіргеннен кейін, Малатия қаласындағы «Инөнү» университетінің математика факультетіне түсіп, оны 1996 жылы бітіріп шықтым.
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін 5 жылдан соң, яғни 1996 жылы Қызылорда қаласына келіп, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатына математика пәнінен дәріс оқи бастадым. Ал 1999 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл қазақ-түрік экономикалық колледжіне математика пәнінің мұғалімі болып ауыстым. 2009 жылы Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатына директор болып тағайындалдым.
Менің осында жүріп көріп, білгенім қазақтар – өте қонақжай, ақкөңіл, сауатты және мәдениетті халық болып келеді екен. Өнерге құштарлығы да керемет. Салт-дәстүрге деген адалдығы Наурыз мерекесінен басқа уақыттарда да байқалады. Сосын білім мен ғылым саласына және спортқа өте ынталы. Әсіресе, мені ағылшын тілін білуге деген құштарлықтары шексіз қуантады. Көріп жүрмін ғой, қазақ бауырларымның ұл-қыздары жан-жақты іздене білетін, жаңалықтарға жаны құмар, тапсырмаға тиянақты. Біздегі сабақ негізінен ағылшын тілінде жүреді. Соған қарамастан, мектеп-интернаттағы оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін өте жақсы меңгеруде.
Біздің мектеп-интернат ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша соңғы 5 жыл бойы республикалық 100 мектептің қатарына еніп, облыс бойынша алдыңғы 3 мектептің санатында ІІ, ІІІ орынды иеленіп жүр. Соның арқасында облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың «Алғыс хатымен» және бағалы сыйлығымен марапатталдық.
Бүгінде мен өзімді қазақтың бел баласындай сезінемін. Өйткені, туған-туыстарым менің арқамда қазақ қардаштармен құда-жекжат болды. Сондай-ақ, айналамдағы қоршаған қарапайым ортаның құрметі мен көзқарасы да көңілімді көтеріп, Қазақстан халқымен мәңгілік дос, жолдас болуға құлшындыра түсуде.
Тараз.
Адал еңбекке жағдай жасалған
Али КАЗИМОВ, Әзербайжан азаматы.
Менің Қазақстанда тұрып жатқаныма сегіз жыл болды. Алғашында туған ағама келіп, содан осы ел ұнағандықтан, қоныстанып қалып қойдым. Балаларым ержетіп, азамат қатарына қосылып жатыр. Олар үшін Қазақстан өз отаны іспетті. Маған қазақстандықтар керемет ұнайды. Халықтың пейілі кең. Және біз түбі бір түркілер болғандықтан, мен үшін қазақ тілін ұғыну еш қиындық туғызған жоқ.
Әрине, қазақстандықтардың барлығының орыс тілін білгенінің пайдасы мол, бірақ қазақтардың өзінің ана тілдерінде сөйлемеулері сырт көзге әбес-ақ. Мысалы, әзербайжандар да бұрын қазақтар тәрізді бодандықта болды, алайда, қазір онда әзербайжанша сөйлеу кәдімгі сәнге айналған. Бұл менің ел тәуелсіздігі қарсаңында қазақ бауырларыма айтқан базынам.
Ал, жалпы, қазақтар қазір өздерінің табыстарымен мақтана алады деп ойлаймын. Бүгінде Қазақ елін әлем таниды, осында ірі-ірі халықаралық саммиттер өтуде. 20 жылда елдің жеткен жетістіктері айтарлықтай.
Мен қарапайым ғана аспазбын. Өзіміздің дәмханамыз бар. Мұндағы ас мәзірі халал үлгісінде, біз арақ-шарап сатпаймыз. Келген мейман адал ас ішіп аттанады. Осының өзімен біз еңбек етіп, қоныс теуіп жатқан елге құрмет көрсетудеміз деп ойлаймын. Өйткені, осы жерде біздің табыс табуымызға, адал еңбегіміздің жемісін жеуімізге мемлекет тарапынан жағдай туғызылып отыр.
Бұл ел менің жүрегімде қалады
Даниел Джером Бэлласт, АҚШ азаматы, Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінің вице-президенті.
Алғашқы рет Қазақстанға 1993 жылы келдім. Содан бері 18 жыл өте шығыпты. 1994 жылдан Өскемендегі Қазақ-Америка еркін университетінде жұмыс істеп келемін. Бұл оқу орны Елбасы Н.Назарбаевтың келісімімен ашылған. Қазіргі жастар білімді де білікті болумен бірге, бірнеше шет ел тілдерін меңгерулері тиіс. Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім беретін оқу орнын Ғылым академиясының толық мүшесі Ережеп Мәмбетқазиев ұзақ жылдар бойы басқарып келеді.
ҚАЕУ-де экономика теориясы, макроэкономика пәндерінен дәріс беріп жүргенде байқағаным, қазақстандық жастар терең білім алуға құштар. Олар бірнеше тілді еркін меңгерген. Біздің университеттің ерекшелігі – жоғары оқу орнын аяқтаған жастар екі мемлекеттің дипломдарын алып шығады. Жастар АҚШ-та тағылымдамадан өтеді, өркениетті елдің жетістіктерін өз көздерімен көріп, Қазақстанның да алға басуы үшін қолдан келген мүмкіндіктерін жұмсайтын болады.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың көреген саясаты нәтижесінде тәуелсіздік алған 20 жылда адам сенгісіз жетістіктерге жетті. Қазақстанда тұрып, қызмет еткен соң, сол елдің тілі мен мәдениетін жетік меңгергенге не жетсін! Тіл үйрену оңай емес. Оны өз тәжірибемнен анық білдім. Алайда, мақсат қойып, қиындықтарды жеңу үшін ерінбей-жалықпай ізденсең, табысқа жетуге болады екен. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлей аламын, қазақ жастарымен мемлекеттік тілде әңгімелесемін. Бізде жасырып-жабары жоқ, ана тілінде шорқақ сөйлейтін, өз ойын жеткізе алмайтын қазақ жастары кездесіп жатады. Оларға мемлекеттік тілді меңгерудің маңызды екенін айтамын, намысын жанимын.
Қазақ елі қарыштап дамып келеді, оның жетістіктеріне баршамен бірге қуанамын, шаттанамын...
Өскемен.
Дарқан мінез тәнті етті
Холгер Нумрих, «ЖайықТрубТех» ЖШС-нің бас директоры.
Мен Қазақтанға 2000 жылы келдім. Бұл кезде мен Америка құбыр өткізгіштері компаниясы жобасының аға менеджері болып қызмет жасадым. Біздің басты мақсатымыз, Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамытуға кәсіби тұрғыдан көмек көрсету болатын. Әрине, алғашқыда бұл жердің климаттық ерекшелігіне үйренісе алмай жүрдік. Әлі есімде. Сол жылдарда кеншілер қаласы – Ақсайда ыстық су күніне екі рет қана берілетін. Соған қарамастан, қазақ халқының қонақжайлығы, кім-кімді де жатырқамай айқара құшағына алатын дархан мінезі мені тәнті етті. Біз олармен дос болып кеттік. Осындай өзара түсіністік арқасында жұмысымыз да жақсы жүрді. Сөйтіп, Қарашығанақ өңдеу кешені – Атырау тұрба құбырлары өнімдерін экспорттау ісі оң жолға қойылды.
2004 жылы кен орнындағы миссиям аяқталды. Сондықтан да Дубайдағы үйіме оралуым керек болатын. Әйтсе де мені қазақ жерінің тартылыс күші мұнда әлі де біраз уақыт бола тұруға итермелей түсті. Сөйтіп, Қазақстанда қала беремін деп шештім. Мен мұнда қазақ досым Ғабит Ермеков екеуміз қазақ жастары мен инженерлеріне мұнай-газ өндірісінің қыр-сырын үйретуді қолға алдық. Осы мақсатта Жайық тұрба құбырлары компаниясын құрдық. Мұндай ойға келуіме осы кезге дейін Қазақстанда отандық кәсіби құбырлар компаниясы жоқ екені себебші болды.
Міне, осыдан кейбір батыстық компаниялар Қазақстанға келіп өзіне үлкен пайда табуды көздегенін жасырып қалғым келмейді. Осы ниетпен олар Қазақстанға өз мамандарын жіберіп отырды. Мен мұндай жолды қаламадым. Менің басты ойым әлемдік деңгейдегі технологияны Қазақстанға әкеліп қажетті өнім шығару болды. Бұл іске қазақстандық жастарды тарту болды. Жұмысты бастаған кезде компанияда 5 адам болса, қазір 25-ке жетті. Мұның 24-і, яғни менен басқасының бәрі қазақстандық мамандар. Мен бұл деректі мақтаныш сезіммен айта аламын. Қазақстанда жасалған құбырлардың сапасы өте жоғары. Осы арқылы олар батыстық стандарттардың деңгейіне жетіп отыр. Тіпті, кейбір критерийлер бойынша сапалық тұрғыдан озық түскен тұстары да бар.
Қазақ топырағындағы он бір жылдық өндірістік өмірімде бұл ел менің екінші отаныма айналды. Тәуелсіздік алғанына небәрі жиырма жыл толған мемлекетте экономика мен әлеуметтік стандарттардың озық жобалары іске асуы таңқалдырмай қоймайды. Менің жанымды әркез ризашылық сезімге бөлейтін тағы бір фактор – Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол жеткенге тоқмейілсімеу қажеттілігін ұдайы алға тартып отыратындығы.
Иә, қазақстандықтар бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізуге тиіс. Оған ешқандай күмәнім жоқ. Жас мемлекеттің бүгінгі ұрпағы осы жауапкершілікті жете сезіне біледі деп санаймын.
Батыс Қазақстан облысы.
Өз отанымда жүргендей сезінемін
Йигит ЯЗЫДЖ, «Ақтөбе-Мәртөк-Ресей шекарасы» жобасының жетекшісі.
Мен осы елге келіп, жұмыс істеген жылдарымды ең бақытты кезеңге бағалаймын. Түбі бір түркі жұрты Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мемлекеттерінің арасында бірінші болып таныды. Бұл біздің ізгі ниетіміздің, риясыз ілтипатымыздың белгісі дер едім. Осы жылдарда туысқан екі елдің арасында барыс-келіске жол ашылды. Түркия өз тарапынан жас тәуелсіз мемлекетке қолдау көрсетті, экономикалық байланыстардың арнасын кеңейтті. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар екі жақты тиімді жағдайда өрбіді.
Қазақстанда 140-қа жуық ұлттар мен ұлыстардың татулықта, бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанының өзі мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың бауырмалдығы мен бейбітсүйгіш қасиетінің молдығы дер едім. Азғантай ғана уақытта кешегі Кеңес Одағының құрамынан шығып, тәуелсіздік алған егемен елдің экомикадағы, әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешудегі бүгінгі қол жеткен табыстары, саясаттағы ұстанған сара бағыты әлемді мойындатып отыр.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, мен осында келгелі еңбекқор елді, халқының қамын ойлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі сарабдал саясатын көріп, тәнті болдым. Елдегі саяси тұрақтылық, экономикалық даму үрдісі мұнда келуге шетелдік инвесторларды қызықтырып отырғаны сөзсіз. Сондықтан да Қазақстанға келіп, өз қаржыларын салуға, жаңа технологияларын ұсынуға ынталы мемлекеттер қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Біздің «ДЖЕНГИЗ ИНШААТ» компаниясы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі бойында тас жол салумен айналысады. 2010 жылы «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» жобасы бойынша 102 шақырым жолға қатты жамылғы төсеуді бастадық. Бүгінгі таңға оның 45 шақырымы бітті. Бұл жоба 2013 жылы аяқталады.
Ынтымағы жарасқан, татулығы тұрақты және тыныштығы берік Қазақстанның бұдан да биік белестерді бағындыруға мүмкіндігі мол. Тәуелсіздіктің бағасын білетін халық қана осылай ұйымшылдық пен бірліктің өнегесін көрсетсе керек. Бұл бағытта Қазақ еліне, қазақстандықтарға болашақта да сәттіліктер тілейміз. Мұндай мемлекетте тұру әр азаматтың бойында еліне деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз. Қазақстан – мақтануға да, мақтауға да тұратын мемлекет. Біз ынтымағы жарасқан елді көріп, көңіліміз марқайып қалды. Мұның бәрі, әрине, тәуелсіздіктің жемісі екені даусыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құтты болсын, туысқандар.
Ақтөбе облысы.