Мемлекеттік Орталық музейінде ашылған көрме алматылықтарды Таймас Нұртаевтың әлемнің әсемдігін паш ететін әдемі де әсерлі фотосуреттерімен таныстырады. Тәнті боласыз, ғажап екенін сезініп, өзіңіз барып көргіңіз келеді.
Ол Бішкек қаласының тумасы, мамандығы құрылысшы, ал, 60-жылдардан бері Алматы қаласында тұрып келеді. Фотоөнерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі оның екінші мамандығына айналған. Алғашқы фотоаппараты кеңестік «Зенит» болса, кейіннен кәсіби камераға алмастырған. Автор 2006 жылы алғаш рет Хан Тәңірі тау шатқалына барғанында, Қазақстанның әсем табиғатына тәнті болып, сол кезден-ақ фотосурет өнеріндегі алғашқы қадамдарын бастап кеткен. Тек Қазақстан бойынша ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетел саяхаттары оның тың туындыларының пайда болуына шабыт берді.
Фотосуретшінің туындыларынан Жер бетіндегі ең ірі шөл дала – Сахараны, әдемі аралдардың бірі – Гренландияны, тарихи Италия мен «мұзды ел» Исландияның әсерлі жерлерін көруге болады. Ал оның Қытай елінде түсірген суреттерінен Ұлттық Цзючжайгоу паркіндегі жасыл-сары Ли өзенін, Хуанлунгтың көгілдір көлін, Аватар ұшпа тауларын тамашалай алар едіңіз.
Фотосурет шебері жылдар бойы әлемнің ең әдемі жерлері мен алыс шалғайларын аралаған: ұшақпен Камчатканы; атақты Коряк, Авачин, Козел жанартауларын; Тынық мұхитындағы Қорым және Авачин шығанағын; Соловец аралдарын; Біріккен Араб Әмірлігінде әуе шарынан Аравия шөліндегі таңсәрі суреттерін де түсіріп алған. Жаяу жүріп Гималайды (Непал) сонымен қатар дельтапланнан Дхаулагири (8167 м), Анапурну (8091 м) және Фева көлі мен табиғаттың басқа да тамаша жерлерін таспалаған.
Көрменің ерекше бөлігін еліміздің көрікті жерлерінен жиналған «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстары құрайды. Онда автор, туған өлкесі мен Іле Алатауының әсем көріністерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалы, «Алтынемел» ұлттық қорығы, «Баянауыл» ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қаракөл, Қайыңды, Үлкен Алматы өзені, Бұқтырма су қоймасы, Каспий теңізі, Киын Керіш таулары, Маңғыстаудың ақ тауы, Шакелмес, Айғайқұм, Маңғышлақ, Үстірт шатқалы, Үшқоңыр жайлауы, Ақтолағай қырқасы таңбаланған тартымды фотожұмыстарын ұсынады.
Фотоларына қарап, неткен ғажап дүниелер екеніне таңдай қағасыз, неткен ғажап дүниелер...
Шынында да, бұл көрмеге фотосуретші, саяхатшы Таймас Нұртаевтың 150-ден аса фотосуреттері қойылып, көз жауын алардай жайнап тұр.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген Таймас Нұртаев