Дәстүр тірегі – тіл Тәуелсіздіктің Жетісу жеріне тартуының бірі – Тіл сарайы. Тіл сарайының ашылуы – тілімізді төрге шығарғанымыз, құдіретін арттырғанымыз деуге болады. Тіл сарайы Елбасының «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын жүзеге асыру бағдарламасымен өмірге келді. Сарайда заманауи технологиялармен жабдықталған 3 мемлекеттік тілді, 1 ағылшын тілі, 1 орыс тілін оқытатын кабинеттер жұмыс істейді. Талдықорғанға келген сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Үш тұғырлы тілді дамыту керек. Ол – уақыт талабы. Талдықорғандағы «Тіл сарайының» жұмысына көңілім толды», деп жоғары баға берген-ді. Бұл баға туған тілімізге деген ынта-ықыласты арттырумен қатар, алдағы қоғамдық-көпшілік жұмыстарға үлкен бағдар бергенін көреміз. Сән салтанаты жарасқан ғимаратта мемлекеттік тілді насихаттайтын ауқымды шаралар, өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығын арттыратын байқаулар мен кездесулер өткізіліп, руханият орталығына айналғанын айтуға болады. Тәуелсіздік мерейіне орай Қазақстан халқы тілдерінің айлығы аясында облыстық деңгейде жиырмадан астам шара ұйымдастырылыпты. «Тіл – татулық тірегі» – өзге ұлт өкілдері жастарының форумы, «Тілдарын-2011» олимпиадасы, «Асыл сөз» зияткерлік телебайқауы, «Қазақшаңыз қалай?» атты мемлекеттік тілді оқыту орталығының және «Айналайын» балалар үйінің ашық есік күні, ақын-жазушылардың басқосуы, жаңа кітаптардың тұсаукесері, пікірсайыс, жиындар – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашты. Облыс бойынша жоғарыда аталған байқауларда барлығы 412 үміткер бақ сынаса, түрлі шараларға 5000-ға жуық тіл жанашырлары мен өзге ұлт өкілдері қатыстырылған. Өңірде қазақ тілді мектептер мен балабақшалар саны жыл сайын өсіп келеді. Жалпы орта білім беретін мектептер саны 740 болса, оның 397-сі таза қазақ мектебі, 153 балабақшаның 82-сі қазақ балабақшасы. Биыл облыстағы 14 орталықтың 85 тобында мыңнан астам тыңдаушы мемлекеттік тілді оқыту курсын бітірді. Мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатысқан топтардың ұлттық құрамы әр алуан. Және 96 сағаттық бағдарлама бойынша 231 тыңдаушыға сертификат, 620 тыңдаушыға куәлік тапсырылған. Орталықта ағылшын тілін оқыту курсы бойынша жүздеген тыңдаушы тілді меңгерсе, оларға куәлік, сертификат тапсырылды. Орыс тілі курсында тілдік дағдыларын жетілдірумен бірге сертификат және куәлік алғандар қатары да өскен. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма алдағы кезде де мемлекеттік тілді оқыту стандарттарын жетілдіруге, мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткішін көтеруге, ономастика мәселесін біріздендіруге, көрнекі ақпаратты заң талаптарына сәйкестендіруге, сондай-ақ нәтижелердің тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін енгізуге бағытталған жұмыстарды алға қойып келеді. Өңірде қазақ тілін оқып-үйренуге, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге қажетті жағдайлар осылай өрістетілуде. Әр буынның өзі өмір сүрген кезеңдегі адамзатқа ортақ білім көздерінен сусындауы қажет десек, еуропалықтар ең кемі үш тіл үйренетін көрінеді. Біріншісі – ана тілі, екіншісі – ата-бабалар сөйлеген бағзы тіл, үшіншісі – әлемдегі дамыған елдердің бірінің тілі. Нәтижесінде ұлттық даму ойдағыдай қарқын алған. Адамзаттық интеллектуалдық ақпарат банкін өз тілінде қалыптастыруға күш салған ғылыми аударма жүйесі де қойылған. Тәуелсіз кемелденуімізді қамтамасыз ету үшін біздің де осы тәжірибеге жүгінгеніміз жөн. Себебі, ұлттық тілді жетілдірмей, ұлттық даму өрістей алмайтыны ақиқат. Өз Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру және оны жетілдіру жайына арнайы тоқталған Мемлекет басшысы 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгергендер саны 80 пайызға жетсе, 2020 жылы 95 пайыз отандастарымыздың мемлекеттік тілді меңгеретіндігін атап көрсетті. Осы ретте, алдағы он жыл ішінде мектеп бітірушілер мемлекеттік тілді 100 пайыз меңгерсе, орыс тілін және қазақстандық этнос өкілдерінің де тілдерін өз деңгейінде дамыту қажеттілігі алда тұр. Бұл тіл дәстүрін өрістетуге кең жол ашады. Өткеннің өнегесі Әлкей МАРҒҰЛАН. Ғұндар, үйсіндер, қаңлылар – өте ескі дәуірден Қазақстан сахарасын Отан етіп, онда көп жойқын қалалардың үйіндісін қалдырған елдер. Олардың жасаған қаласының іздері Жетісуда, Іле, Шу, Талас өзендерінің бойында, Қаратауда, Сырдария өлкесінде, Арал теңізінің жағасында өте жарқын түрде суреттеліп отырады... ...Ғұндардың ең сұлу дүниесінің бірі – алтынмен зерлеп жасаған әсем киімдері, әдемі өрнекпен кестелеген қамқа шапандар, алтынмен зерлеген биік телпектер (Есік, Қотанды). Мамық ішіктер, қымбатты көркем тондар, ешкінің тақыр терісінен тіккен кафтандар, кестеленген шалбарлар, көмкерілген кигіз байпақтар, жібек байпақтар, әдемі омыраушалар, тағы толып жатқан көп, мол дүниелер. Адольф ЯНУШКЕВИЧ. ...Айтыс басталды. Тылсым тыныштық қайтадан орнады. Олимп ойындарындағыдай-ақ екі ақын бір-бірімен сайысқа түсті. Бірі шумақпен атқылай бастаса, екіншісі дереу жауап қайтарады: біріншісі батыл шабуылдайды, екіншісі шебер қорғанады. Екеуі де қыза-қыза айтысты қатты шиеленістірді. Бұл бір аса қызық көрініс еді. ...Өзім ойға қалдым. Осының бәрін мен дүниежүзі тағы және жабайы санайтын далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Ал бүгін, оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады. Әуелбек ҚОҢЫРАТБАЕВ. Малдың төлі болса, адамның баласы бар. Оларды ойлы, тілді етіп, еңбекке баулу – халықтың үлкен қуанышынан саналған. Әйел бала туса, оған шілдехана жасаған. Шілдеханаға жастар жиналып, өлең айтқан. Шам қырық күнге дейін жанып тұрған. Жас бала өсе келе әжелерден ертегі, аңыз, жұмбақ, жаңылтпаш үйреніп, ойы мен тілін дамытқан. Ертегі, мақал, жұмбақ, жаңылтпаш білмеген, білгенін айта алмаған баланы «мылқау» деп, оған жұрт күліп қараған. «Ти десем тимейді, тиме десем тиеді» деген жұмбақ баланың тілін, әрбір дыбыстың қайдан шығатынын білдірсе, саусақтарға «бас бармақ, балалы үйрек, ортан терек, шүлдір шүмек, кішкене бөбек» деп ат қойғызу, баланы санға үйреткен. Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Қыз туса, үйге тұтқа болсын деп кіндігін от орнына көмеді. Ұл туса, түзге тұтқа болсын, елдің қорғаны болсын деп, кіндігін алты қырдан асырып тастайды. Жаңа туған нәрестені ауыздандырарда жеті жұрттың тілін білсін десе сауысқанның тілімен, күйші болсын десе домбыраның құлағымен, бай болсын десе қойдың құйрығымен ауыздандырады. Қаз басып жүре бастаған баланың тұсауын кесерде үш түрлі тілекпен кеседі. Бірінші, баланың тұқымы өсіп-өніп, шөптей көп болсын деп аяғын шөппен тұсап кеседі. Екінші, малды, майлы болсын деп, аяғын тоқ ішекпен тұсап кеседі. Үшінші, адал болсын, біреудің ала жібін аттамайтын шыншыл болсын деп, баланың аяғын ала жіппен тұсап кеседі. Құрманбай ТОЛЫБАЕВ. Отау – қазақ дәстүрі бойынша тұңғыш ер баланың үйленгеннен кейін өз алдына шаңырақ көтеріп, өз үйінің түтінін түтетуі, жеке қазан асуы. Қазақ өмірінде баласына отау тігіп, бөлек үй қып шығару – ата-ананың борышы саналады және жүзеге асқан адамдық арманы. Қазақ салты бойынша жеке отау тігіп, бөлек шығару – әкенің баласына арнайы енші бөліп беруін де қамтиды. Енші алып, жеке шаңырақ көтерген үй отау аталады. Үлкен үйдің балалары, ауыл-аймақ бұл үйді осылай атайды. Бұдан кейінгі балалары жеке отау тігіп жатса да осы тұңғыш отау өзінің үлкен отаулық қалпын сақтайды. Тағы бір ерекшелігі – үлкен үйден, яғни әке отырған үйден кейінгі беделді үй саналады. Сондықтан тұңғыш отаудың иесі өзінен кейінгі інілеріне үлгі көрсетіп, қамқорлық жасайды. Салт бойынша бұл да бірінші отаудың өтеуге тиісті міндеті. Қазақ өміріндегі бала өсіріп, тәрбиелеу ісінің мақсаты ұрпағының қызығын көрумен бағаланады. Отау – сол мақсаттың орындалуы. Тойлар өтті ішімдіксіз-ақ дүрілдеп Қостанайдағы сәулетті мейрамханаларда жұма сайын той өтіп жатады. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауылының тұрғыны Бақытбек пен жұбайы Сара да екінші ұлы Асланның үйлену тойын Қостанай қаласындағы салтанатты мейрамханада өткізді. Құда-жекжат, туыс-бауыр, дос-жаран – бәрі осында. Ән әуелеп, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырады. Жастар күйеу мен қалыңдықты ортаға алып, дөңгелене билеп кетеді. Күйеу мен қалыңдықтың той салтанатына киген киімінің өзі ерекше. Ерекшелігі –киімнің ұлттық нақышында. Жастардың той киімінен өте білікті дизайнердің қолтаңбасы көрініп тұр. Қалыңдықтың үстінде-етегін де, жағасын да, жеңін де желбезектеген ақ көйлек, белін қынаған қысқа камзол. Етегін аққудың түбітіндей үлпілдеген жасанды қауырсынмен көмкеріп, төбесі үкіленген сәукеле қалыңдықты ақ ботадай сүйкімді ете түскен. Табалдырық аттаған келіннің иығы төсіне дейін жартылай жалаңаш тұратын еуропалық үлгідегі ақ көйлекті Алматай келін киген мына киім әр қазақтың тойынан өзге үлгіні ығыстыратын түрі бар-ау. Қазақ қызының кәдімгі сахнадан көріп жүретін ұлттық киімін сол күйінше көшірмей, оның элементтерін ғана алып, нағыз той көйлегін жасаған дизайнердің шеберлігіне жас отауға тілегін ала келген әркім риза болып отырды. Дизайнер күйеу жігітті де қара костюм, ақ көйлек киетін қалыптасқан, қасаң үлгіден алып шығыпты. Ол киген ақ шалбар мен жеңін, қалтасының құлақшасын алтын жіппен оюлап зерлеген ақ сюртуктің, жағасы көрініп тұрған ақ жейденің жарасымы да көздің жауын алардай. Жас жұбайлардың сұлулығы да, сәні де көлдегі қос аққуды көз алдыңа әкелгендей. Дастархан түрлі тағамдардан майысып тұр. Бірақ графиндерге құйылған қымыз бен минералды сулар, жеміс шырындарынан басқа «ұзынды-қысқалы» шампан, коньяк, түрлі винолар мен арақ түрлері көзге көрінбейді. Дастарханға табақ-табақ ет тартылды, етпен бірге ақсақалдар жаққа бас кетті. Тойды қыздыратын асабаның орны тіпті бөлек. Аслан мен Алматайдың тойындағы асабалар Бақытбек Байғожин мен Төленді Әлғожин көпшілікті аузына қаратты. Әсіресе, Бақытбек Байғожиннің суырып салатын ақындығы да бар екен. Екі жасқа тілек айтқысы келгендердің барлығын әзіл-қалжыңы аралас бір ауыз өлеңмен таныстырды. Тойшы қауымның күлкіден езуі жиылмады. Тәрбие-тағылымы мол тілектер айтылды, ақсақалдар бата берді. Дастархан арасындағы үзілісте асабалар «Қыз алып қашу», «Сиқырлы тақия», «Ат қай кезде қалай кісінейді?» деген ойындар ойнатып, жұртты қыран-топан күлкіге батырды. Негізі ішімдіксіз той Қостанай өңірінде жиі өтетін болған. Бұл да Тәуелсіздік әкелген сананың жаңғыруы деп білеміз. Жас жұбайлардың той киімін ұлттық нақышта тіккізу де салтқа айналып кеткелі қашан. – Қалыңдық пен күйеудің той киіміне сұраныс көп түседі. Мен дизайнер ретінде олардың сәнін, стилін сызудың оңай емес екенін сезінемін. Өйткені, жастар өздерінің киімінің сәні қайталанғанын қаламайды, ерекше болғысы келеді, – дейді Қостанай қаласындағы «Ханым» сән ательесінің директоры, көптеген байқаулардың жүлдегері Татьяна Тайшықова. Міне, бұл да салтымыздағы жақсы көрініс екенінде дау жоқ. Ата дәстүр де салтанат құра береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
«ШЕРХАНТАНУ»: Ұрпақтар сабақтастығы
«Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығындағы Шерағаның мұрағатын ақтарып отырып, қолыма 1992 жылғы «Жалын» журналы түсті. Журнал беттерін парақтай отырып, Ә.Кекілбаевтың «Ақырып теңдік сұраған» атты мақаласын көзім шалды. Мақала соңында берілген Әбіш ағамыздың мына сөздері маған үлкен ой салды: «Неге екенін қайдам, оның даусын естісем болды, есіме Махамбет түседі: «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге бір иір бұтақ бітсейші, қыранға тұғыр қыларға?! Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, халықтың кегін қусайшы, артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға!». Ақырып теңдік сұрайтын сол «біреу» – осы біздің Шерхан Мұртаза бауырымыз ғой. Бар бол, батыр-екесі! Шал бол, Шер-ағасы!». Әбіш ағамыздың бұл мақаласы Шерағаның 60 жылдық мерейтойына байланысты жазылған екен. Ағамыз Шерағаға «шал бол!» деген тілекті шын пейілімен айтқандай. Қазақ мәдениетінің тойы тарқамасын, барша қазақ жұртын алдағы жылы үлкен дүбірлі той күтіп тұр. Қазақтың атпал азаматы сексеннің сеңгіріне шықпақшы. Тәубе! Кенен дарындарды зерттеп-зерделеу – үлкен міндет, сезіну – үлкен бақыт. Әсіресе, әдебиет айдынында талай тарихи зобалаңдардың куәсі болып, кез келген туындысын ішкі жан-тәнімен сезіне жазып, болашақ ұрпаққа мұра етіп отырған тарландарды зерделеу әр заман перзенттерінің еншісінде. Осындай үлкен зерттеу орталығы ретінде, Тараз қаласындағы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап өзінің жұмысын жүргізуде. Университеттің ұжымы және ректоры Қайрат Байжановтың ұйытқы болуымен ашылып, тұшымды еңбек жүргізіп отырған ғылыми-зерттеу орталығының жоспарлы түрде атқарып жатқан үрдісті жұмыстары бар. 2009 жылдың өзінде-ақ орталыққа Шерхан Мұртазаның біршама мұрағаттық дүниелері әкелінді. Халық жазушысының қолжазбалары сканерден өткізіліп, электронды нұсқалары сақталуда. Жазушымен байланыс орната отырып, шығармашылық лабораториясына қатысты мұрағаттық материалдар жинақталуда. Олар тақырыптық жүйеге келтіріліп, сұрыпталды. Сонымен қатар, жазушының фотогалереясы да дайындалу үстінде. Университетке жиі келіп, профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен жүздесіп, лекциялар оқып жүрген Шерхан Мұртазаның дауысы да арнайы кассеталарға жазылуда. Орталықта жазушының әр жылдардағы түрлі баспаларда жарық көрген шығармалар жинақтары да бар. Мұның бәрі кейінге қалдырар мұра. Ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – туған өлкеміздің түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау болып табылады. Ғылыми-зерттеу орталығының басты міндеттерінің бірі – жазушы Ш.Мұртазамен нақты байланыс орната отырып, оның шығармашылық зертханасына қатысты маңызды материалдарды жинастыру, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай қаламгермен әңгіме-сұхбаттар өткізіп, танымал туындыларының жазылу жайына, жазушылық еңбегіне, шеберлік-ізденіс жолдарына байланысты өзге де тың мәліметтер алу және оны уақтылы қағазға түсіріп, мұрағаттық құнды дереккөзіне айналдыру, екі жылда бір рет дәстүрлі республикалық «Шерхан Мұртаза оқуларын» өткізу. Осы арада «Қазақтың Шерағасы» атты жинақтың 2010 жылы «Тұран» баспасынан 1000 данамен жарыққа шыққанын да айта кетсек дейміз. Бұл кітапты студенттер, магистрлер арнаулы курстарда оқу құралы ретінде пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Қазақтың Шерағасы» жинағының 2 кітабы дайындалу үстінде. 2011 оқу жылының қараша айында ғылыми-зерттеу орталығында «Шераға» атындағы әдеби бірлестік Шерхан Мұртазаның өзінің қатысуымен салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Әдеби бірлестікке қаланың жиырмаға жуық мектептерінен, колледждері мен университеттерінен оқушылар мен студенттер мүшелікке кірді. Әдеби бірлестік отырысы айына бір рет, бекітілген жоспармен жүргізіліп келеді. Әрбір отырыста Шерхан Мұртазаның шығармашылығына байланысты зерттеу, талдау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, университет оқытушылары мектеп оқушыларын Шерхан шығармалары бойынша ғылыми жобалар жазуға дағдыландырып, қалалық, облыстық, республикалық айналымдарына дейін жеткізу көзделіп отыр. Сәбит БАУБЕКОВ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор. Өрмектегі өрнектер 1988 жылы Қазақ елі күллі түркі халықтарының жаңғыру мерекесі Наурызбен қайта қауышты. Осыған орай облыс орталығындағы мекеме-кәсіпорын ұжымдары киіз үй тігу тәжірибесімен тұңғыш рет беттесті. Ашығын айтқанда, олардың арасында аты бар да, заты жоқ сұрықсыз киіз үйлер көп болды. Соларды аралап, көңіліміз құлазыңқырап келе жатқан кезде сәні мен салтанаты келіскен, шебер қолдың іздері бірден байқалып тұрған киіз үйге тап болдық. Оны жабдықтаған сол кездегі Жымпиты ауданы, Жосалы совхозынан келген қолөнер шебері Дәмелі Құсайынқызы болып шықты. – Түсініп, ұғына білген адам ою-өрнектерде сыр тұнып тұрғанын бірден аңғарады. Мұнда халқымыздың өмір сүру дағдысы, күйініші мен сүйініші, ата кәсібі – мал өсіруге қатысты нақыштар, тіпті қажет десеңіз, алға қойған мақсат-мұраттары да сырын ішіне бүгіп тұрғандай әсер береді. Тек соны ішкі дүниеңмен, сезімтал жүрекпен терең түйсіне білсең болғаны. Менің ойымша, бұл өте бір сиқырлы әлем. Әлеміне бір еніп кетсең, қызығына қанбайсың. Ол сенің қиялыңды көкке қалықтатып, жігеріңді жаниды. Сөйтіп, күндіз-түні шарқ ұрасың. Іздегеніңді тапқан кезде бір ғаламат күй кешесің, – дейді Дәмелі Құсайынқызы. Күні бүгінге дейін Дәмелі Құсайынқызы қазақтың ұлттық ою-өрнектерін нақышына келтіре әрлеп, әдіптеп, бұрыннан қалыптасқан барлық үлгілер мен салт-дәстүрлерге сай етіп төрт киіз үй тігіпті. Мұның біріншісін Ақсай қаласындағы «Ақсайгазсервис» АҚ аттай қалап сатып алған болса, екіншісі соғыстан оралмай, өмір бойы аңсап күткен әкесіне және барлық соғыс ардагерлеріне арналған. Ал үшіншісін Дәмелі апамыз Елбасыға деп арнап тігіп, оның төріне өзі шығарған төмендегідей жыр шумағын кестемен өрнектеп жазыпты. «Әйтеке ме, Төле ме, Қазымысың, Халқың үшін арналды жазы-қысың. Күй толқыса кеудеде күмбірлеген, Нұрғисадай әуеннің сазымысың?!». Бұл Елбасын жалаң мақтау емес, сырлы көкіректен шыққан ғазиз сөз ғана осылай өрілер. Қолөнер шебері Сырым елінің атынан төртінші киіз үйді Қазақстанның халық жазушысы, бір ауылда қатар өскен құрдасы Қадыр Мырза Әлінің 75 жасқа толуына байланысты арнап тіккеніне өзіміз куә болдық. Бұл өткен 2010 жылдың қара күзі еді. Қадекең кешегі қатар өскен құрбысының, бүгінгі ақ жаулықты әженің өзіне деген ілтипатына, ең бастысы – қазақтың ұлттық қолөнерін XXI ғасырға жігін де, жымын да білдірмей жалғай білген жарасымды еңбегіне дән риза болды. Бұл поэзия патриархына қарапайым халық өкілі тарапынан көзі тірісінде көрсетілген ең соңғы құрметтердің бірі деуге болады. Қадыр ағамыз осы оқиғадан соң екі ай өткенде дүние салды. Дәмелі Құсайынқызы он бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Отағасы, марқұм Шапай Қажығалиевтің бабын тауып, қонақтарын күтіп, сонымен бірге өрмекпен де, өлеңмен де өрнектер тігу әйел затына аз іс емес. Соның бәріне қалай үлгеріп келдіңіз деген сауалға ол: «Мен соның бәрінен де үлкен ләззат, қанағат аламын. Қай-қай істі де жүрегімнің қалауымен орындаймын. Уақыттың жетпейтіні рас. Бірақ жүректің әмірімен істелген іс адамды ешуақытта шаршатпайды», деп жауап берді. «Менің қазіргі басты мақсатым, ұлттық қолөнеріміздің қадір-қасиетін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Бұл тұрғыда тек бір ауданда құрылған ісмерлік мектеп тым тарлық етеді деген ойдамын. Тек бір өңірде ғана емес, бүкіл еліміз бойынша ұмыт бола бастаған киіз үй тігу, оның барлық нақыштары мен ою-өрнектерін егемендік талаптарына сай жаңғыртып, түрлендіре түсу қажет. Тек сонда ғана халқымыздың ұлттық төл дәстүрінің өрісі кеңейе түседі», – деп түйін жасады Дәмелі Құсайынқызы. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы. Қыран баптаған жұртпыз Жер басып жүрген адамдар бірінің сөзін бірі сыйлай алмай жүргенде, аспанда ұшқан құстың тілін табу оңай ма? Ол үшін қара күш емес, терең ақыл, ойлы әдіс керек. Тілі жоқ демесең, құстың да ақыл-айласы осал соқпайды. Одан асып түсуің керек. Иә, оны баптау деген – құдіретті өнер. Қай іске де бап керек, әнші де, ақын да бап тілейді. Жүйрік аттың бабын келтіре алмасаң, бағын байлайсың, жабы қылып тынасың. Қыран құс та солай. «Бопамдап» отырып қыбын таппасаң, қыраның қарға болады. Бабын келтірсең, қасқыр алады, бұғы, маралға түседі, бабын келтірмесең, қоянға да жетпей қор болып, отырып қалады. Мұның бәрі мен шығарған тәлім емес. Ата-бабалардан қалған тәмсіл. Менің аталарымнан, әкемнен, нағашыларымнан естіген әңгімем – көл-дария. Білгір қария Жағда Бабалықұлымен де көп сырластым. Әкем Байжүніс пен нағашы атам Тоқтасынның құсбегілік туралы айтқан әңгімелері құлағымның түбінен әлі күнге дейін кетпейді. Қазақта аты аңызға айналған қыран баптаушылар көп болыпты. Солардың ішінде жалайыр Шораны, найман Тінейді ерекше атайды. Олар туралы ел аузында мынандай сөз бар «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» делінеді. Бұл кісілер құстың тілі білген, сөйлесе алған деседі аңыз-әңгімелерде. Кеңес заманы қазақтың осы қасиетінен айыра жаздады, бірақ біздің елдің үлкендері өмір бойы бірлі-жарым бүркітін қолынан түсірген емес. Тәубе, сол кеңестің шегесі босап, босағасы сықырлай бастағанда, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай құсбегілік дәстүр қайта жаңғырды. Алматының қақ ортасындағы стадионда «Сонар-89» деп аталатын тұңғыш бүркітшілер шеруі өтіп, жарыс ұйымдастырылды. Оған Сәрсенбек Дәулетбақұлы, Байжүніс Көдекұлы, Әбен Тоқтасынұлы, Молдажан Мәметұлы, Шәкен Ошанбайұлы, Айтбай Жетібайұлы, Әбілхақ Тұрдыбайұлы, тағы басқалар қатысты. Қырандардың қалқығанын, құйылып келіп түлкіге түскен сәтін көрген жұрт бір жасап қалды. Ұлтымыздың ұлы дәстүрі оралды деп ұрандатып жатты. Менің риза болатыным, біздің Сөгеті ауылында Бағдат деген қарындасымыздың ұйытқы болуымен «Қыран» федерациясы біраз жылдан бері жақсы жұмыс істеп келеді. Мүлік деген ініміз ауылымыздың қақ төрінен құсбегілік дәстүрге арнап мұражай ашты. Ондағы құндылықтар өзімізді қойып, алыс-жақын шет ел азаматтарының назарын өздеріне аударып, сан ғасырларды қамтитын жәдігерлер көз жауын алуда. Құсбегілік арқасында осыдан бір-екі жыл бұрын Ұлыбритания елінің астанасы Лондонға барып қайттым. Ол елдің азаматтары қыран құсымызға таңданыс білдіріп, мұражайымыздағы жәдігерлерді суретке түсіріп жатты. Бұл неткен керемет десті, айналып үйірілді. Тәуелсіздік ұлттық дәстүрдің түр-түрін қайта ортамызға әкелді. Соның бірі осы – құсбегілік. Менің алдымдағы үлкендердің көбі кетті. Біз олардан қалған үлгіні жалғастырып жатырмыз. Халқымыздың қыран ұстап қырда жүруінің өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Үйкүшік болмай сергек жүруге, табиғатты, ұлттың ұлағатын танып-білуде бұл дәстүрдің орны ерекше. Оны өзің біліп қана қоймай, кейінгіге сабақ етіп қалдыру парызың. Мен осы тұрғыдан келгенде, аталар жолын, бабалар кәсібін талапты жастарға жалықпай үйретемін. Бір ғана мысал, әкем құсбегілік дәстүрді маған сеніп тапсырып еді. Мен Бауыржан деген ұлыма бердім. Ол қазір Аян деген баласын баулып жүр. Біздің аталарымыз ұлттық дәстүрді осылай жалғастырған. Менің бір арманым бар. Тәуелсіз елдің құсбегілік өнерін бір кездері әлемдік биікке көтеріп, халықаралық дәрежедегі жарыс өткізіп жатсақ, қане! Сол жарыста қазақтың бүркітші ұлдары мен қыздары қыран салып, алдыңғы толқын төрешілік жасаса, төбеміз көкке бір жетер еді-ау! Сейітжан БАЙЖҮНІСҰЛЫ, бүркітші. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы. Киіз үйлер қоймада қалып қойған жоқ Сонау жетпісінші жылдардың соңы, сексенінші жылдардың басында Моңғолия деген елдің Ұланбатыр атты астанасында әскери борышты өтеген едік. Сонда жүк көлігінің қорабында келе жатып үлкен қала ішіндегі биік ғимараттардың ара-арасына «қоныстанған» киіз үйлерге таңғала қарайтынбыз. Таңғалатын себебіміз, ол кезде біздің Алматы, Шымкент, Қарағанды, т.б. үлкен қалаларымыздың төрі тұрмақ, шетіндегі шағын аудандардан да киіз үй тігіп отырған қазақты көрмейтінбіз. Көрсе, қала балалары, мұражайлардан ғана көретін. Өйткені, халқымыздың жаз жайлауға, күз қыстауға көшетін дәстүрі ұмытылып, киіз үй деген жәдігеріңіз ауылдағы құнтты үйлердің ғана ауласынан шошаятын. Өткен ғасырдың сексен бесінші жылынан бермен қарай «сең» бұзылды. Еліміз Наурыз атты төл мейрамымен сағыныса қауышты. Наурыз мейрамымен бірге қаланың ортасындағы алаңдарға, басты-басты деген көшелерге шағаладай аппақ киіз үйлер қаптай тігіліп, көздің жауын алатын болды. Оған өзге ұлт өкілдері ғана емес, сонымен бірге, ілгерідегі аталары «қалалық қазақ» атанып, олардың ана тілі мен салт-дәстүрін ұмыта бастаған ұрпақтары да қызыға, тамсана қарады. Одан кейін тоқсан бірінші жыл келді. Бодан ел бостан болды. Кеу-кеулеген жұрт, кеуделей келген нарықтық экономика... осы алағай да бұлағай кезеңде киіз үйде өзінің жығып, тігу, тез орын ауыстырып, көшіп-қону деген артықшылықтарымен халқына тағы да қол ұшын берді. Іске икемі бар ауыл қазақтары қала адамдары көп шоғырланатын жерге әп-сәтте киіз үй тігіп, саудасын қыздыра бастады. Міне, осы тұста ойы озық кейбір кәсіпкер азаматтар қаланың саябақтары мен көшенің көрнекті тұстарынан жер телімін алып, қазақы киіз үйдің сәулеттік нақышын негізге ала отырып «мини» мейрамханалар сала бастады. Олардың маңдайшаларына «Мирас», «Ақ отау» деген әшекейлі жазулар пайда болды. Бұлар кешегі ата-бабаларымыз көшіп-қонған алты қанат ақбоз үйдің жиырма бірінші ғасырдағы жаңғырған бейнесі еді. Сөйтсек, қазақ халқы барда оның киіз үйі де өмірін жалғастырып, өзгеріп, өркендеп, өсе бермек екен ғой. Киіз үй үлгісіндегі бұл шағын мейрамханалардың ішкі көріністері де сыртқы сән-салтанатына сай болып келеді. Төріне шығып, дастарқан мәзіріне үңілсеңіз, өзіңізді тура бір жайлауда ет жеп, сорпа ішіп отырғандай көңілді сезінесіз. Жазда салқын, қыста жылы. Келген, кеткен қонақ та разы, дәм-тұз ұсынған мейрамхана иесі де мәз. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенде айтайық дегеніміз, алдағы уақытта еліміздегі қалалардың көрнекті жерінен киіз үйдің үлгісімен осындай мейрамханалар мен дәмханалар көбейе түссе деген тілек. Оған қазақ кәсіпкерлерінің ақылы да, ақшасы да әбден жетсе керек. Тараз. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Сүлеймен МӘМЕТ.