Бес институционалды реформаны іске асыратын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы «Азаматтардың шешім қабылдау процестеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы белсене қатысуы керектігіне» (97 қадам) айрықша назар аударып, оның даму жолын үш кезеңге бөлген. 2016 жылдан басталған бірінші кезеңде бағдарламалық құжаттарды қабылдау, жергілікті өзін өзі басқару қауымдастықтарын дамыту қарастырылған. 2018 жылдан басталған екінші кезеңде әкімшілік-аумақтық бөліністердегі 2 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті мен коммуналдық меншік институтын енгізу көзделген.
Осы іс бойынша қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару туралы» Заңға сәйкес аудандық мәслихаттар (облыстық бағыныстағы қала) жергілікті жиналысқа сайланған қатысушыларды жергілікті қауымдастық жиналысының регламенті бойынша 4 жыл мерзімге бекітетін болған. Осыған байланысты біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, төмендегі сұрақтарға жауап беруін өтінген едік:
1. Облыстар бойынша жергілікті өзін өзі басқару қауымдастықтарын дамыту бойынша қандай бағдарламалық құжаттар қабылданды?
2. Бүгінгі таңда аймақтар бойынша 2 мыңнан артық тұрғыны бар қанша әкімшілік-аумақтық бірлік бар? Жергілікті қауымдастықтар жиналысының регламенттері жаппай бекітілді ме, олардағы қатысушыларының құрамы анықталды ма?
3. Жергілікті бюджеттерді қарастырғанда жергілікті қауымдастықтармен келісілді ме, оларды аудандық мәслихаттар бекітті ме?
4. Жергілікті қауымдастықтың әрқайсысының бюджетіне қанша қаражат бөлінді және олардың қайда жұмсалатындығы жоспарланды ма?
5. Жергілікті қауымдастықтың бюджетіне түсуге тиісті көлік және жер салықтарының жалпы көлемі қандай болды?
6. Жергілікті өзін өзі басқарудың коммуналдық меншігіне қанша нысан беру жоспарланған?
7. Жергілікті өзін өзі басқарудың дамуына орталықта және жергілікті жерде қандай мемлекеттік орган жауапты?
8. Олар өз жұмыстары жөнінде қандай мерзімде есеп беріп отырады?
Міне, осы сұрақтардың бәріне жуырда Үкіметтен толық жауап алдым. Онда Қазақстан Республикасының жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелеріне қатысты бағдарламалық құжаттар, жергілікті қоғамдастықтың регламенті, қоғамдастықтың бюджеті, «жергілікті өзін өзі басқарудың коммуналдық меншігіне» берілген нысандар, өзін өзі басқаруды дамытуды ұйымдастыратын орталықтағы және жергілікті жерлердегі жауапты мемлекеттік органдар, сондай-ақ осы жұмыстардың нәтижелері бойынша берілетін есептер туралы толық ақпарат беріліп, бізді қанағаттандырды.
Төлеубек МҰҚАШЕВ,
Сенат депутаты