Апта соңында Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры өтті. 5-турдың негізгі ойынында бітіспес қарсыластар – «Астана» мен «Қайрат» кездесті. Ал біріншілік басталғалы бері жеңіліс көрмеген «Ордабасы» сырт алаңда күтпеген жерден ойсырай ұтылды.
Қос команда да соңғы кезде нағыз бабында еді. «Астана» сырт алаңда «Ертісті» 6:1 есебімен жеңіп, айқын басымдық көрсетті. Ал «Қайрат» Оралдың «Ақжайығын» ірі есеппен ұтты – 3:0. Суперкубок ойынында елордалықтар алматылық қонақтарды 3:0 есебімен жеңген еді. Араға ай салып қос ұжым қайта кездесіп, терезесі тең ойын көрсетті. Қазақстан премьер-лигасында хет-трик жасаған ең жас ойыншы Бахтиер Зайнутдинов бұл жолы да көзге түсті. Марин Томасовтың пасын баспен қақпаға дәл бағыттаған жартылай қорғаушы есеп ашты. Алайда 20 минуттан соң Бауыржан Исламханның орнына алаңға алмасып кірген Андрей Аршавин кіре сала таразы басын теңестірді. Одан кейін де бірлі-жарым гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен, футболшылар қақпадан қиыс кетіп жатты. Қос лидердің тең тарқасқаны «Ордабасы» үшін жақсы жаңалық еді. Бірақ шымкенттіктер «Ақжайықтан» жеңіліп қалды.
«Ақжайық» алғашқы шабуылдарының бірінде есеп ашып, қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланып кетті – Иван Антипов комдасын алға шығарды. Қазақстан жастар құрамасының ойыншысын Абдуллай Диакате шалып жығып, өз қақпасына пенальти алып келді. Айып добын Еркебұлан Нұрғалиев дәл орындап, есепті еселей түсті. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, бас төреші қақтығыстардың бірінде «Ордабасы» ойыншысы Спахияны алаңнан қуды. 10 ойыншымен қалған шымкенттіктер бір гол соққанымен, алаң иелері тағы 2 гол салып, қорытынды нәтиже 4:1 есебін тіркеді.
«Астана» мен «Қайрат» ұпай бөлісіп, «Ордабасы» жеңіліп қалған сәттен пайда шығарған жалғыз клуб бар. Ол – Қостанайдың «Тобылы». Сырт алаңда «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңіп кеткен Владимир Никитенко шәкірттері 12 ұпаймен турнир кестесінің 2-сатысына көтерілді. Өткен турда «Атырау» қақпасына 2 гол соққан Антон Шиндер біріншіліктегі кезекті голына қол жеткізді. Украиналық қорғаушы қазір мергендер қатарында жүр.
Премьер-лигаға араға 9 жыл салып қайта оралған Петропавл қаласының «Қызылжар» командасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Олар өз алаңында «Жетісуды» Братислав Пуношевацтың соққан жалғыз голының арқасында жеңіп кетті. Сербиялық шабуылшы да биыл 3 гол соғып үлгерді.
Чемпионат басталғалы бері жеңіс дегеннің не екенін білмей келе жатқан «Қайсар» бұл жолы да «Ертіспен» тең ойнады. Сонымен қатар «Атырау» мен «Шахтер» арасындағы ойында да гол соғылған жоқ.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»