Алматыда 13-18 сәуір аралығына жоспарланған ІІІ Халықаралық экономика, қаржы және энергия конгресі өз жұмысын бастады.
Еске сала кетсек, EFE – Халықаралық экономика, қаржы және энергия конгресі 2014 жылы басталған болатын. 2016 жылы күллі әлемнің білімді де білікті сарапшылары Қазақстанға жиналып, ғаламдық экономиканың түйткілді мәселелерін талқыға салған-тын. Айтулы жиында Еуразия әлеміндегі елеулі мәселелер ортаға тасталып, осы саладағы белгілі ғалымдар оның шешімін тарқатқан еді. Екі жылда бір рет өтетін конгрестің биылғы тақырыбы «Нақты және қаржы секторындағы геосаяси өзгерістерді түсіну» деп аталады. Конгрестің мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен сарапшыларды Еуразия аумағындағы дамушы елдердің нақты және қаржы секторларындағы геосаяси өзгерістер және оның қаржы секторына әсерін зерттеп, ой-пікір алмасуға шақыру. Себебі кәсіби сарапшылар мен ғалымдар өз тәжірибесін, көзқарастарын бөлісу және ортақ мәмілеге келу үшін арнайы алаң құруды көздейді.
Конгреске жиналған ғалымдар энергетикалық саясат және жаһандық даму, Еуразиядағы энергетикалық саясат, дамушы елдердің нарық экономикасы, қаржы нарықтарындағы бәсекелестік пен реттеу, дамушы елдердің экономикалық және қаржылық кемшіліктері, орталық банктердегі және ақша-несие саясатындағы қиындықтар, геосаяси өзгерістер мен дамушы нарықтардың ықпалы секілді маңызды мәселелерді секторлық кеңестер арқылы талқыламақ.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»