Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиевтің жетекшілігімен өткен комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Жиында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев баяндама жасап, заң жобасына енгізілген өзгерістер мен олардың маңыздылығы жөнінде мәлімет берді.
Заң жобасы Қазақстан Президентінің «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығына сәйкес құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстарын іске асыруға бағытталған. Осы арада ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға, сондай-ақ оны шетелдіктерге беруге тыйым салу «Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» 2016 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленгенін атап өту керек.
Бұл құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, жалға берілетін жердің шекті мөлшерін белгілеу, шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту, тұрғындардың жайылым алқаптарына қажеттілігін қамтамасыз ету қамтылған.
– 2016 жылы жер мәселесіне байланысты қоғамда қызу талқылаулардың жүргендігі белгілі. Нәтижесінде Елбасы аталған заңның кейбір нормаларына 2021 жылдың желтоқсанына дейінгі мерзімөге мораторий жариялап, Үкімет Қаулысына сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, белсенділер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден құралған 75 адам кірді. Аталған комиссия жер мәселелеріне байланысты туындаған сауалдар бойынша Астана қаласында 5 мәжіліс өткізді, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарында жергілікті халықпен кездесіп, өтініштері мен сауалдарын жинақтады. Сондай-ақ жерге байланысты заңнамаларды халыққа түсіндіру жұмыстары үшін ашылған 16 Call-орталыққа 13 мыңнан аса сауал мен ұсыныстар түсті, – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.
Е.Нысанбаев атап өткендей, заң жобасында халық та, комиссия мүшелері де қолдау білдірген жерді 49 жылға жалға беру институтын сақтап қалу, жерді жалға беруде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, қазақстандықтарға жалға беруде жердің шекті мөлшерін белгілеу, конкурстарға қатысушыларға тең құқықтық мүмкіндіктер беру тәрізді маңызды мәселелер ескерілген.
Қолданыстағы заңда жердің мөлшеріне шектеу тек жекеменшікке сатылатын аумақтар мен шетелдіктерге байланысты баптарда ғана бар еді. Ендігі өзгеріс көлемді жер телімдерінің бір қолға өтіп кетпеуінің алдын алады.
Сонымен қатар мүдделі тараптардың ұсыныстары негізінде шекараға жақын учаскелерді беру тәртібі де күшейтілген. Қазіргі нормада алдымен ұлттық қауіпсіздігімізге тәуекелді қауіпті күшейтетін бұл мәселе де ерекше көрсетілген.
Ал қорасындағы азын-аулақ малға жайылым таппай отырған ағайынның көңілі жайланатын уақыт та жақын сияқты. Өйткені құжатта ауыл-аймақ аумағынан жайылымға қажет жерлерді мемлекеттік қажеттілік есебінде қайтарып алуға мүмкіндік туғалы отыр.
Заң жобасымен 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 104 млн гектар жер қолданыста, соның 1 млн 300 мың гектары жеке меншікте, ал қалғаны жалға берілген.
Аталған ұсыныстар Мәжілісте қаралғаны, бір жылдай уақытта қоғам арасында да қызу талқыға түскені белгілі. Енді Сенат заң жобасын көп кідіртпестен жалпы отырыста талқылауға кіріседі.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»