• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2018

Көгілдір отын Қарағанды облысының 119 елді мекеніне жетеді

266 рет
көрсетілді

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен жиында «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы» жобасын әзір­леушілер ұсынған негізгі техникалық шешім­дер талқыланды. Газ магистралінің басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтетін­діктен, бүгінде аймақтағы бірқатар мәселелер шешімін тауып жатыр.

 – Қазіргі таңда «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы» жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, мемлекет­тік сараптаманың оң қорытындысы алын­ды. Сондай-ақ жобалау-сметалық құжат­тамаларды әзірлеу аяқталу кезеңіне жақын­дады, – деп мәлімдеді «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының орынбасары Серікқали Брекешев.

«ҚазТрансГаз» АҚ жобаның тапсырыс берушісі болып табылады, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуші ретінде «КАТЭК» ЖШС консорциумы таңдалған. Негізгі техникалық шешімдерді жиналыс барысында жобалау ұйымының бас директоры Құндыз Нұпов таныстырды.

Нақтыланған мәліметтер бойынша, магистральды газ құбырының Астанаға дейінгі ұзындығы 1063 шақырымды құрайды, оның 764-і Қарағанды облысына тиесілі.

– Жер мәселелеріне, инфрақұрылымға қатысты негізгі жұмыс Қарағанды облысымен байланысты болады, – деп атап өтті баяндамашы. – Құрылыс екі кезек бойынша жүргізіледі. Біріншісі Астанаға газ берумен аяқталады. Ол жұмыстардың ішіне құбырларды төсеу және газбен қамту жүйесін салу кіреді. Бірінші кезек 2018-2019 жылдарды қамтыса, құрылыстың екінші кезегі 2019-2020 жылдарға деп жоспарланған.

Бірінші кезектің құны 264,4 млрд теңгені құрайды. Газ құбырының бірегейлігі – оның 100 атмосфера қысымға шыдай алатын­дығында.

– Автоматтандырылған газ тарату стансалары Қарағанды облысының үш қаласында – Жезқазған, Қарағанды және Теміртауда орналасатын болады. Сонымен қатар аудандарға арналған әлеуетті АГТС-ке қажетті 5 бұрма болады, оларды дайын болуына қарай іске қосып отырады, – деді Құндыз Нұпов. – Газбен Қарағанды облысының 119 елді мекені қамтылатын болады.

Аймақ экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тиімділікке ие болады, деп атап өтті ол. Есептеулер бойынша, жыл сайынғы инвестициялар 10-15 млрд теңгеге дейін жетеді. Газ құбырын салуда пайдаланылатын құрылыс материалдарын шығаратын қарағандылық кәсіпорындар таңдалып жатыр. Жобаны жүзеге асыру қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етеді: 2000-ға дейін адам құрылыс кезінде жұмысқа тартылады. Сонымен қатар 1000-ға жуық жұмыскер газ құбырының қызмет етуін қамтамасыз ету үшін қажет болады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов қарамағын­дағы қызметкерлерге жедел түрде және барынша жауапкершілікпен жобалаушылармен бірлесіп, туындаған мәселелерді дер уағында шешіп отыруды тапсырды.

– Газ құбырының құрылысы – Елбасының бес әлеуметтік бастамаларының бірі. Бұл ауқымды жұмыс. Бұл жобаны біздің тұрғын­дар, кәсіпкерлеріміз тағатсыздана күтті. Газ – ол біздің аймағымыздың әлеумет­тік-экономикалық дамуындағы жаңа құрал. Бұл жобаны жүзеге асыру тұрғындардың өмір сапасын жоғарылатуға жол ашады, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы сонымен қатар жобаның жүзеге асырылуына қатысты мәселелерді ұдайы бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»