Кезінде, атағы алысқа кеткен тас көмірінің арқасында қанатын кеңге жайып, «Одақтың үшінші көмір бассейні» есебінде өзгелерге төбеден қараған қала еді бұл. Қарагөзі аз болған соң, билеп-төстеп келгендердің түкіргені түйме алтын, қақырғаны құйма алтын болғаны да рас-тын. Содан да болар, елдігімізге сын болса да, ұлттық мүдде тұрғысында есеміз жиі кетіп жүретін...
Әлихан рухы әлі оралады
Құдайға тәубе, есімізді енді жиып, жоғым қайда деп қарманып жатқан жайымыз бар. Дегенмен, жас күнінде таяқты талай жеген баладай бойымызда жасқаншақтықтың синдромы сақталып қалғандай болады да тұрады. Ұлттық мүдде дегенде анда-санда ақырып теңдік сұрағандай айғай салып қоятын қоғам белсенділері, ұлтшыл азаматтар болмаса, басқамыз әлі де болса басқа ұрған танадай мең-зең күйде жүргендейміз. Тәуелсіздіктің таңы атқалы ширек ғасыр болса да, сонау отарлау заманынан басталып, күні кешегі кеңес кезеңін түгел қамтыған тоңның көбесі әлі сөгіле қоймаған екен. Оған Қарағандының құлаққа түрпідей тиетін көше атауларын қазақыландыру, бүгінгі мемлекеттік идеологияға сай етіп қайта атау саясатына өре түрегеліп, қарсы болған «ағайындарды» көргенде, көзіміз анық жете түсті.
Әкімдерді де түсінуге болады. Елбасының «Бұл мәселеде тізеге салуға болмайды, мұны байыппен қарап, ақылмен шешіңдер» деген тапсырмасы бар. Өзі де өткірдің жүзіндей қылпылдап тұрған мәселе болған соң, атқамінерлер көбіне бұл түйткілді орағытып өтуге тырысатыны рас. Өйтпегенде ше, елдің бірлігі мен тұтастығы сынға түскен мына заманда жеті рет өлшеп, бір рет кеспесең тағы болмайды...
Осыдан біраз бұрын ел алдында есеп берген облыс әкімі Ерлан Қошановтың да алдынан «Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі қашан беріледі?» деген сұрақ кесе-көлденең шыққан болатын. Сірә, өңір басшысы мұндай сұрақтың қойылатынын алдын ала білсе керек, шаршы топтың алдында мүдірмеді. Ұтымды жауап беріп, тығырықтан абыроймен шыққан. «Әлихан Бөкейхановтың кезінде «Қазақ» газетіне «Халқына қалтқысыз қызмет еткен, еңбегі сіңген тұлғаның есімі қағазда емес, жүрек түкпірінде сақталуы тиіс», деп жазғанын оқығаным бар еді. Олай болса, Әлихан Бөкейхановтың есімі біздің жүрегіміздің түбінде сақтаулы, ал жүректің түкпіріндегі нәрсе қағазға түбінде түседі», деген болатын облыс әкімі.
Солайы солай-ау. Дегенмен, бұл мәселенің ерте ме, кеш пе алдымыздан әлі талай андағайлап шығарын әкім де, әлеумет те жақсы біледі деген ойдамыз. Олай болса, жасампаз бірлігімізге иненің жасуындай кінәрат келтірмейтін жолды табу қажеттілігі туындап тұр. Оның қандай болмағы уақыттың еншісінде. Тек, сол жолдың діттеген мақсатқа «Келісім» деген көшемен жүріп барып жеткізгені біздер үшін үлкен олжа болар еді.
16 көшенің жыры
Таяуда кеншілер астанасында қаладағы 16 көшенің атауын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Бұл шараның өтуіне Қарағанды қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері мен депутаттар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болды.
Бұл жолы талқылау өткен зал ұлтжанды азаматтарға, қоғам белсенділеріне толы болды. Олардың екпіні де тау құлатарлықтай еді. Қарсы топтың – қаланың қалтарыстағы көшелерінің ескі-құсқы атауларын қызғыштай қорғап жүргендердің де қарасы біршама болып шықты.
Талқыға түскен 16 көшенің алтауы Қазыбек би ауданына, 10-ы Октябрь ауданына тиесілі. Естіген құлақта жазық жоқ, бұл көшелердің атауы «Апама жездем сай» демекші, бірінен-бірі өтеді: 3-я Кочегарка, Насыпная, Отвальная, Паровозная, Пахотная, Батарейная, Болотная, Коминтерн, Мануфактурная, Пионерская, Рабкоровская, Совхозная, Социалистическая, Торпедная, Портовская, Пикетная... сияқты болып жалғаса береді.
Айтып айтпай не керек, күні өткен, тозығы жеткен дәл осындай атауларды өңеші жыртылғанша айғайлап, қорғаштағандар табылды. Қарап тұрсаң, бұлар өздеріне шаң жуытпайды. «Қалада бұдан басқа проблема құрып қалып па?», «Ақшаны желге шашып керегі не?», деп алып, ескі атаулардың өзгеруіне табандап тұрып қарсы болды. Рас, бүгінде бізде бүтінделу кезегін күтіп тұрған кем-кетік көп. Халықтың ақшасы болған соң, бюджеттің әрбір тиыны да есепте тұруы керек. Әлбетте, бұл уәждермен келіспеске болмас. Тек, мәселе осыған ғана тіреліп тұр ма?
Қоғам белсенділері Айтқожа Фазыл, Жексен Әбдірахманов бастаған қарсы тараптың да уәжі бұлтартпас дәлелге толы болды. Сау адамның ащы күлкісін келтіретін, келмеске кеткен кеңес заманының шашбауын көтерген атаулардың күні өткенін, оның орнын ел мен жерді қасық қаны қалғанша қорғаған батырлардың, атақты ақын-жазушылар мен ғарышкерлердің есімдері басу керектігін жеріне жеткізе айтты. Мысалы, Айтқожа Фазыл өзінің қашанда шындықты бетке айтатын мінезіне салып былай деді: «Әр дәуірдің, әр халықтың өз батыры болады. Мәселен, большевиктер билікке келгенде, екі жыл ішінде бүкіл Ресейдегі атауларды өзгертті. 90-жылдары демократтардың қолы билікке тигенде, бір ғана Мәскеуде 600 көшенің атауын ауыстырып тастады. Жалпы, мен биліктің мұнысын түсінбеймін: көше атауларын өзгертуді неге өркениетті елдердегідей жоғарыдан бұйрық арқылы іске асырмайды. Қоғамдық талқылау дегеннің өзі – халықты қазақ және орыстілділер деп екіге бөлу. Республиканың аты «Қазақстан» болғаннан кейін аудан, көше және өзге нысандардың атаулары түгелдей Қазақстанға сәйкес келуі керек».
Шатохина шындықты айтты
Жалпы, көше және елді мекен атауларын өзгерткенде, белгілі бір іс-қимыл тәртібіне бағынуға тура келеді. Бірінші кезекте міндетті түрде тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілуі тиіс. Одан кейін жергілікті мәслихаттың депутаттары тиісті шешім қабылдайды. Бұл біткен соң, материалдың бәрі құжаттар жиынтығын даярлау үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына жөнелтіледі. Ал ақырғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия айтады.
Таяу арада Қарағандыдағы «Күнгей», «Панель-орталық» және «Оазис» сияқты жаңа шағын аудандар жаңа атауларға ие болмақ. Былтыр республикалық ономастикалық комиссия қарағандылықтардың ұсынысын қарап, «Таугүл», «Күнгей» және «Шапағат» атауларын мақұлдаған болатын. Сәтін салса, енді «Панель-орталық» мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің есімін иеленеді. «Таугүл» шағын ауданындағы бірінші көше белгілі ғалым Жантөре Әбішевтің есімімен аталатын болады. Ал Қарағандының №41 орта мектебіне Ахмет Байтұрсыновтың аты берілмекші.
Осы жерде Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохинаның мына пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. «Менің принципті позициям – өзгертуден қорқудың қажеті жоқ, – деді аудан басшысы. – Көптеген ұйымдардың, басқа да сандаған бағыттардың атаулары өзгеріп жатыр, олар жаңа тыныс алып, жаңа өмірді бастады. Қазір біздің орыстілді тұрғындар бұл өзгертулерден қорқады. Қорқудың қажеті жоқ, біз Қазақстанда тұрамыз. Біз бұл өлкенің тарихын, Отанымыздың тарихын білуіміз керек. Қарап тұрсаңыз, қазір бұл өзгертулер кеңес уақытындағыдай жоғарыдан келген нұсқаумен шешіліп жатқан жоқ. Тұрғындар шақырылып, жария тыңдалымдар өтіп, яғни бәрі де демократиялық жолмен шешілуде. Өзімнің жеке пікірімді айтқым келеді – Насыпная, Болотная деген көшелерде қалай тұруға болады? Әрине, үйреншікті емес, дегенмен уақыт алға жылжып барады және біз тарихымызды білуіміз керек. Атауларды өзгерткеннен мен тек қана позитивті факторды көремін».
Әлбетте, бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Ал облыстық ономастикалық комиссияның 1993 жылдан бергі мүшесі, ардагер журналист Аман Жанғожин ортаға салған мына пікірдің де өмір сүруге құқы бар деп ойлаймыз: «Жаңа заман болған соң көше атаулары да жаңаша болғанын қалаймыз. Бірақ осылай екен деп атауларды жаппай өзгерту мәдениеттілікке жатпайды. Тіпті тарихқа қиянат дер едім. Мысалы, өткен дәуірдің ескерткіші сияқты болып қалған «3-я кочегарка», «Социалистическая», «Коминтерн» сияқты атаулар тұра берсе де жарар еді. Өйткені қазіргі жастар арасында осы сөздердің мағынасын білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. «Маркс, Энгельс деген екі кісі екен ғой», деген анекдот шыққан кезінде. Бұл көшелерге жаңа атау береміз деген жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылы да жел диірменмен айқасқан Дон Кихотты еске түсіреді. Аталған 16 көшенің барлығы да қаланың ескі бөлігінде: ескірген көше, кетеуі кеткен үйлер. Енді бес-алты жылдан кейін ол жақта ешкім тұрмайтын болады. Қарағандының ерекшелігі сол, «Ескі қаланың» астынан баяғы екпінді бесжылдықтар кезінде мыңдаған тонна көмір үңгілеп алынып, жылдар өткеннен соң үсті отырады. Қазір шаһардың ескі бөлігінде көлшіктер мен ойпаңдар қалды... Сондықтан тілдерді дамыту басқармасы мен ономастикалық комиссия қаланың орталық бөліктерінде орналасқан немесе жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандардың көшелері мен алаңдарына заман талабына сай атау беру бағытын ұстанып отыр. Көше атауы да тәрбие құралы болуы тиіс».
«Таң атпайын десе де, күн қоймайды»
Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс», дегенді айтты. Мұны елімізде тату-тәтті тұратын талай ұлт пен ұлыстың баласы мемлекеттің тұтқасы болып табылатын қазақ халқына, оның арман-тілектеріне де құрметпен қарау деп түсінсе, мән-мағынасы тіпті де байи түсер еді-ау.
Иә, «Таң атпайын десе де, күн қоймайды» демекші, бүгін болмаса, ертең тарихи әділет салтанат құрып, Әлиханның есімі де төрге шығар. Ел ардақ тұтқан басқа да игі жақсыларымыздың аты-жөні біз тілеген биіктерден орын табар. Тек, бұл істе өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай алып шығар жол керек. Дәу де болса, оның аты – сабырдың саясаты болар. Дегенмен, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзін есте ұстаған абзал. «Шыдамдылық, төзімділік керек-ақ. Бірақ өмір қысқа ғой», деген екен заманымыздың заңғар жазушысы.
ҚАЙРАТ ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ