Адам баласы өресі биік интеллектуалдық деңгейге көтерілсе де, әлі күнге дейін төрткүл дүние соғыс өртіне тұншығып жатыр. Сириядағы мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған жанды босқынға айналдырған соғыстың бір сәтке де тыншитын түрі жоқ. Осыдан дәл қырық жыл бұрын басталған Ауғанстандағы соғыс он жылға созылған еді.
Ауған соғысының ардагері, журналист-ғалым Біржан Белғара өзінің көзі тірісінде Ауған соғысы тақырыбына «Үзілмеген үміт әні», «Ауғанда атам үшін соғысқаным жоқ немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» және басқа да проблемалық мақалалар, «Жетпіс жетінші жылғы жесір», «Ақ өлім» атты әңгімелер жазып қалдырған еді. Біз төменде Ауған соғысы ардагері Біржан Белғара жазған мақалаларының бірін жеке архивінен алып оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Бұл кезде ол әлі ұрысқа түскен жоқ-тұғын. Ашхабадта өткізген алты айдан кейін, Ауғанстан жеріне алғаш аяқ басқан кезі. Кіші сержант шенінде болғанымен, ол кезде жауапты тапсырмаға немесе операцияларға араласа қоймаған. Соғыс деген сұмдықты сәт сайын сезіне түскенімен, барлық өзіне-өзі сенімді жас секілді «өлім» дегенді ойламайтын. «Басқа-басқа, дәл менің неге өлуім керек? Ол мүмкін емес шығар» деген соқыр сенім бе, жоқ, әлде көзсіз көкіректік пе, әйтеуір, осы бір адами сезім Мәлікте де болған. Бұған өлім деген өте бір алыста сияқты көрінетін. Бірақ бақса қаза дегені дәл қасында екен...
Сол күні, түс әлетінде, далалық асхана маңында бір топ жауынгермен бірге Мәлік те жүрді. Көрінген нәрседен күдіктене бермейтін кісілік сенгіштік пе, әйтеуір араларында ойнап жүрген кішкене балаға ешкім назар аудармаған. Бір кезде әлгі бала анандай жерде жатқан консерві қалбырын теуіп қалды. Іле гүрс еткен дауысқа қосыла бұрқ етіп қою шаң көтерілді. Шуда шаң сейілгенде көргендері қып-қызыл етке айналып, адам жаны түршігерлік күйге ұшыраған мәйіт қана болды. Жауынгерлердің жүзін қорқыныштан гөрі, әлдебір ауыр зіл жапқан. Кім біледі, әлгі қалбырды бұлардың да біреуі теуіп қалуы мүмкін еді-ау. Жас сәбидің денесін көтеріп алмақ болғанда, Мәліктің көзі шарасынан шығып, кенересі кеңейіп, не болғанын түсінбей қалған. Жүрегі жүрісінен жаңылғандай қатты-қатты соғып кетсе де, батылдық жасап, өлі денені жерден көтере берді. «Кұдай-ау, саған мұндай құрбандық неге керек болды. Жер бетінде күнәден жүзі қара болған күнәһар пенде аз ба еді? Жас сәбидің не жазығы бар? Кім үшін... Кім үшін...». Жан дүниесі төңкеріліп түсті. Мүмкін, сол сәтте болар, ажал аяқ астынан екенін сезгені...
Дұшмандардың соңғы әрекет жасамаққа жанталасып жатқан кезі. «Ауғанстаннан бірде-бір кеңес солдаты тірі шықпасын» деген бұйрық та оларға бекер берілмеген-ді. Мәліктің взводы батальон құрамында Гератқа бет алды. Гератты бір-екі рет көргені бар. Көне қала өте көрікті. Атам заманғы аламан ескерткіштерге қоса, мұндағы Науаи мавзолейінің өзі сан жылдардың сырын шертетіндей. Міне, осы Гераттың маңында дұшмандардың Тұран Исмаил басқарған бандасы кеңес жауынгерлері мен бейбіт тұрғындарға көп қауіп туғызған. Исмаилдың 5 мыңға жуық тұрақты армиясы бар. Жанын алмасаң, жығылмайтынның өзі. Бұл операция «Гранит» деп, шартты түрде аталып, үш айға дейін созылған. Ауыр айқастан әлсіреген екі жақ та өлім үшін емес, өмір үшін арпалысты. Қанша кісінің қаны төгілгені бір Аллаға аян. Сол соғыста көп нәрсеге қанықты. Қауіп қайдан екенін де қалт жібермейтін халге жетті.
Бірде Шиндандқа шұғыл тапсырмамен Мәлік Ғабдуллиннің полкін жіберді. Жол бойы жау жасырынар жасыл алқапқа жіті қарап келеді. Әдетте БТР-дің люгін ашып, үстіне шығып отыратын. Мұның бір жақсысы жан-жағына қарағанға ыңғайлы, әрі машина минаға тап болса бір жаққа сырғып кетесің. Ал ең жаманы ішінде отырғандарға. Кенет оң қапталдан гранатометпен атқылай бастады. Бұл жай «шығарып салу» емес, шын жойып жіберуді көздеген шабуыл еді. Әп-сәтте бұрқ-бұрқ ете қалған жарылыстан ес жия алмай не істерін білмей абдырап қалған. Жақын маңнан атқан гранатомет оғы дәл тисе күліңнің қайда қалғанын білмей қаласың. БТР үстінде отырғаны оңтайынан келді. Секіріп түсті де, қауіп белгісі – қызыл ракетаны аспанға атып үлгерді. Жүгіріп арыққа жетіп құлап, артына қарағанда көргені отқа оранған машина еді. Өз машиналары. Әлгінде ғана осының үстінде келе жатқан. Қаруластары шыға алмай қалған болар деп ойлап, бармағын тістелей берді. Бұл кезде егер машина ішінде біреу болған күннің өзінде де оған көмек беруге тым кеш қалған еді. А-а-й... Ішін ышқына тартты.
Жасыл алқапқа қарай оқты жаудыра берді. Көз алдына БТР ішінде өртеніп жатқан жолдастары келгендей. Қан шықпаған улы дене қып-қызыл болып шыжылдап шыжғырылып бара жатқандай. Лоқсып жіберді. Көзінің қарауытқанына қарамай қарсы бетке ата берді. Ең жаманы да осы. Кімді атып жатқаныңды білмейсің. Бірақ әйтеуір үнсіз жатпауың керек. Әдеттегідей бұл атыс та ұзаққа созылған жоқ. Ес жиғанда ғана жолдастарының БТР-дан шығып үлгергенін, олардың да, арық тасалап аман қалғанын көрді. Ух, құшақтасып көріскенде көзінен жас та шығып кеткен еді. Қуаныш жасы бетін айғыздаған күйі жолға түсті. Бұл жолы да құдай сақтады. Бұдан кейін қаншама рет ұрыс болды. Осылай ұрыстан ұрысқа кіріп жүріп, талай нәрсені көрсеткен 87-нің қысы да түсті. Бұл кезде ауғандықтар арасында тату тіршілік кешуге шарт жасасып, өзара бейбіт кезең басталған. Ал кеңес әскерлеріне қарсы оқ шығармауға бұйрық берілген. Тек ерекше жағдайда ғана қорғаныс қажеті үшін ұрыс жүргізуге болады. Әрине біздің тілегеніміз де, сол бейбітшілік емес пе? Әйтсе де...
Сол бір сәтсіз күні бұларды тау ішіндегі байланыс нүктесіне қорғанысты күшейтуге арнайы аттандырды. Әлденеге алаңдай берген. Алайда бұйрықтың аты бұйрық. Нүктеде жиі байланыс арқылы орталықпен хабарласып тұрады. Екі күн бойы төңірек тып-тыныш тылсым күйге бөленіп тұрды. Үшінші күні таң ата бұлар бекінген бекіністі дұшмандар ірі калибрлі пулеметпен, гранатометпен атқылай бастады. Дабыл қағылғанда-ақ әрқайсысы өз орнына ұмтылған. Сәтін аңдып, қылт етсе ғана оқ шығарып сес көрсетумен болды. Осы бір бұйрыққа бағынған қатал заңы-ай соғыстың... Бұлар дұшмандарды тіпті жақындатып алыпты.
Олар 150-200 метрге жуық таяп келді. Бұл кезде рациямен орталыққа хабарлап та үлгерген еді байланысшы. Көмек келгенше шыдау керек. Қоңыр тастың тасасынан төбесі көрінген дұшманға автоматтан оқты жаудырып жіберіп, орын ауыстыруға ұмтылған. Сол сәтте ішіне келіп бір ыстық соққы тиді. Арқасына аударылған күйі қолымен басып, қайта аунап, еңбектеп жыраға жүгірді. Ішін күйдіріп бара жатқан жалын қолын қарығандай. Шыда, шыда. Әйтеуір, автоматын көтеріп, атыса беруге шамасы жетті. Өлім мен өмір арасында жатып соңғы сезінгені айналасында солдаттардың көбейгені. Сосын... сосын... есі ауып, құлай берді... Ол ұрыстың немен біткенін білген жоқ. Көзін БТР-да келе жатып ашты. Содан соң госпитальдан госпитальға ауысқан әурелі сапар басталды. Алғашқыда Шиндандқа, кейін Ташкентке әкелді. Ауған аласапыраны да осымен аяқталды. Емхананың төсегінде таңылып жатып бар ойлайтыны – әлі де Ауғанстанда қалған құрдастары. Не болды? Кімдер бар екен? Терезеден түскен күн сәулесіне тәнін тосып жатады да қояды. Көпке дейін тұруға рұқсат еткен жоқ. Үйіне өз жайынан хабар беруге қорықты.
Соғыста сескенбеген жүрегі шешесіне бұл хабардың ауыр тиетінін ойлап, батпады. «Кейін естір, тіпті еш айтудың да керегі жоқ». Осыған бекінген. Үйіне хат жазу үшін әуелі Ауғанстандағы жолдастарына жібереді, ал олар басқа конвертке салып, мұның үйіне жолдап жүрді. Қайтқанынша солай істеді. Ана көңілін күпті етпейін деген перзент пейілі-ай десеңізші. Мұны түсінген қаруластары да қанша алыста болғанымен достық қолдарын созумен болған. Оларға қаншама қарыздар. Ойына тау ішінде туған күнін қалай қарсы алғаны түседі. Бір жарым жылда жадында жатталған, жүрекке жылы тиетін, көз алдынан кетпес көріністер көп. Соның бірі осы 16 қазан. Бұл кезде олар күз белгісі білініп, кеш батса әдеттегіден гөрі қабарып, түнере түсетін тау үстіндегі байланыс нүктесінде еді. Қасында үш жолдасы бар. Батальонда шұғыл өзгерістер болды ма, жоқ тағы бір себеп болды ма, бұларға құрғақ тамақтардың (сухой паек) жеткізілмегеніне үшінші күн. Алғашқы күндері қалған-құтқанды қопарып, асқазандарын алдағандай болған. Ал Мәлік тіпті туған күні екенін де ұмытып кетіпті. Есіне келмес пе еді, кешке украин жігіт Литвинов бұған кепкен нан әкеліп тұр. «Туған күнінмен, Мәлік» дейді екі езуі екі құлағына жетіп. Ал кеп күл... Аштықтарын да ұмытқан. «Өзім шыдамай жеп қоям ба деп қорқып едім. Әйтеуір жеткіздім-ау» дейді ол ішегі қатып. Үшеуі құшақтасып сол кеш бойы ауылдастары, достары, қыздар жайлы әңгіме айтып, көпке дейін отырды. Сол күні ақтарылмай қалған сыр қалмағандай. Жарты күлше кепкен нан жүректерде қатқан небір ой-армандарды жібіткен болар, бәлкім. Ташкентте емделіп, сол жерден еліне қайтты. Үй-ішіне сонда да білдірмеді. Бір күні көйлегінің түймесін ағытып тұрғанда бөлмесіне анасы кіріп келген еді. Ана жүрегі сезбей қалған ба? Әлденені талай рет сұрамаққа оқталғанда бұл байқамаған болып, сөзді басқа жаққа бұрып әкететін. Бұл жолы анасы оң жақ қабырғасындағы қол басындай тыртықты еріксіз көрген. Жанарына жас шыланған шешесіне бәрі де баяғыда болғанын, қазір енді ауырмайтынын айтып, әрең жұбатты.
Көп кешікпей Мәлік Ғабдуллинге Ауғанстан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталғаны жайлы жақсылық хабар жетті. Махамбеттей батыр ауылындағы азаматқа аудандық әскери комиссариатынан келген кісі:
– Махамбеттей ер елінде туып, Мәліктей батырдың атын алған балаларыңыз да батыр болып шықты. Осындай азамат тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге көп рахмет, – дегенде әкесі, соғыс ардагері, «Отан соғысы» орденінің иегері емірене бауырына басты. – Ата-баба аруағы қолдады деген осы, – деді әкесі тебіреніп. – Сол ата-баба даңқына дақ түсірмегенің үшін разымын, ұлым.
Даңққа дақ түсірмеу. Салмағы қандай сөз еді! Даңқ түспеу үшін жағылар күйе болмауы керек емес пе. Яғни соған лайық азамат атын, ылғи да биік ұстау шығар. Қазір М.Ғабдуллин заң факультетінің студенті. Кейде ойлап қараса әлі түк бітірмеген тәрізді. Мектеп, Ауғанстан, университет. Әйтеуір, әкесі айтқандай, ата даңқына дақ түсірмесем екен дейді.
Ал менің ойымша азамат арманының шыңы да осы болуға тиісті.
Мақаланы әзірлеген Данагүл МАХАТ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор