Табиғат апатына немесе соғыс, қарулы қақтығыс салдарынан күйзеліске ұшырап, аштыққа, босқыншылыққа тап болған елдерге қайырымдылық көмек көрсету – халықаралық қоғамдастықтың игі шараларының бірі. БҰҰ-ның Халықаралық соты ондай көмектердің азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек түрінде болуын, қару-жарақ түрінде берілмеуін қатаң бекіткен.
Бейбітшіл ел ретінде Қазақстан да бұл істен тысқары қалмай, қиын жағдайларға ұшыраған елдердің халқына қолдан келгенше қайырымдылық көмек көрсетуде. Бұл іс еліміздің халықаралық беделін көтеріп, танымалдығын арттыруға үлес болып қосылуда. Ежелден қайырым мен мейірімді бойына сіңірген қазақ халқы мемлекетіміздің мұндай істеріне ризашылық білдіріп жатады. Қасиетті Құранда да «көршісі аш кезде өзі тоқ жатқан адам бізден емес» (Хаким, ІІ,15) деген сөздер бар. Сол айтқандай, басына іс түскен жандарға көмек қолын созбасақ, адамгершілігіміз қайсы? Сондықтан да Қазақстан қиыншылыққа ұшыраған жандарға қолдан келген қайырымдылық көмегін үнемі жасап тұрады.
Соңғы жылдары ғана Қазақстан жоғарыда айтылған себептермен бірнеше елдің мұқтаждыққа ұшыраған халқына көмек қолын созды. Соның ішінде бірнеше жылдардан бері қарулы қақтығыстың салдарынан босқыншылыққа ұшыраған Сирия халқына БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық көмекке Қазақстан алғашқылардың бірі болып үлес қосты. Ақтау қаласынан шыққан қазақстандық кемелер Сирияның Тартус портына былтыр 500 тонналық қайырымдылық көмекті аман жеткізді. Жүктің ішінде ұн, макарон, ет және сүт өнімдерінің консервілері, шай және т.б. болған еді. Өздерінің қасіретін сәл де болса жеңілдеткен Қазақстан халқы мен басшысына Сирия өкіметінің өкілдері өз жұртшылығы атынан шын жүректен шыққан алғыстарын жеткізді.
Ал 2015 жылы Қазақстан соғыс қимылдары жүріп жатқан Донецк облысына 300 тонна азық-түлік жеткізіп, сондағы халықтың алғысына кенелген. Бұл көмекті Украина тарабы қабылдап, елдің шығысындағы Донецк аумағына жеткізуге көмек берді.
Қазақстанның қайырымдылық көмегі туралы Украинаның ақпарат құралдары жарыса жазып, халықтың алғысын білдірді. Еліміздегі украин халқының өкілдері де бұл іске ризашылығын айтты. Ұзын саны алты вагоннан тұратын бұл жүкте 128 мың дана ет консервілері, 40 тонна қант, 150 тонна қарақұмық, 36 мың литр май болғандығы айтылған. Бұлардың бәрі Донецк пен Луганск облыстарының тұрғындарына таратылып берілді.
Ал былтырғы жазда Қазақстан табиғат апатына ұшыраған Тәжікстан Республикасының халқына қайырымдылық көмек ретінде құны 914 мың АҚШ долларына бағаланған көмек аттандырды. Бұл жүк 21 вагонға толтырылған ұннан, ет және сүт өнімдерінің консервілерінен тұрды. Жалпы салмағы 1320 тонна. Қазақстандық көмекті Тәжікстан Үкіметінің атынан қабылдаған ресми адамдар Қазақстан басшысы мен халқына алғыстарын айтты.
Әлемдегі бай мемлекеттер де қайырымдылық көмектер жасауға соңғы кездері қатты ден қойып жүр. Жуырда ғана Францияның президенті Эммануэль Макрон Твиттердегі парақшасында Францияның Сирия тұрғындарына 50 млн еуро көмек беретінін жазды. «Қолы жомартқа Құдай береді» демекші, қай кезде болсын жомарт жүрекпен берілген қайырымның қайтары болары сөзсіз.
Қазіргі заманда мұқтаж халықтарға бейбіт мақсатпен беріліп жататын қайырымдылық көмек тек азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде ғана емес, зияткерлік бағытта да болып жатыр. Қазақстанның бірнеше жылдан бері Президенттің бастамасымен Ауғанстанның мыңға жуық азаматтарын өзінде тегін оқытып, мамандық беріп жатқаны да қайырымдылық көмектің бір түрі. 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстанда оқып, мамандық алатын осы жастардың шығынына еліміз 50 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырған. Ал жуырда Назарбаев университетінде «Ауғанстанның дамуына ресми көмек көрсету аясында Қазақстанды қолдау» жобасы аяқталды. Бұл жобаға 2015 жылғы қазан айында Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ қол қойған еді.
Жоба – ауған әйелдерінің экономикалық тұрғыдағы дербестігін нығайтуға, мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау бағыттарындағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын жақсарту мәселесіне назар аударды. Оны Назарбаев университетімен қатар Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігі және БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп, семинарларда дәрістер оқып, тренингтер жасау әдісімен өткізді. Алғашқы фазасы 2017 жылғы 8-13 шілде аралығында Астана қаласында болып, оған Ауғанстан Ислам Республикасының мемлекеттік қызмет және үкіметтік емес ұйымдар секторында қызмет істейтін 24 өкіл қатысты. Екінші фазасы да Астана қаласында, Назарбаев университетінде биылғы 31 наурыз бен 12 сәуір аралығында өтіп, Ауғанстаннан денсаулық сақтау қызметінде еңбек ететін 30 өкіл қатысты. Аталмыш саланың 80 пайыз қызметкерлері әйелдер екенін ескерсек, бұл семинардың толықтай осы қауым өкілдеріне арналғаны белгілі.
Міне осылай, Қазақстан мұқтаж елдерге барлық формадағы қайырымдылықтарын жасап жатыр. «Кең болсаң кем болмайсың» дегендей, бұл қадамдар еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы беделінің артуына әрі шет мемлекеттермен ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына үлкен ықпалын тигізуде. Ал осының барлығы, өз кезегінде мемлекетіміздің сауда-экономикалық, мәдени байланыстарының қарқын алуына, осылайша орнықты дамуына, әлеуметтің әлеуеті арта беруіне негіз болары анық.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»