• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Сәуір, 2018

Ардың жүгін арқалаған (Арғынбай Бекбосын туралы сыр)

2244 рет
көрсетілді

Қазақ зиялыларының қай заманда да озық тұлғалары мен қайраткер өкілдері тәрбиелік мәні зор мол мұрасымен және азаматтық қуатты сөз – үнімен халық жадында сақталып отырған.

Тұтас бір ұлтқа тірек болған асыл жандар сөз жоқ, ұлттық ақыл-ой мәдениетінің төрінен орын алып, ортақ мақтанышқа айналады. Тура сөйлеп, тік жүретін адамдар да қоғам байлығы.

Өркениетті, өсіп, өнген ел-жұртқа ондай кісілер қай уақытта өте-мөте қажет.

Біздің халық та сондай деңгейде әрбір айтулы азаматты көргісі келіп тұрады. Болған кезін әс­те ұмытпайды. Тірі жүргенінде ірі болған тұлғаларын сағынады.

Тасқа басылған асыл ойлары мен өшпес ізін кейінгі жас толқынға тағылым ретінде айта жүреді. Ұлағатын ұлықтайды.

Белгілі жазушы-журналист, елімізге таны­мал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын нақ осы биіктен көрінген азамат еді. Бұлай ой бұ­руымыздың да өз себебі бар. Өзі туып-өскен Жам­был өңірінде Араға аталған абзал кісі өткен 2017 жылы жасы 80-ге толуға бір ай қалғанда дүние­ден озып, өкіндіріп кетті....

Жараулы, әбден тері үгітіліп суытылған ар­ғымақ тұлпардай жұтынып, сұңғақ бойын тік ұстап жүретін Арғынбай Бекбосын ел тәуелсіздігі жыл­дарында сан түрлі қыр-сырымен таныла түсіп, қазақстандық журналистиканың тарлан­боз тұлғасы деңгейіне көтерілді. Сонымен бірге отыз жылға жуық Шығыс жұлдыздарының бірі – ұлы Омар Хаямнан бастау алатын рубаят түріндегі өлеңдерінің қазақ руханияты­на орнығуына күш салған қа­лам­гердің «Мың түрлі ой», «Фәнилік драма» деген жинақтары әдебиет сүйер қауымға мә­лім. Бір ғана «Фәнилік драма» кітабына 3500 төрттаған енгізілген. Мың түрлі ой. Ой болғанда да оқырманды енжар қалдырмайтын, терең толғанысқа шақыратын толымды философия­лық ойлар.

Жамбыл жақта жүріп, осы өңірдің облыстық «Еңбек туы» басылымын он жыл басқарған журналистің бұл жинағындағы ерекшелікке 1998 жылы «Әдебиет теориясы» оқулығының авторы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов зер салып қарайды:

«Күміс түнде аспаннан Ай қарайды,

Ай сәулесі тастарда тайғанайды....

Бір жас бейбақ жуынса көз жасына,

Бір жас сері серігін аймалайды, –

деген шумақты келтіреді. «Бұл жырға айнал­ған сыр және сол сырды жеткізіп тұрған ауызекі сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет: «Ай сәулесі тастарда тайғанайды...» Мұндай сұлу суретті нағыз суреткер ғана сала алады» деп әдеби тұрғыда баға береді.

Төрттаған дегеніміз төрт-ақ жол. Төрт жол­ өлең­ге белгілі бір ойды көркем бейнемен сыйдыру тіпті де оңай шаруа емес. Хас шебер­лікті керек ететін іс. Заман мен адам туралы фи­ло­софиялық-лирикалық толымды толғауы Ш.Мұртаза, М.Ысқақбай, Ж.Әбдіхалықов сияқ­ты замандас қаламгерлердің құнарлы ой-пікір­леріне арқау болған.

Заманға түйін айту, адам біткеннің жан сарайы­на үңілу екенін аңғартқан сан мың төрттаған шумақтары толассыз ой мен тоқтаусыз дүниенің жемісі болар, сірә.

Арекең өз шығармашылық ізденісінде бұл «Фәнилік драманы» ең үздік туындысы деп санағанымен, қызық, өзін «ақын» деп таныстырып немесе жазып қоюға қатты қарсылық жасайтын. Мың түрлі ойдың көтерер жүгі мен көркемдік иірімдерін салмақтайтын болса, ақын­дық қуатты әлбетте байқатып, аңғартар еді. Жоқ, ел ішінде аса беделді, айтқан сөзі жерде қал­майтын Арекең өзін суреткер ақындардың қатарына қосуды жаратпады, онысын «Ұлы ақын­дардың қасында біз кімбіз. Менікі – қазақ сөзі­нің қадірін терең ойға қосудың бір амалы сияқ­ты» деуші еді.

Жөн сұрадың... Өзімді Ақын демен,

«Азамат-ау» деген дегенге жақын келем...

Ал, арманым – фәниді ұғып кету,

Толқын жүрек, толымды ақылменен.

Солай. Толқыған жалғыз ойдан құйылған жалғыз шумақ – жалғыз оқ сияқты – өмір нысаны.

Тегінде қаламгердің «Фәнилік драма» ру­баят­тары әдеби зерттеуді қажет етеді. Төрттаған­мен ой түйіндеу шындығында жанымызға аса сіңісті бола қоймаған жанр.

Омар Хаямды қазақша сөйлеткен Қуандық Шаң­ғытбаевтар бар. Ал  Арекеңнің «Шығыстың жеті жұлдызының» бірінің мәңгілік мұрасын мейлінше молынан тәржімалап шыққаны да әдебиетке қосқан елеулі үлесі болмақ.

А.Бекбосынның табиғаттан ерекше қабілет­тілігі ол кісінің бүкіл ғұмыры өзін-өзі қамшылау, өз бетімен талмай іздену мен үйренуден тұратын бір сыры бар. Бәрінде білмекке құштарлық зерек жастың Қазақ университетіне оқуға қабыл­данып, өзі құралпы Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин секілді отызға тарта курстастары аман-­сау, алаңсыз оқуларын жалғастырып жат­қанда анасының жағдайын ойлап, амалсыз ауылға қайтуы да тағдыр жолы еді. Ол Қазақ уни­верситетінде оқиды, бірақ сырттай оқып бітіреді.

Жас жігіттің журналистік жолында облыс­тық «Сталин жолы» газетінің құтты табал­дырығын аттауға себепкер болған обком хатшысы, кейінірек белгілі мемлекет қайраткері шо­ғырында есімі жақсы аталатын Екейбай Қа­шағанов еді. Арада төрт жыл өткенде кәдімгі Жұмабек Тәшенов, иә, Оңтүстік Қазақстан облысында басшының біреуі дейтін қызметіне ауыс­тырылған уақыты ғой, Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып атқарған жас журналиске пәтер алып беріп, Әз ағаның қамқорлық жа­сағаны қалай естен шығады?!

Адамға жақсылық жасау мен оның жолын ашу жас қаламгер жүрегінде, әрине, жатталып қалған.

Тағдырдың жазуымен облыстық газеттің кор­ректорлығынан оның бас редакторлығына дейін көтерілген еңбек жолдары, енді айтуға ғана оңай.

Қазақ баспасөзінің байырғы шаңырағының бірі – Жамбыл облыстық «Еңбек туы», кейін өзі атын «Ақ жол» деп өзгерткен Арекең жай қатардағы ұжым басшысы емес, өмірдің саяси және шығармашылық интеллигенциясының беделді тұлғасы бола білді.

Батыл да қайсар редактордың кезінде «Ақ жол» газеті ең көп оқылатын басылымның қата­рына қосылды. Бас редактордың тапқырлығы әрі тың идеяларға жол ашуы әлдекімдерге ұнай қойған жоқ. Қалай ұнасын, қоғамдық өзекті мәселелерді барынша ашып, шындық пен әділдік қорғап жатуы. Әсіресе 1986 жыл­ғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Д.Қонаев, А.Асқаров сияқты ел көзінде тұрған ардақты кі­сі­лерге жала жа­уып, ар-ожданын қорлауға дейін барған саясатқа ашық қарсылық көрсетуін қа­лай атауға болады? Мұндай батыл қадамға рес­публикалық басылымдардың өзі әлі де аңдысын аң­дып, бара қоймаған уақыт болатын.

Міне, осындай күрескерлік рухта қазақ бас­­па­сөзінде екі редактор ерлік жасаса, бірі – «Ор­­талық Қазақстан» газетінің басшысы Нұр­махан Оразбеков болса, екіншісі Ар­ғынбай Бек­босынов еді. Қатып қалған тәр­тіптің адамы емес деуге келмес. Алайда газет стилі, оны безендіріп, түрлендіруі, өткір де өзек­ті мә­се­лелерді дер кезінде қозғап, қалың оқыр­ман­дардың қатарын көбейту – тарихи газеттің дәуір­леген кезі деп айтуға тура келеді.

Мәселен, кеңестік идеология сіресіп тұр­ғанда «Азаматтық диалектика» деген мақалада қазақ тілінің мүшкіл халін ашық айтып, он сериядан құралған «Сендіруге рұқсат етіңіздер!» деген мақалада көзбояушылықтың етек алғаны әшкереленеді. Жүрегінің түгі бар редактор бол­маса, мұндай мақаланы кім басады? Сол за­манда.

Арекеңнің Тәуелсіз мемлекеттер Достасты­ғы журналистері арасында тұңғыш сыйлыққа ла­йықты деп табылуы, жұрт жақтаған қайрат­кердің екі мәрте Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануы көп жәйтті аңғартса керек. Депутат кезінде қоғам­дық-саяси өмірдің иірімдерін одан әрі түй­сіну, талай ардақты кісілермен аралас-құралас бо­лып, заң шығару институтының қыр-сырын үй­реніп, білу сияқты абыройлы жолдардан сәт­ті өтті. Шерхан Мұртаза ағасының сөйлеу мәнері мен айбарлы дауысы Арекеңе жұғысты да ­болған сияқты.

Жазушы туындысының тұңғыш жинағы 1975 жылы «Ауылым – әнім менің» деген дүние еді. Арада көп жыл салып, кәнігі журналист 1998 жылы «Ньюнбергтен бұрын» деген пьеса жазып, елді елең еткізген-ді. Атақты батыр Ағаділ Суханбаев туралы жазған пьесасы М.Әуезов атындағы академиялық театрда төрт жылдай жүріп тоқтады.

Өндіріп жазатын қаламгердің «Солдат тағ­ды­ры», «Көшесімен Пушкиннің ... Абайға дейін», «Ұмытпа: Отар станциясы», «Аман бол, Гүл­сара» хикаяттары, «Әмір Темірдің ақырғы жо­рығы», «Балуан Шолақ», «Адам – Алатау» секіл­ді он бес шақты эссесі, әсіресе шетел сапарларынан «Жетіқарақшысы жоқ аспан» деген атпен шыққан жазбалары (бұл кітап жайында Фариза Оңғарсынова «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында «бұл кітап әрбір қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ой түйеді) жеке шығармашылығына жаңа серпін берді. Себебі, бұл жазбалары әріптестеріне қатты ұнады.

Жамбылдық қаламгердің орыс тілінде жаз­ған шығармалары бір төбе. Оның «Течет река Талас....», «Купейная исповедь или неспетая песня любви», «Купейная исповедь-2 или пощечина на Казанском» повестері әуелі республикалық журналдарда басылып, кейін жазушының 2 томдық жинағына енген.

Астанада Парламент депутаты қызметінің өкі­летті мерзімі аяқталған соң Арекеңнің Жам­былға оралуы заңды еді. Өйткені ел іші, қоғам мәдениеті нақ осындай тұлғалы азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымы мен абыройлы кісілігі арқасында одан әрі байып, тереңдей түседі. Ғасыр жүзігі қолына тағылған Таразда Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметов, Күләш Ахметова сықылды ел-жұртының сөзі мен көзі делінетін, соларға карап бой түзейтін ұр­пақтың нағыз тәрбиешісі болды.

Парасатты азаматтың «Таразды әулиелер мекендеген, мекендеп киелі оны етем деген.... Киелі жерді бассаң, ойланып бас: «Таразға келдім немен, кетем немен?» деген төрттағаны көне қаланың көшелерінде ілулі тұрғаны да тәрбие үшін бір жаңалық болды.

Арекең қоғамдық-саяси өмірге ағалық жол­мен белсене араласты. Жаратылысында саяқ­тау жүретін ел ағасы Жамбыл өңірі зия­лыларының төбе биі болды десек те қоғамдық пікірден алыс кетпейміз. Ұлттық мүдде мен елдік мәселелерге қатысты Арекеңнің мем­лекеттік көзқарасымен, толғауы орнықты пуб­лицистикалық мақалаларымен үн қоспаған кезі жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің, иә, кәсіби көсемсөзшінің қалам қуаты, жүрек сөзі көпшілікке жақсы таныс. Талас өзенінің жаға­сындағы қарапайым үйінде жатып көптеген құн­ды шығармаларын жазды. Асыра айтқандық емес, еліне суықта пана, ыстықта сая бола алған қай­раткер аға ерекше құрметке бөленді. Елдің жарқын келешегі үшін, сіңірген еңбегі үшін талай-талай жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Алаш ардақтыларының мектебінен тәрбие әрі қуат алған Арғынбай Бекбосын өзінің өмір­баяндық тарихын халық жүрегінде адал жазып қал­дырған, ардың жүгін арқалаған тұлға болып қалды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

ТАРАЗ