• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2018

Батыс Қазақстан облысында мәдениет саласының үздіктері анықталды

694 рет
көрсетілді

Орал қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» атты облыстық фестивалі өтті. Фестивальде музей, кітапхана және мәдениет үйі қызметкерлері марапатталып, үздіктер Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл фестивалдің мақсаты – мәдени ойын-сауық саласында тәжірибе алмасу, үздік істерді насихаттау, өнер адамдары мен ұжымдар арасында өзара шығармашылық байланыс орнату. Ауыл, аудан, қала, облыс деңгейінде үш кезең арқылы өткізілген байқауда жеңімпаздар 16 аталым бойынша марапатталып, республикалық сында облыс намысын қорғайтын болды.

- Бұл өте маңызды шара. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғанына бір жыл уақыт өтті. Бұл кезеңде аз жұмыс атқарылған жоқ. Мұны бүгін біз әр ауданның атқарған жұмыстары бейнеленген көрмеден де көріп отырмыз. Өткен жылы Сырым ауданында Алаш музейін күрделі жөндеуден өткіздік. Әйгілі күйші Құрманғазы мен Динаға ескерткіш орнаттық. Күй атасы Құрманғазының биылғы мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді.

Астана қаласында Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатамыз, сонымен бірге Орал қаласында Исатай мен Махамбет ескерткішін де биыл орнатамыз деп шешім алдық. Тарихы терең, талай даңқты тұлғалар дүниеге келген өңіріміздің арғы-бергі тарихы түгел қамтылатын көптомдық жинақ шығарамыз. Міне, бұл жұмыстың бәрі біздің ауызбіршілігіміздің арқасында, ынтымағымыздың нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Болашақта да ойға алған жұмыстарымызды бірлесе атқаруға шақырамын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аянбай еңбек етейік! - деді өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Осы шараға «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев келген еді. Астаналық мейман өз сөзінде қазылар алқасымен бірге бүгінгі байқаудың нәтижесін шығарып, үздіктерді анықтаған кезде Батыс Қазақстан облысындағы музей қызметкерлерінің ғылыми ізденісі, кәсібилігі өте жоғары болғандығын айтып өтті.

Сонымен, Батыс Қазақстан облысындағы ең үздік аудандық музей – Сырым ауданындағы Сырым Датұлы музейі (меңгерушісі А.Ойшыбаева), ең үздік облыстық музей – «Бөкей ордасы» тарихи музей-кешені болып танылды. «Үздік аудандық музей қызметкері» атағына – Бөрлі аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі Алтынбөбек Сүйіндіков, «Үздік облыстық музей қызметкері» атағына – Жәңгір хан атындағы тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов ие болды.

Кітапхана жүйесі де осы фестиваль аясында еңбек үздіктерін сарапқа салған еді. Байқау қорытындысында Бөрлі ауылдық кітапханасы – «Үздік ауыл кітапханасы» аталымына, Сырым аудандық орталық кітапханасы – «Үздік аудандық кітапхана», Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми-көпшілік кітапхана – «Үздік облыстық кітапхана» атағына лайық деп танылды. Жекелеген кітапхана қызметкерлері арасында Лаура Бердіғалиева (Қазталов ауданы, Қараоба ауылдық кітапханасы), Айнагүл Батырханова (Бөкей ордасы аудандық кітапханасы) және Сергей Быков (Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы) жеңімпаз атанды.

Мәдениет үйлері арасында өткен сайыста Зеленов ауданындағы Январцев ауылдық клубы – «Үздік ауылдық клуб», Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мәдениет үйі – «Үздік ауылдық Мәдениет үйі», Бөрлі аудандық Мәдениет үйі – «Үздік аудандық Мәдениет үйі», Орал қалалық Жастар Мәдениет үйі – «Үздік қалалық Мәдениет үйі» атанды. Теректі ауданы Ақсоғым ауылдық клуб меңгерушісі Алмаш Арыстанова – «Үздік ауылдық клуб қызметкері», Қазталов ауданы Ақпәтер ауылдық Мәдениет үйінің директоры Марат Хасанов – «Үздік ауылдық Мәдениет үйі қызметкері», Шыңғырлау аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжамал Жұмағазиева – «Үздік аудандық Мәдениет үйі қызметкері» деген дипломдар мен арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл аталған жеңімпаздардың бәрі де республикалық байқауға жолдама алып, бақ сынайтын болды.

Ел ішінде өнер мен мәдениетті насихаттап, халықтың мағыналы да мәнді демалысын ұйымдастырып жүрген, былайғы уақытта көп елене бермейтін қарапайым мәдениет қызметкерлерінің абыройы асқақтаған күн болды. Фестивальге қатысушылар шара соңында естелік суретке түсіп, әр ауданның мәдениет пен өнер саласындағы үздік жетістіктері бейнеленген көрмені тамашалады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ