Осындай тақырыппен сол кездегі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен газет тілшісі Мейрамбек Төлепбергеннің сұхбаты берілген.
Тілшінің тәуелсіздіктің бес жылында Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасу процесін қалай бағалайтындығы жөніндегі сұрағына Сыртқы істер министрі: «Біздің сыртқы саясат тақырыбында әңгімеміз Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізден алыста, Үндістан мен Австралияда сапар шегіп жүрген кезде өтіп отыр. Маған бұл айрықша нышан секілді сезіледі. Бір жағынан алып қарағанда бұл жағдай біздің сыртқы байланысымыздың кеңейе, Қазақстанның сыртқы саясатының үдей түскенін, біздің дүниежүзілік аренадағы қадамдарымыздың салмақты екендігін көрсетеді... Бүгінгі күндері Қазақстан жалпы дүниежүзілік, сондай-ақ аймақтық істерге де тікелей тартылып отыр. Еліміздің қауіпсіздігі мәселелері принципті жағдайда шешілді. Біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыттары айқындалды. Шетелдерде дипломатиялық инфрақұрылым жасалды. Қазақстандағы қайта құрулар үшін сыртқы қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді. Бұл дегеніміз – өткен бес жылдың басты қорытындылары болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың өз маңыздылығы жағынан тарихи міндетті орындағаны туралы ашық айтуымыз керек» деп жауап беріпті.
Сондай-ақ Қасымжомарт Тоқаев сол уақытта Қазақстанды әлемнің 117 мемлекеті танығандығын, олардың 106-сы мен дипломатиялық қатынастар орнатылғандығын, әлемнің 28 елінде Қазақстанның елшіліктері ашылғандығын, қоса міндет атқару практикасы бойынша 40-тан астам елде өкілдіктеріміз жұмыс істеп жатқандығын, Алматыда 60-қа жуық шетел елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың миссиясы жұмыс істейтіндігін, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрғандығын атап көрсеткен.
Министр көптеген елдермен, өңірлермен, халықаралық ұйымдармен Қазақстан орнықты қарым-қатынас орната алғандығын, алдағы уақытта осы процесті үдете беру қажеттігін айтып, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына тоқталыпты. ТМД мемлекеттеріне қатысты саясатымыз келесі жылдары едәуір белсенді жүргізілетіндігін, Қазақстанның тұңғыш ғаламдық сыртқы саяси проблеманы шешуі – Семей полигонын жабуы АҚШ-пен, басқа да ядролық державалармен қарым-қатынасын жақсартуға негіз қалағандығын, осы жағдай Батыс елдерімен қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік беретіндігін айтқан.