• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2018

Ауылдарды сақтаудың амалы қайсы?

615 рет
көрсетілді

Ауыл халқы азайып барады. Неге? Ешкім­ге ештеңенің керегі жоқ болып кеткен бүгінгідей заманда ол жағын ойлап бас қатырып жатқан да бірде-бір жан жоқ. Бар айтатын уәждері – урбанизация. Бір есептен ол да дұрыс шығар. Қалаларға қарай жа­қындаса ауыл қазақтары да өркениетті өмір­ге араласады, өзгелермен бірге қазіргі за­ман­­ның игіліктеріне ортақтасады. Бірақ... 

Егер жұрт ауылдарды тастап, қаланы бетке алып жаппай жөңкіліп көше беретін болса, ұлан-байтақ жерімізге кім ие болады, қалалықтарды ауылшаруашылық өнімдерімен кім қамтамасыз етеді? Қазірдің өзінде жүздеген ауыл иесіз қалып, бұрын ығы-жығы халық тұрып, еңбек етіп, өмір сүрген елді мекендер бүгінгі күні құлазыған далаға айналды. Жазда еңбек демалысы кезінде ел жаққа барып, автомашинамен әрілі-берілі жүріп өткен кезде оны өз көзімізбен көріп те жүрміз. Кейде жалындап жанып жатқан дала өртін кездестіріп қалатын сәттер де болады. Ол отты сөндіріп жатқан бір жан жоқ. Өйткені қазіргі уақытта ауылдарда өрт сөндіретін техниканы былай қойғанда, қарапайым су таситын машиналардың өзі емге табылмайды. Сондықтан жаңағыдай өрттер екі-күш жанып, кейін өзінен өзі сөнетін көрінеді. Бәлкім, жауа қалса жаңбырдың да себі тиетін шығар. Ал баяғы кеңестік заманда далада сәл от тұтанды дегенше ауылдағы бас көтерер халықты тайлы-таяғына дейін қалдырмай жинап, өрт сөндіруге алып баратын. Қалың жұрт су тасығыш машина әкелген суды шелекпен тасып, енді біреулер ескі-құсқы киімдермен ұрғылап, әйтеуір әупірімдеп жүріп отты сөндіретін. Одан кейін де бықсып жатқан қоламта болса қайтадан тұтанып кетіп жүрмесін, мұқият қараңдар деп бір-екі адамды түні бо­йына кезекшілікке қалдырып кететін. Себебі ол уақыттарда дала дегенің жағалай шабындық. Оған от тиді дегенше қалың өскен шөп қаулап тұрып жанады. Оны сөндіру де оңайға түспейді. Ал шабындық жанып кетсе кеңшардың бүкіл малы қыста шөпсіз қалады. Шөп болмаудың аяғы – жұт. Сол себепті ол уақыттарда билік те, халық та ұлтарақтай жердің өзін отқа бермеуге тырысады. Ел үшін керек деп есептейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде ешкімге ештеңе керек емес. 

Осындайда енді не істеу керек деген ертеден құлағамызға сіңісті болған жаттанды сауал алдымыздан шығады. Расымен де, ата-бабаларымыздан аманатқа қалған, бір кездері әке-шешелеріміз ел игілігі үшін еңбек етіп, өзіміз жасыл желегенің үстімен жалаңаяқ жүгірген жерлер қаңырап, мүлде иесіз қалмау үшін не істеу керек?

Жыл сайын дерлік ондаған елді мекеннің жойылып кетіп жатқанына қармастан, әлі де туған жерлерін тастап кетуге қимай отырған немесе көшуге жағдайлары келмейтін адамдардың арқасында әупірімдеп болса да күндерін көріп отырған ауылдар бар. Ендігі міндет – соларды сақтап қалу. Ол тұрғыда атқарылуға тиіс жұмыстар да соншалықты қиын емес. Ол үшін ауылдықтардың көшуінің сыры неде деген сауалға жауап іздеу керек.

Осы орайда ең алдымен ойға оралатыны – жұмыссыздық. Бұл проблеманы жаппай шешіп тас­таудың оңай еместігі де түсінікті. Өйткені өн­діріс жоқ жерде жұмыстың болмайтыны бел­гілі. Бірақ ауылдықтарды қинап отырған ең негізгі мәселе бұл емес. Аспандағы айды алып бер деп талап етпейтін ауылдықтар үшін бәрі­нен бұрын жол қатынасы, мектеп, емхана, сауда орындары мен пошта, телефон байланысы сияқты күнделікті тіршілік үшін қажетті дүниелер қиын түйінге айналып отыр. Егер ауырып-сырқаған кезде қаралатын дәрігері, балаларын оқытатын мектебі, азық-түлік сатып алатын дүкені, шаруа туа қалғанда аудан, облыс орталықтарына жеткізетін автобусы болса көп­теген жұрт жылы орындарын суытпай оты­ра беруге бақұл. Жұмыссыздық мәселесіне келсек, көптеген ағайындар бұл проблеманы мал өсірудің есебінен әлдеқашан-ақ шешіп алған. Азды-көпті малын алыпсатарларға сатып, одан түскен тиын-тебенге қант-шайы мен киім-кешегін алады. Өкініштісі сол, осының өзі тал­ғажау­дан артылмайтын тірлік, «шықпа жаным, шық­паның» кері болып тұр. Сол үшін, яғни ауыл­дағы ағайынның ауыртпалығын жеңілдету үшін бұл орайда да оларға аздаған қолдау керек. Ол – ауылдықтардың мал өнімдерін қабылдап алу мәселесін ойластыру. Бүгінде ауылда тұратын кез келген адамда мал мен құс бар, тіпті аздап болса да бау-бақша салып отырғандар да жоқ емес. Ал, мал бар жерде ет, сүт, май, қаймақ, одан қал­ды жұмыртқа бар. Ауыл тұрғындарының осы өнім­дерін қиналмастан өткізе алуына жағдай жасал­са, сонымен бірге олардың жол қатынасы, ем­хана мен мектеп мәселелерін шешіп берсе, жұрт­тың жұмыла көшуіне айтарлықтай тоқтау болары анық. 

Келмеске кеткен кеңестік дәуірде ауылдарда осылардың бәрі де болды. Аурухана, мектеп, пошта, дүкендерің тоқтаусыз жұмыс істеді. Облыс немесе аудан орталығына барғың келсе автобусың дайын. Малыңды етке тапсырсаң, бір айдан кейін ақшасы жергілікті пошта бөлімшесіне келіп түсіп тұрады. Ал да жұмсай бер. Соңғы жылдары ауылдарда балабақшалар мен тұрмыстық қызмет көрсету үйлері де ашыла бастаған болатын. Сондықтан да ауыл тұрғындары, көптеген әйелдер мен қыздардың жұмыссыз болғанына қармастан, еш алаңсыз, тамақ тоқ, киім көк дегендей, жайбарақат өмір сүрді. Иә, жұмыссыздық белгілі бір дәрежеде ол заманда да болған. Айталық, оқымаған, белгілі бір мамандығы жоқ әйелдер жағы от басы, ошақ қасының маңайындағы шаруалармен шұғылданатын. Оның арасында әрине, бала-шағасын бағып-қағып, тәрбиелейтін. Ана үшін одан өткен нендей бақыт керек?

Ауылдықтарға қайғы-мұңсыз сол күндерін қайтара алсақ, одан зорды олар да сұрамас еді...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»