Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында және 2017 жылғы 4 қыркүйектегі үшінші сессияның ашылуында белгілеген тапсырмаларына сәйкес, Мәжілісте «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Онда «Жеке тұлғалардың банкроттық мәселелері» тақырыбы төңірегінде маңызды мәселелер қаралды. Аталған тақырып бойынша жиналғандар алдында баяндама жасаған Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов азаматтардың борыштық міндеттемелерін реттеу мәселесіне тоқталды. Ол осы бағытта әзірленген заңнамалық құжаттардың ерекшеліктерін жеткізді. Әсіресе борышкерге банкроттықты қолдануға жататын жағдайлар туралы кеңінен баяндап, бұл рәсімді пайдалана алмайтын тұлғалар турасында сөз етті.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Заң жобасында қайта қарауды қажет ететін бірқатар нормаларды атап өтті. Ал Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің төрағасы Бейбіт Мамраев отырысты қорытындылай келе, Заң жобасы бойынша жұмыста ең басты міндеттердің бірі азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға ықпал ететін тетіктерді дамыту екендігін айтты. Сонымен бірге қарыз алушының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесіне қатысушылардың барлық мүдделерін ескере отырып, осы тетіктерге балансты қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
Кеңес отырысына мемлекеттік органдардың, Ұлттық Банктің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.