Елімізде жүзден астам ұлт бір шаңырақтың астында бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Солардың қатарында биыл жиырмаға толған тәуелсіздігіміздің құрдасы, Талдықорған қаласындағы медициналық колледждің 2 курс студенті Светлана Бабкина да бар. Біз мереке қарсаңында оған жолығып, мемлекеттік тіл туралы келелі әңгіме құрғанбыз.
– Светлана, «Отанды сүю – отбасынан басталады» дейді. Отаншылдық, елжандылық қасиеттер жайлы пікіріңізді білсек.
– Отан – анаң, Отан – панаң. Бұл тегін айтылмаған. Осы асыл сөздердің қадір-қасиетін сезініп, оның шуағына бөленген жандардың бірімін. Әйтсе де ата-ананы ешкім өз еркімен таңдамайды. Мен дүниеге келгенде анам мен әкем аса қуанбаған... Себебі, шешем ащы суға әбден бой алдырып, соның жетегінде кетіпті. Баспананы да соған айырбастап жіберген. Он жасқа келгенше мектепке бара алмай, көрші-қолаңның қамқорлығымен күн кешіппін. Кейін білім бөліміндегілер «Айналайын» балалар үйіне әкеліп тапсырады. Әкем Владимирді көрген де емеспін. Ресейде тұрады деп естимін.
Міне, бетпақ тағдырмен жасымнан осылай бетпе-бет келдім. Әйтеуір қамқор жандар қасымнан табылды. Сол кезден бері қазақ халқының қамқорлығын сезініп келемін. Медициналық колледжде Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының шәкіртақысын аламын. Жатақханада тұрамын. Мектепке кеш барғаныма қарамастан ұстаздар мен тәрбиешілер менен қамқорлықтарын аямады. Сабақты үлгеруіме, денсаулығыма көмек берді. Жамбасыма ота жасатып, қамқорлық қолын созғандар да жақсы жандар. Осы кезде өзінің құнарлы топырағындай аса бай қазақ тілінің мәйегінен сусындауыма мүмкіндік туды. Тілім де қазақ тілінде шыққан. Бұл мен үшін үлкен бақыт.
«Отан» сөзі менің жүрегімде сақталған. Әрі мәңгі дер едім. Ұшқан құс та мекеніне айналып соғады ғой. Ал, біз жер басып, тік жүрген адамбыз. Арман, мақсатымыз бар. Демек, айырмашылығымыз жер мен көктей. Мен осы елдің топырағынан нәр алдым. Осы жерде кіндігім кесілді. Қайғыма да, қуанышыма да қазақ деген дархан халық өкілдері ортақ. Тіпті, менің қалыптасуыма өскен ортам мен айналамдағы ізгі жандар дем беріп келеді. Балалар үйіндегі тәрбиешілерім Дина Оңғарова, Айнұр Серғазиева, Антонина Алексеевнаның жөні бір бөлек. Қазақстанның бүгінгі өсіп-өркендеуі мені қуанышқа бөлейді. Арайлап атқан таңды қарсы алған сайын «Елім аман, жұртым тыныш болса екен. Жаратқан ием маған жар бол» деп тілек тілеймін. Әркез Отанға, елге деген перзенттік парыз жүрегімде.
– Мемлекеттік тіл жайлы не айтар едің?
– Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен әлі де осы мәселе төңірегінде жиі пікір айтылады. Үлкен ағалардан, апайлардан асырып, не айтайын. Мен өмірге келген 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алыпты. Сол кезде Абай мен Жамбыл жыр нөсерін селдеткен қазақ тілінің өміршеңдігі жайлы көптеген мәселелер көтерілген ғой. Былайша айтқанда өз елімізде, өз жерімізде қазақ тілінің ертеңі жайлы ойлау, ел үшін тер төгу бүгінгі ұрпақтың ең негізгі міндеті. Осы орайда басқа ұлттың өкілі деген сөз тіркесі болмауы керек.
Қазақтың жерінде тұрып, оның барлық жақсылығына, игілігіне бөленіп, тілге келгенде «басқа ұлттың өкілімін» деудің еш реті жоқ. Оның үстіне мемлекеттік тіл мәртебесі жайлы айтылғалы жиырма жыл өтті. Мен де осы жасқа келдім. Қазақ тілінің қасиеті арқасында ұлтым орыс болғанымен, өзіндік орным бар. Дархан тілді маған ешкім күштеп үйреткен жоқ. Оның қайнарынан әлі де сусындай түссем, шіркін!
Бүгінгі қол жеткен табысым биыл республикалық «Қазақ тілін білу – парызың» деген тақырыпта өткен олимпиадаға қатысу құрметіне ие болдым. Мұнда бәсекеге түскендер шетінен білімді еді. Соған қарамастан, жүлделі бірінші орынды иеленіп, табыспен оралдым. Биылғы қыркүйек айында Көкшетауда өткен V құрылтайға қатысып, мемлекеттік тіліміздің бүгіні мен келешегі жайлы ортаға салынған мәселелерді тыңдап, өз пікірімді айттым. Өзгелердің де толғамды ойлары, ұсыныс-пікірлері менің алдағы күндерге деген көзқарасымды орнықтыра түсті. Елбасының өзі қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының он жетінші сессиясында көтерілген көп ұлтты Отанымыздағы бірлік пен ынтымақ, бейбіт өмір мәселелерін қозғаған жиынның жұмысына да қатысқанымды мақтаныш етемін. Бұл менің ой-өрісімді қалыптастырумен бірге қанатымды қатайтып келеді. Өмірге деген берік көзқарас осылай орнығатынын түсіндім.
Қазақ тілін оқытудың негізі мектепте. Демек, ұстаздарымыз мектеп партасындағы бүлдіршіндерді өз тілін сүйіп өсуге, мемлекетіміздің келешегі үшін күресетіндей елжандылыққа тәрбиелесе, әрине, көп мәселеден ұтар едік. Тәуелсіз еліміздің діңгегі – оның тілі, діні, ділі. Осы қасиетті үш ұғымды жүрек түкпірімде берік ұстаймын, өзге ұлт өкілдерінің де осындай болғанын қалаймын.
Неге біз қазақстандықтармыз деп барлық игілікке ортақ боламыз. Тілге келгенде қырын қарап, салғырттыққа салынудың ендігі жерде реті де, жөні де бола қоймас деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді өз тіліндей меңгерген қай азамат «жапа» шегіп жүр? Керісінше, атақ-даңққа қол жеткізіп жүр емес пе. Тілді саудаға салудың өзі ұят.
– Жақсы пікір айттың. Енді қазақтың салт-дәстүрі жайлы ой өрбітсең артық болмас еді.
– Халықтық салт-дәстүр жайлы көп айта алмаспын. Десем де, қазақта «Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас», «Жетімнің ризығы – жұрттан» тағы басқа мақал-мәтел тегін айтылмаған. Астарына үңілсеңіз бәрі түсінікті. Сары майдан қыл суырғандай. Жалпы, қазақ халқы жаманнан жирендіретін ұстанымдарды қатаң қолданып отырған. Мәселен, үлкен адамның алдын кесіп өтпеу, табалдырықты баспау, есікті кермеу, тізені құшақтамау, бас киімді теппеу, тағы басқа ұлттық тәрбиеге қарама-қайшы әдеттерге абай болуды балаға сәби кезінен үйретіп, міндеттеген ғой.
Құрдастарымның көпшілігі мұны білмейді. Содан ба екен, бірте-бірте көйлектің етегі түріліп, омырауымыз ашылып келеді. Бұл да ұлттық үрдісімізге жат. Жас қыздар ғана емес, үлкен апалар, тіпті әжелер шалбарланып алды. Бұл да әбестік. Светлана қызымыз бізді «тәрбиелей ме» деп ренжіп жүрер. Бірақ, халқымыздың жақсы қасиеттерін біздерге үйрететін осы апа-әжелер ғой. Әр адам өз орнын білгені жөн шығар.
– Орынды айтылған уәжге ешкім ренжімейді. Айтпақшы, өзің бос уақытыңды қалай өткізесің, мерейлі жылға деген тартуың қандай?
–Мына қарбалас өмірде көбіне бос уақыт бола бермейді. Жастық алауы жаныма тыным бермейді. Ізденемін, білмегенімді білуге ұмтыламын. Кейде адасқан анамды ойлаймын. Дәрігер болсам, емдесем деген ойлар мазалайды. Кітапхана залында кітап оқып, газет-журнал парақтаймын. Интернетке де кіремін. Әр күнімді алдағы арман-мақсатпен осылай жалғаймын.
Қазақ тілі – мінің тілім. Осы тілмен өмірімді өріп, оны тіршілігімнің тірегіне айналдырудамын.
Тәуелсіздікпен құрдаспын. Еліммен бірге есейіп келемін. Оның мәңгілік жырымен сусындап, әр күнімді мағыналы өткізіп жүрмін десем, асыра айтпағаным. Сондықтан оқудағы үздік табысым мен қоғамдық өмірдегі белсенділігім бүгінгі жеткен жетістігім.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.