• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2018

Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ойын-сауық және сауда орталығы бір айға жабылды

545 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы «Сити центр» ойын-сауық және сауда орталығының иесі Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен өрт қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сауда орталығына бұдан бұрын да бірнеше мәрте тексеріс жүргізіліп, 2017 жылғы 27 желтоқсанда кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілген екен. «Алайда анықталған 97 кемшіліктің 36-сы әлі күнге жойылмаған» дейді судья Ботагөз Нұрмағамбетова.

Сауда орталығы – көпшілік жиналатын орын. Мұндай нысанда төтенше жағдай, өрт пайда болған жағдайда жойылмаған кемшіліктер салдарынан көп адам зардап шегуі мүмкін. Әсіресе көршілес Ресей Федерациясының Кемеров облысында болған оқиғадан сабақ алуымыз керек.

Іс материалдарын зерделеген сот кешен иесі «ПСП Серік» ЖШС 200 АЕК көлеміндегі, яғни 481 000 теңгені құрайтын айыппұл тартуға, кешен жұмысын 1 ай мерзімге тоқтатуға шешім шығарды. Сот қаулысы 10 күннен кейін заңды күшіне енуі тиіс.

Батыс Қазақстан облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің ақпаратына қарағанда, жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында үш кәсіпкер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Кәсіпкерлік нысандарына жалпы сомасы 649 350 теңгені құрайтын айыппұл салынған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы