«Самұрық-Қазына» ұлттық әл - ауқат қорында сақтандыру мәселесі бойынша кезекті кеңес болып өтті.
Оны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы төрағасы Тимур Құлыбаев жүргізді. Кеңесте қордың еншілес ұйымдары өз активтерін сақтандыру мақсатында жылына шамамен 7,8 млрд. теңге көлемінде елеулі қаржы жұмсайтыны атап өтілді. Бұл төлемдердің негізгі бөлігі 7 ірі компания – «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазатомпром» және КЕГОК еншісінде.
Жүргізілген талдау көрсеткендей, қор компаниялар тобы арасында сақтандыру ірі және сенімді сақтандыру ұйымдарымен жүргізіледі. Дегенмен, сақтандыру ұйымдарына деген талаптың жоқтығы, қажетті бақылаудың болмауы, делдалдар қызметінің төмендігі, орын алған кейбір маңызды қатердің сақтандырылуының болмауы, қаржылық жағдайы тұрақсыз сақтандыру компанияларында сақтандырудың болуы сияқты келеңсіз деректер де орын алған.
Кеңес қорытындысы бойынша қор басшысы Тимур Құлыбаев еншілес компаниялардағы активтерді сақтандыру үрдісінің айқындығын қамтамасыз етуге, қаражат шығынын бақылауға белсенділікті арттыруға, сондай-ақ қызмет құнын арттырудың барлық жағдайын қарастыра отырып, шығын келтірген және заң бұзушылыққа жол берген компания қызметкерлерін жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берді.
«Егемен-ақпарат».