Шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елбасы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін болашақта кем дегенде 50%-ға жеткізу туралы нақты міндеттер қойды. Осы орайда елдегі кәсіпкерліктің жалпы жай-күйі жайында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовпен әңгімелескен едік.
– Болат Әбілқасымұлы, кәсіпкерлер көбінесе сізге қандай мәселелерге қатысты жүгінеді? Сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бизнес-омбудсменнің негізгі міндеті кәсіпкерлер құқықтарының сақталуын қадағалау, мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан жағдайда туындаған мәселені шешуге көмектесу болып табылады. Елбасы бизнеске түсетін қысымды азайту және саланы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы тапсырманы іске асыру барысында экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық істерді азайту қолға алынды. Соның арқасында қылмыстық істер саны 5 есеге дейін азайды. Кәсіпкерлерге қатысты 2015 жылы 8170 қылмыстық іс тіркелсе, 2017 жылы ол 1618-ге дейін төмендеді.
– Кей жағдайда болмашы заң бұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге тым ауыр жаза кесу фактілері тіркеліп жататыны жасырын емес. Бұл кәсіппен айналысқысы келетіндердің ынтасын төмендетіп, бетін қайтарып тастайды. Бұл туралы не айтасыз?
– Оныңыз рас, соңғы жылдары осы мәселеге басым назар аударуға тура келді. Кәсіпкер үшін бизнесінен айырылудың өзі үрей туғызады, ал бас бостандығынан айырылу одан да үрейлі екені анық. Сол себепті экономикалық қылмыс жазасын жеңілдету мәселесіне қатысты кәсіпкерлерді кез келген болмашы заң бұзушылықтары үшін бас бостандығынан айырмай, жазаны жеңілдету мәселесі шешілді. Атап айтар болсам, қазір бірінші рет заң бұзушылық болған кезде қатаң жаза қолданылмайды. Көптеген баптарда қарастырылған қатаң жазалар айыппұлдармен алмастырылды. Қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатын «жалған кәсіпкерлік» туралы бап алынып тасталды. Осының бәрі жұмысын адал атқарып жүрген кәсіпкерлерге оң әсерін тигізгені сөзсіз.
Кәсіпкерлік кодекс бойынша бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер арасындағы дауларға араласпайды. Бұл жерде банктердің де кәсіпкерлік құрылым болып табылатынын айта кеткен жөн.
Атқарылған істер туралы айтар болсам, соңғы екі жылда бізге 12 420 өтініш келіп түсті. Бұл проблемалардың 90%-ы жергілікті сипатта – жер алу, құрылыс және тағы да басқа осыған ұқсас мәселелер. Оның бәрі жергілікті жерде шешілуі тиіс деп есептеймін. Бұл туралы отырыстарда жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне үнемі айтамыз.
– Негізгі міндетіңіз мемлекеттік органдардың кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласуына жол бермеу дедіңіз. Мемлекеттік органдар оны қалай қабылдауда, сіздермен бірлесіп жұмыс атқаруға дайын ба?
– Жалпы, біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, барлық мәселелерді Бірыңғай тізілімге енгіздік. Ондағы 571 мәселенің 386-сы оң шешімін тапты. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, рұқсат беру жүйесі оңтайландырылды, лицензиялар мен рұқсаттар саны 72 %-ға азайды, яғни 1115-тен 315-ке дейін қысқарды. Бақылау-қадағалау саласындағы мәселелерді шешу үшін біршама іс-шаралар іске асырылып жатыр.
Бірқатар тексерулерді алып тастау бойынша заңнамалық түзетулер дайындалып, Парламент Мәжілісіне енгізілді. Соңғы екі жылда Әділет министрлігімен белсенді ынтымақтастықтың арқасында бизнеске әкімшілік жүктемені азайту үшін ауқымды жұмыстар жасалды.
– Өткен жылдың соңында Әкімшілік кодекске түзетулер енгізілген еді. Оның бизнеске ықпалы қаншалықты?
– Ол өзгерістердің бизнеске тікелей ықпалы айтарлықтай зор. Атап айтқанда, бизнеске әсер ететін баптардың басым бөлігі қайта қаралды. Мәселен, 410 баптың 323-іне өзгеріс жасалды. Соның арқасында айыппұлдардың жалпы көлемі 30%-ға қысқарды. Айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу және айыппұлдың орнына ескерту жасау жағы да бар. Сол сияқты 30-баптағы тәркілеу және лицензияның қолданылуын тоқтата тұру талаптары алынып тасталды.
Сонымен қатар Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Адалдық принципі енгізілді, яғни Салық кодексі нормаларының анық емес тұстары салық төлеушінің пайдасына шешілетін болды. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын.
Бүгінде отандық кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері де халықаралық деңгейге көтерілді. 2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің форумы ұйымдастырылып, оған Ресейдің 40 өңірінен өкілдер қатысты. Көрші елдегі әріптестерімізбен арада Өзара көмек көрсету және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осындай бірлескен жұмыстардың арқасында Қазақстан мен Ресей аумағында кәсіпкерлік субъектілердің мүліктік және заңды құқықтары қорғалады. Сондай-ақ Мәскеу мен Атырауда бірлескен кездесулер өткізілді. Биылғы жылы Өзбекстанның бизнес-омбудсменімен кездесу жоспарланған.
– Салық кодексі жайлы айтып өттіңіз. Жаңа Салық кодексінде бизнес үшін қандай жеңілдіктер енгізгені туралы толығырақ баяндап берсеңіз.
– Жалпы, бизнес-қоғамдастық жаңа Салық кодексін әзірлеуге екі жыл бойы мемлекеттік органдармен бірге атсалысты. Себебін түсініп отырсыз, жаңа құжат осы саланың алға басуына тікелей әсер етуге тиіс. Кодексте бизнес бастамалардың басым бөлігі ескерілді, дегенмен талқылануы тиіс бірқатар ашық сұрақтар әлі де бар. Бұл құжаттағы ең маңызды мәселелердің бірі – салық төлеушінің адалдық принципін енгізу екенін қайталап айтайын. Егер салық органдары кодекстің ережелерін дұрыс түсіндірмесе, кәсіпкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды.
Кәсіпкерлік өкілдеріне кодекстегі өзгерістермен терең танысып, жан-жақты зерттеу үшін көп уақыт берілді. Түзетулер 1 шілдеден кешіктірілмей қабылданып, 1 қаңтардан бастап енгізілмек. Жаңа салық кодексіндегі жаңалықтардың ең бастысы, бәлкім, жазалау шараларынан адал кәсіпкерлермен әріптестік қатынастарға көшу шығар.
Сонымен қатар жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл кәсіпкерлік саласының таза жұмыс істеуі үшін керек екені түсінікті. Сол себепті салық төлеуден жалтарған жеке кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік шегі 2 мың айлық есептік көрсеткіштен 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсті.
Жаңа Салық кодексінде қамтылмаған мәселелер әлі де аз емес. Оларды ағымдағы жылы талқылау туралы Үкіметпен келісім жасалды.
– Кәсіпкерлерге салықтық жүктеменің ауырлығы немесе жеңілдігі туралы сіздің пікіріңіз қалай?
– Салық ауыртпалығы туралы айтатын болсақ, Қазақстанда бұл көрсеткіш басқа елдермен салыстырғанда өте төмен. Мәселен, Doing Business 2018 рейтингіндегі «Салық салу» көрсеткішінде Қазақстан 50-орынға ие болды. 189 елдің арасында рейтингтегі орташа салық ауыртпалығы 33,1%-ды құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 29,2 %. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында ең төменгі орташа салық ставкасы біздің елімізде. Бұл көрсеткіш Ресей Федерациясында – 47,1 %-ға, Арменияда – 19,9 %-ға, Беларусьте – 51,8 %-ға, Қырғызстанда 29 %-ға тең.
– Кәсіпкерлердің салыққа қатысты шағымдары көп жағдайда не нәрсеге байланысты?
– Шағымдар негізінен салық органдары қызметкерлерінің біліксіздігінен және бірыңғай ұстанымның болмауынан салық заңнамасы нормаларын дұрыс қолданбауына қатысты туындайды. Атап айтқанда, салықтық тексерулер мерзімдерін кешіктіру, қосымша құн салығын уақтылы қайтармау, шығыс операцияларын заңсыз тоқтата тұру, айыппұл санкцияларын қолдану, хабарламалар жіберу және тағы басқалар...
– Соңғы сұрағымыз халық көп жиналатын жерлердегі өрт қауіпсіздігі шараларына қатысты. Біздің елімізде де бұған дейін кәсіпкерлік нысандарында өрт туындап, адамдардың өмірі қиылғанын бәріміз білеміз. Осындай кәсіпкерлік нысандарда туындауы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу жағына тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы, ғимараттар мен құрылыстарға арналған өртке қарсы қауіпсіздік талаптары құрылыс нормалары бойынша реттеледі. Құрылыс кезінде қолданылатын құрылыс және әрлеу материалдары әрдайым қажетті стандарттарға сай болуы керек. Бұл әу баста назарға алынатын жұмыс. Осы нормалардан ауытқымау өрттің алдын алуға айтарлықтай ықпал етеді. Себебі өрт болған кезде адамдар көп жағдайда жалыннан емес, түтіннен, оттегі жетіспегендіктен қаза табады.
Халық көп жиналатын ғимараттарда өрт болған жағдайдағы нұсқаулар мен адамдарды эвакуациялау жоспарларынан бөлек өрт қауіпсіздігі органының ескертулері жазылған тақтайшалар ілініп тұруға тиіс. Осы ескертулер жойылғандығы туралы ақпарат та болуы керек. Мұның бәрі бұлжымай орындалуға тиіс талаптар, ол елімізде қалыпты жағдайға айналуы керек.
– Жиі кездесетін бір төтенше жағдай туралы айтқым келіп отыр. Қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда, сол жағдайды тексеріп, қадағалап отыратын мемлекеттік орган өкілдері жазаланды ма?
– Менің білуімше, кәсіпкерлерден басқа ешкім жазаланбайды, ешқандай шығынға ұшырамайды. Барлық жауапкершілік тек бизнеске түседі. Сондықтан әрбір кәсіпкер өз жауапкершілігін толық сезінеді. Біз өкілетті органдардың жауапкершілікті де, жазаны да тең көтергенін қалар едік. Бұл – менің пікірім.
Жалпы, елімізде Елбасының тікелей қолдауының арқасында бизнесті дамыту үшін жағдайды жақсарту бойынша жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол кәсіпкерліктің дамуына, халық арасында кәсіпкерлікпен айналысуға деген құлшыныстың артуына ықпал етіп жатыр деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»