Кеше Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының кезектен тыс VIII съезі өтті. Оған партияның аймақтық өңірлер төрағалары, ауылшаруашылығы мен өнеркәсібінің, экономиканың басқа да салаларының еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының және жоғары оқу орындарының басшылары мен студенттері қатысты.
Жиын кезінде екі мәселе қаралды. Бірі – Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасын бекіту, екіншісі – 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Парламент Мәжілісіне «Ауыл» партиясынан кандидаттар тізімін ұсыну және бекіту.
Партия төрағасы Ғани Қалиев «Ақ қар, көз мұзға қарамастан, біздің кең байтақ жеріміздің төрт бұрышынан түгел съезге жиналғандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз», деп сөзін бастай келе, бұл жиынның Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырғанына, тәуелсіздіктің мәні мен мазмұнынына тоқталып өтті. Біздің еліміз егемен ел ретінде өзін әйгіледі, дәлелдеді. Еліміздің үлкен халықаралық беделі бар. Бұл – шындық. Осы орайда, сіздерді ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаймын. Біздің партияның қатарында 200 мыңнан астам азамат бар. Біз еліміздің жетістіктері мен кемшіліктерінің жай ғана куәгерлері емеспіз. Әрине, әр нәрсеге сыни көзқараспен қарағанымыз дұрыс. Біз – көпэтносты және көпконфессиялы елміз. Әлеуметтік те, экономикалық та салаларда қиындықтар бар. Сондықтан, неге қол жеткіздік, болашағымыз қандай болмақ деген сауал бізді мазалайтыны анық, деді партия жетекшісі. Ғани Қалиевтың айтуынша, 2000 жылы негізі қаланған партияның Парламентте ауқымды фракциясы болған. Енді, міне, жаңа сайлау өтпекші. Демек, елдің азаматтары, саяси партия өкілдері ретінде Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін алаңдау – заңдылық. Біз осы мақсат жолында бірігіп отырмыз, деді Ғ. Қалиев.
Бұл күні партия өкілдері әлеуметтік-экономикалық бағдарға өздерінің сайлауалды тұғырнамасын жария етті. Онда «Ауыл» партиясының мақсат-міндеттері көрініс тапса, партия жетекшісінің ауыл мәселесіне қатысты айтқан ой-пайымымен партия мүшесі, жазушы Дулат Исабековтің пікірі үндес шықты. Біз биліктің сөзін көп сөйлеп кеттік. Аузымыздан билік түспейтін болды. Халық ащыға құмар, тәттіден жерініп бітті. Бала емес ол. Мен биліктің жағасынан алайық деп үгіттеп тұрған жоқпын. Бірақ халықтың тұрмысын ашығырақ айтуымыз керек, деді жазушы.
Сондай-ақ, ол өзіне басқа партияға мүше болуға ұсыныс түсіп жатқанын, алайда ол «Ауыл» партиясында қалатынын жеткізді. Ауылдың өте қиын кезінде басымыз қосылған. Әбдіжәміл Нұрпейісов, марқұмдар Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев, көптеген ғалымдар осы партияның төңірегіне топтасты. Ауыл деген тас қараңғы, кебек жеп, лай су ішіп отырған кезінде жанымыз шырқырап, арашашы болдық. Ауылдан шыққандардың барлығы «Ауылға» мүше болуы керек. Мәселе, партияның жеңіске жетіп, ертең Парламентте отыруында ғана емес. Өз басым «Ауылдың» беделі үшін күресемін. Қолымнан келгенше. Ал ендігі Парламент Мәжілісіне мүше болатын адамдардың ішінде құрығанда ұлттың мүддесін қорғайтын 10 адам керек. «Ауыл» партиясы сайлауда өту үшін ғана құрылмаған болатын. Маған ұнағаны да сол еді. Сайлау өткеннен кейін келесі жылы құрылды. Егер де елге, ауылға деген белгілі бір бағдарламалар жүзеге асып жатса, бұл, сөз жоқ, «Ауыл» партиясының жетістігі, деді Д.Исабеков.
Съезд кезінде жазушыдан басқа, партияның жергілікті өңірлердегі өкілдері де сөз алып, партияның мақсат-мүдделері жайында таратып айтып берді. Бұл мақсат-мүдделер «жер – оны өңдейтін шаруа адамдарына берілуі тиіс», «ұрпақтар сабақтастығы – Қазақстан дамуы», «Мемлекеттік тіл – мемлекет тұғыры», «халық денсаулығы – Қазақстанның басты құндылығы», «Қазақстан азаматтары алаңсыз өмір сүруі тиіс» деген ұстанымдарға сайды.
Съезд соңында партия мүшелері сайлауалды тұғырнаманы және партия атынан сайлауға түсетін кандидаттардың тізімін бекітті. 15 қаңтарда өтетін сайлауға Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясынан 23 адам қатысады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
Астана.