«Алдымен – адам, сосын – маман» деген сөз бар. Адам капиталын дамыту үшін білікті маман болу аз, ол алдымен адамгершілігі мол, рухани бай, «кеудесі алтын сандық» адам болуы тиіс. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деген болатын.
Сол үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім.Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша өткізіп жатқан бірыңғай күн аясында облыста біршама шаралар қолға алынды. Облыстық Халықтар достығы үйінде республикалық «National bookdating» акциясына орайластырылған студент жастардың зияткерлік ойындары өтті. Онда Халықтар достығы үйіндегі жастардың ақпараттық-түсіндіру тобының спикері Руслан Мұрзағалиев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып берді.
Жастардың зияткерлік ойынын ұйымдастырушылар сұрақтардың барлығын дерлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төңірегінде ойластырды. Әр командаға бес оқушыдан кірді. Жарыс қорытындысында оқушылар 100 гуманитарлық оқулық жөніндегі викториналық сұрақтарға да жауап берді. Қазылар алқасының шешімімен қаладағы №7 орта мектептің командасы бірінші орынды жеңіп алды.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Жаңа өнеркәсіптік революция жағдайындағы адам капиталының сапасы» тақырыбымен өткен халықаралық «Байтұрсынов оқулары» ғылыми-тәжірибелік конференцияда да жаңа» жоба туралы айтылды.
– Алаш зиялыларының қазақ тілінде оқулық жазу бастамасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жалғасын тауып, әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару жұмысы қолға алынды. Бұл ана тілімізді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосылған үлкен көмек. Осы арқылы қазақ жастарының білім көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілігі арттыра түсетіні сөзсіз, – дейді А.Байтұрсынов атындағы университет профессоры Алмасбек Әбсадық.
Жобаны талқылау әлі де жалғасын табады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ