Миллиондаған ұрпақтың тәрбиелі де тәлімді болып өсуіне, рухани бай болып қалыптасуына ерекше үлесін қосып келе жатқан ел газеті – «Егемен Қазақстан» басылымына құрметіміз ерекше. Үлкен-кіші әр нөмірін асыға күтіп отырады. Бұл тұрғыдан келгенде, біздің Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы да бас басылымға қашанда тілектес.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қайта ашылған 75 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасының оқытушы профессорлары мен студенттері «Егемен Қазақстан» газетінің алдағы 2012 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылу жұмысына бір кісідей атсалысуда. Қазірдің өзінде 150 данасына жазылғанымыз жөнінде газет президенті Сауытбек Абдрахмановтың атына жолдаған жедел хатымызда жеткізген болатынбыз.
Біз үшін ең қымбаттымыз да, киеліміз де Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің бітім болмысы Елбасы арқылы көз алдымызға елестейді. Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығымен қайта шаңырақ көтерген институтта 23 мамандық бойынша кадр дайындалады. 65 пайыз оқытушыларымыздың ғылыми атағы бар. Олар жаңа заман үрдісіне сәйкес ғылымның, білімнің зор жетістіктерімен қаруланған. Соның нәтижесінде ұлттық рухы мықты әрі психологиялық ерекшеліктерімізді ісімен дәлелдеп, кәсіби маман дайындауға өлшеусіз үлестерін қосуда. Кадр мықты болмаған жерде білім мен білік үйлеспейді. Біздің ұжым осы жағына жете мән беріп, болашақ кәсіби мамандарды дайындау ісіне ерекше ден қойып отыр.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Елбасы саясатының жаршысы, халқымыздың жанашыры, ұлтымыздың ұйытқысы саналатын басылымға жазылу жұмысы алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім мол.
Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор.