• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Футбол 23 Сәуір, 2018

Станимир Стойлов: Әзербайжан құрамасын бекер таңдаған жоқпыз

276 рет
көрсетілді

– Қазақстан футбол федерациясы маусым айында елордада Әзербайжан құра­масымен жолдастық матч өткі­зетінін жариялады. Әзер­байжан құрамасы не себептен таңдалды? Қарсылас туралы айтып өтсеңіз?

– Ең алдымен Қазақстанға келу үшін келісім берген Әзербайжан құрамасына алғыс айтқым келеді. Екіншіден, келіссөзді жүргізген Қазақстан футбол федерациясы үлкен жұмыс атқарды. УЕФА-ның Ұлттар Лигасының алғашқы ойыны елордада өтетін болғандықтан, жолдастық кездесуді өз алаңымызда қабылдауға шешім қабылдадық. Іріктеу тобындағы қарсыласымыз Грузиямен ойыны ұқсас Әзербайжанды таңдадық. Соңғы жылдары Әзербайжан құрамасы жақсы ойын көрсетіп жүр. Команданы жаттықтыратын Гурбан Гурбановтың да білікті бапкер екенін атап өткім келеді. Әзербайжанда клубтық деңгейдегі футбол көтеріліп келе жатқанын білеміз. Біздің команданың дайындығын тексеруге жақсы мүмкіндік болмақ.

– Маусым айындағы қар­сы­лас белгілі. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынындағы жос­парымен бөліссеңіз?

– 1-5 маусым аралығында Астана қаласында оқу-жаттығу жиынына жиналамыз. Біздің міндетіміз – команданың ойын үлгісін қалыптастыру. Венгрия және Болгариямен өткен матчтардағы ойын үлгісін әрі қарай дамыта түсу мақсатын алға қоямыз. Алғашқы оқу-жаттығу жиынын жақсы өткіздік. Әр жиын сайын командаға жаңа леп қосып отыру қажет. Әрине әзірге үлкен қадамдар жасай алмаймыз. Біртіндеп алға жылжып отыру керек. Маусым-шілде айларында футболшыларға түсетін ауыртпашылықты білеміз. Футболшылар ішкі біріншілік пен Еурокубок турнирлерінде ойнайды. Ұлттық құрама ойын­шыларына 4-5 күн демалуға рұқсат беремін. Өйткені 2-2,5 ай бойы оларға түсетін салмақ көп болмақ. Еурокубокта ойнайтын командалардың жақсы нәтиже көрсетуі біз үшін де маңызды. Топтық кезеңге бірнеше команда жолдама алса, үлкен жетістік болмақ.

– Премьер-лиганың алты туры аяқталды. Бесінші турда «Астана» мен «Қайрат» жолықты. Ұлттық құрама футболшыларының ойыны қалай? Маусымдағы жиынға шақырту алуға үмітті жаңа есімдер бар ма?

– Ұлттық құраманың матч­тарынан кейін командалар деңгейлерін көтеріп, бабына келе бастады. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесу өте тартыс­ты өтті. Ұлттық құраманың ойын­шылары осы матчта жақсы ойын көрсетті. Маусым айына дейін бірнеше ойынды қарап, ор­тақ тұжырымға келеміз. Жаңа есім­дер шығып жатса, ұлттық құра­маға шақырту алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»