Лифтінің техникалық жағдайын бақылауға қатысты салғырттық жақында Ақтөбе қаласында қайғылы оқиғаға себеп болғаны белгілі.
«Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, лифтілер қауіпті техникалық құрылғыларға жатады және оларды пайдалану қауіпсіздігі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай болуға тиіс. Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган болып табылады. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығына сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде бекітілген лифтілерді бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзырына, яғни қалалық тұрғын үй инспекцияларына берілді. Бірақ іс жүзінде қалалық тұрғын үй инспекцияларына лифтілерді жаңғыртуды, реконструкциялауды және жөндеуді қоса алғанда, оларды техникалық күтіп ұстау бойынша бақылау функцияларын іске асыру жөніндегі өкілеттіктер берілмеген.
Жергілікті атқарушы органдарға уәкілетті орган берген штат бірліктері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспектор мәртебесін иеленбеген.
Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламентінде лифтіні пайдалануға беру алдында объектіде бекітілген лифтінің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау жүргізілуге тиіс екені белгіленген.
Өз кезегінде, Инвестициялар және даму министрлігі қауіпті өндірістік объект болып табылатын лифтілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге міндетті.
Сонымен бірге қалалық тұрғын үй инспекциялары мен Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық бөлімшелері арасында функциялардың қайталануы өкілеттіктердің нақты аражігін ажыратуды қажет етіп, тұтастай алғанда лифт шаруашылығында бақылау функцияларын іске асыру бойынша жауапкершіліктің жоқтығына алып келді. Осының салдарынан жергілікті жерлерде лифтілерді техникалық күтіп ұстауды жүзеге асыратын компаниялардың қызметіне бақылау жасалмайды, олардың қызметіне қойылатын талаптар айқындалмаған, лифт ұйымдарын сертификаттау тетігі әзірленбеген. Сондай-ақ біздің ойымызша, лифтілерді монтаждау және оларға техникалық қызмет көрсету құқығына лицензия берудің күшін жою жағдайды ушықтырып отыр. Бақылау тетігі жолға қойылмайынша, лифтілер адам өміріне қауіпті болып қала беретіні анық. Қазақстан Лифтшілерінің ұлттық қауымдастығының деректері бойынша, республикамыздың аса ірі жеті қаласында 7000-ға жуық лифт күрделі жаңғыртуды немесе ауыстыруды қажет етеді.
Астана қаласының өзінде шамамен 60 сервистік компания жұмыс істейді, олардың болмашы бөлігінің ғана шын мәнінде құзыреттері, мамандары және қажетті өндірістік-технологиялық базасы бар. 2016 жылдан бастап 2018 жылдың бүгінгі күні аралығында төтенше жағдайлар департаментіне «112» нөміріне Астана лифтілеріндегі апаттық жағдайларға байланысты 934 қоңырау шалынған. Жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріндегі лифтілердің де ұдайы істен шығып жататыны таңғалдырмайтын болды. Лифтілердің апаттылығы мәселесі әртүрлі әкімшілік деңгейлерде талқыланғанымен, жағдайдың өзгермегенін атап көрсету керек.
Сондықтан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан жоғарыда баяндалғандарға байланысты:
1.Бақылау-рұқсат беру функцияларын ырықтандыру бойынша жүргізіліп жатқан реформа жағдайларында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар арасында лифт жабдықтарын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялардың қайталануын болғызбау және тұрғын үй инспекциясы қызметкерлеріне тиісті өкілеттіктері бар мемлекеттік инспекторлар мәртебесін беру жөнінде шаралар қабылдауды;
2.Лифтінің және лифт қауіпсіздігі құрылғысының сәйкестігін растауды сертификаттауды жүргізудің бірыңғай тетігін әзірлеуді;
3.Лифт қызметін көрсетуге арналған бірыңғай салалық стандартты, оның ішінде лифтілердің бірыңғай электрондық тізілімін құру туралы мәселені қарастыруды;
4.Кеден одағының «Лифтілер қауіпсіздігі» деген техникалық регламенті талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді;
5.Монтаждау ұйымдарын, сервистік компанияларды және жабдықтарды импорттаушыларды таңдауға қойылатын талаптарды ретке келтіруді сұраймыз.
Марат ТАҒЫМОВ,
Сенат депутаты