Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің (2013 жылғы 11 қазандағы 01-7.14 хаттамасымен) Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына Атырау облысының Махамбет және Индер аудандарына қарасты Жайық өзенінің үстінен көпір құрылысын салу жобасы енгізілген.
Нысанның жалпы құны 9 800,0 млн теңгені құрайды. 2014-2017 жылдар аралығында аталған жобаға 7 550,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Осы қаражаттың 6 050,3 млн теңгесі, яғни 80% жергілікті бюджет есебінен игерілген. Бұл көпір республикалық маңыздағы Ақтөбеден ресейлік Астраханьға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 50 мыңнан аса тұрғыны бар 18 елді мекен халқының бүгінгі күнге дейін аудан орталығына пароммен қатынауы тұрғындардың тіршілігіне қолайсыз әрі қауіпті жайт және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да кері әсерін тигізуде.
Осы тарапта аса қажетті көпір құрылысы жұмысын жылдам аяқтап, іске қосу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 1 500,0 млн теңге бөлінген жағдайда, биылғы жылы нысанды толықтай бітіріп, іске қосуға мүмкіндік туады.
Нысанның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауал арқылы 2018 жылғы республикалық бюджет есебінен жоғарыда аталған қалған қаржы сомасының бөлінуіне ықпал етуді сұрап отырмыз.
Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ,
Сенат депутаты