Бүгінгі таңда жан-жақты дамыған ғылымсыз өркениетті елдердің қатарына қосылу мүмкін емес екені жалпыға бірдей ақиқат.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Зерделі зерттеу – ел игілігі
Қазақстан ғылымының асқар тауы Қаныш Сәтбаевтың үлкен бір арманы – Қарағандыда ғылымның академиялық орталығын құру еді. Сол үшін химия-металлургия институтының негізін қалап кетті. Онда талантты ізбасары Евней Бөкетов Орталық Қазақстан аймағында алғашқы іргелі ғылыми мектеп қалыптастырды. Одан соң Органикалық синтез және көмір, еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар, «Фитохимия» институттары ірге көтеріп, өңір өндірістің ғана жүрегі емес, ғылым мен білімі дамыған еліміздің екінші шаңырағына айналды. Сол кезде жұмысы дәуірлеп тұрған «Қарағандыкөмір» бірлестігінің шахталары мен кеніштері, металлургия комбинатының кокс-химия өндірісі, жаңадан ашылған Шұбаркөл мен Майкүбі энергетикалық отын кешендері ғылыми зерттеулерді дамыта түсуді талап етті. Біздің институт осы бағытта жұмыс істеуді қолға алып, мінеки, ширек ғасырдан астам жалғастырып келеді. Бұл уақыт аралығында аймақ көмір кені көздерінің химиялық-технологиялық бағасы, түрлі химиялық үдерістегі реакциялық қабілеті зерттелді, катализдік гидрогенизацияның, тотығу деструкциясының, көмірді химиялық түрлендіру мен оның құрамындағы гуминдік заттардың химиясының іргелі негіздері жасалды. Сондай-ақ, көмірді өңдеу өнімдерінен жаңа бағалы органикалық заттар шығарудан алынған өнімдерді халық шаруашылығына қолдану аясын арттыру жөнінде ғылыми іргетас қаланды. Табиғи ресурстарды кешенді пайдаланудың , қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың, көмір шикізатынан қалдығы аз өндірістер жасаудың жолдары қалыптасты.
Облыстың жетекші кәсіпорындары институтымыздың өндірістік химия саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулеріне зер салып отырады. Осыған сәйкес өзара байланыс тамыры терең. Мәселен, Еуразия өнеркәсіп қауымдастығы Шұбаркөл көмірін гидрогенизациялау жөніндегі жұмысқа ықылас білдіріп, ғалымдарымыз тапсырысты орындап шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев облысқа жұмыс сапарларының бірінде институтта болып, жаңа, жоғары тиімді биологиялық белсенді қосындылар жасаудың іргелі негіздері жөніндегі ғылыми ізденіске оң баға берді. Бізде ісікке қарсы « Метотриссат» дәрілік препаратын жасауға қолданылатын 2,4,5,6 –тетраиминпиллидин алу технологиясы, сондай-ақ, терең мұнай ұңғыларын бұрғылауда пайдаланатын көмір-сілті реагенті өндіріске үлкен пайда тигізді. Халькогендер мен халькогенидтер химиясы мен технологиясы жөніндегі зерттеулер ғылыми жұртшылық тарапынан мойындалып, бірқатар металлургия кәсіпорындарында қолданылады.
Институт ғалымдарының «Қазақстанның табиғи шикізатының негізінде жаңа технологиялық белсенді заттарды, металл қосындыларын және олардың ультрадисперсті ұнтақтарын алудың электрхимиялық әдістері мен технологиялары жұмыстары үшін» Отанымыздың Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұрнағы жылы ұжымға ғылымдағы белсенді жұмысының лайықты бағасы ретінде «Сапа үшін халықаралық жұлдыз» жүлдесінің алтын медалі табыс етілді. Мұның өзі институт жетістіктері әлем ғалымдарына мәлімдігін дәлелдейді. «Көмір химиясын дамытудың жағдайы және перспективалық бағыттары», «Органикалық қосылыстардың молекулалық спектроскопиясы және кванттық химия», «Газ және сұйық ортадағы физикалық-химиялық процестер», «Органикалық синтез, электрохимия және катализдің осы заманғы проблемалары»атты тақырыптарда өткен ғылыми форумдарға қатысқан шетелдік әріптестеріміз ізденістерімізге зор қызығушылық танытты.
Бірер жылдан кейін институтымыздың құрылғанына 30 жыл толады. Тәуелсіз еліміздің ғылымы халықаралық талап-талғамға сай өркендеуіне сүбелі үлес қоса түсуді мақсат еткен ғалымдарымыз бен мамандарымыз іргелі ізденістерді, терең зерттеулерді жетілдіре беруге күш салып отыр. Әрине, олардың әлемдік деңгейден көріне алуға қабілет-мүмкіндіктері жеткілікті. Бір академик, 10 ғылым докторы мен 12 кандидатының қызметі соған жұмылған. Құрамында көмір химиясы, полимерлер химиясы, молекулалық спектроскопия, электрлік катализ және кванттық химия зертханасы, қолданбалы жұмыстар, аэроиондық зерттеулер тобы бар мамандандырылған жетекші ғылыми мекеме ретінде сол биіктен көріне беру басты мақсат.
Зейнолла МОЛДАХМЕТОВ, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, ҰҒА академигі.
Қарағанды.
Қамқорлық қанаттандырды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, Алматыда ел ғалымдарымен жүздесуінде ғылымның дамуы жайлы жан-жақты талдау жасады. Шынында ғылым ел дамуының басты бағыттарының біріне айналды.
Бұл сала Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың үнемі назарында. Соның бір дәлелі жоғарыда айтқан алқалы жиын дер едім.
Президент 2009 жылдың 4 қыркүйегінде ғылым мәселелері бойынша өткізілген кеңесте нарықтық қатынас талаптарына жауап беретін және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа ұлттық ғылыми жүйені құруға қажетті құқықтық негіздерді қалыптастыру туралы міндет қойған болатын. Мұнда «Ғылым туралы» жаңа заң қабылдау қажеттілігі туралы әңгіме қозғалған еді. Міне, осының нәтижесінде биылғы жылдың басында «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды.
«Ғылым туралы» Заңның негізгі ерекше жаңалығы алғаш рет әкімшілік және сараптамалық (таза ғылыми) қызметтер жеке жүргізілетін болады. Ендігі жерде ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру бойынша шешімдерді ғылыми қауымдастықтың өзі қабылдай алады. Бұл үшін Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның (ЖҒТК) қызмет аясы кеңейтілді, жаңа құрылымдар – Ұлттық ғылыми кеңестер (ҰҒК) және Мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама ұлттық орталығы (МҒТС ҰО) құрылды.
Осы жылдың сәуірінде республика Премьер-Министрінің төрағалығымен ЖҒТК мәжіліс өткізілді, онда 2011-2013 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 5 басым бағыты анықталды.
Республика Үкіметінің қаулысымен ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы бекітілді. Оларға ерекше орын берілді, өйткені олар ғылыми жобалардың конкурстық сұрыптауын жүргізіп, оларды жүзеге асыру туралы соңғы шешім қабылдайтын болады. Басым бағыттарға сәйкес 35 ірі ғалымнан тұратын 5 кеңес құрылды. Олардың 26-сы отандық, 9-ы шетелдік ғалымдар. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы өз жұмысын бастап кетті. Мұнда сараптаманы отандық және шетелдік тәуелсіз ғалымдар жүргізеді. Сонымен, ғылымның тағдырын ғалымдардың, осы саланың жетекші мамандарының өздері шешетін болады. Бұл ғылымды басқару жүйесін демократизациялау және оның кәсібилігін арттырудағы өте үлкен қадам.
Заңның түбегейлі әрі елеулі тағы бір жаңалығы ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық, және бағдарламалық-мақсаттық сияқты жаңа формаларының енгізілуі болды. Базалық қаржыландыру мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоо инфрақұрылымын, коммуналдық төлемдерін, әкімшілік шығындарын қызмет көрсетуші құрамның еңбекақысын төлеуге, ақпараттық қамсыздануын, т.б. қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тек 2011 жылы ғылыми мекемелердің базалық қаржыландыруына 2,5 млрд. теңге қарастырылды. Ал ғылыми-зерттеулер гранттық және бағдарламалық-мақсаттық жүйе бойынша қаржыландырылмақ. Осы күні ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландыруға байқау өткізу бойынша толық көлемдегі жұмыс басталды.
Байқауға берілген өтінімді рәсімдеу бойынша талаптар да жаңарды. Өткен жылдармен салыстырғанда, өтінімді рәсімдеу барынша оңтайландырылды. Өтінімді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде беру оңай талап бола қоймас. Дегенмен, сараптаманы тек отандық ғалымдар ғана емес, шетелдік ғалымдар да жасайтынын ескергеніміз жөн. Гуманитарлық саладағы және ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне қатысты жұмыстар бойынша сараптаманы тек қазақстандық ғалымдар жүргізетінін ашып айта кетуді міндет санаймын. Жобаларды таңдау кезінде басты міндеттерге мыналар алынады: ғылыми жаңалық, ғылыми-техникалық деңгей, болашақтағы тиімділігі, бұған дейінгі зерттелу дәрежесі, қолданылатын әдіснама, күтілетін нәтижелер, қаржыландырылу көлемінің экономикалық негіздемесі, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі.
Қазіргі кезде ғылыми ұйымдар, жоо және жеке тұлғалардан 2 мыңнан астам өтінім түсіп отыр. Байқауға ғылыми ұйымдармен қатар жекелеген ғалымдар да, ұжымдар да қатыса алады. Республикалық бюджетте 2011 жылға гранттық қаржыландыруға 5 млрд. теңге бөлінгенін де айта кетсем деймін.
Жалпы алғанда, ғылымды қаржыландыру үздіксіз өсіп келеді: 2011 жылы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудың жалпы көлемі 28,8 милрд. теңге, ал 2012 жылы бюджет жобасында 41,8 млрд. теңгені құрамақ.
Заңда көрсетілгендей, жоо ғылыми және инновациялық қызметтермен де айналыса алады. Ел үшін жаңа құрылым болып табылатын зерттеу университеттері ғылыми қызметке қажетті мамандарды дайындау мен инновациялық экономиканы жетілдіру орындарына айналмақ.
Бақтыбай ҚАСЫМБЕКОВ, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы
Аграрлық ғылым алға басты
Қазақ аграрлық ғылымының бүгінгі таңдағы басты жетістіктері жайында айтар болсақ, қазір «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамында 43 ұйым, яғни 23 ғылыми-зерттеу институты, 6 мамандандырылған орталық және 14 тәжірибе шаруашылығы бар. Олардың қызметі ғылыми идеяның туындауынан бастап, өндіріске енгізуге дейінгі аралықты қамтиды.
Қолданбалы зерттеулердің үш жылдық бағдарламасы 2009 жылы басталған болатын. Біз осы бағдарламаның екінші жылын табыспен аяқтадық. Бағдарламаға өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, табиғат ресурстарын басқару және агроөнеркәсіп кешені экономикасы салаларындағы 36 ғылыми жоба бойынша 32 ғылыми-зерттеу ұйымы қатысып отыр.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, өсімдік шаруашылығы саласындағы зерттеулер нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттары 51 жаңа сортты сынақтан өткізді. Бұл 2009 жылдың деңгейімен салыстырғанда 45% жоғары.
Тек 2010 жылдың өзінде ғана біз зияткерлік меншікке арналған 66 инновациялық, 11 өнертапқыштық және 54 селекциялық жетістікке патент алдық.
2011 жылы аграрлық ғылымның бюджеті 6,0 млрд. теңгеден жоғары болса, келесі жылдарда мемлекет қолдауымен ғылым саласына «ҚазАгроИнновация» АҚ арқылы 2014 жылға дейін жыл сайын 6,5 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Ғылыми қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету де өз шешімін табуда. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық ғылым алға басып, әлемдік даму жолына бет алып келеді.
Самат БАЙМАХАНОВ, «ҚазАгроИнновация» АҚ баспасөз хатшысы.
Дерек пен дәйек
* 2011 жылғы ақпанда «Ғылым туралы» Заң қабылданды.
* Биотехнология, фитохимия, нанотехнология саласындағы халықаралық деңгейдегі бірқатар маңызды нәтижелерге қол жетті, отандық мобильдік компьютерлерді, A/H1N1 шошқа тұмауына қарсы вакциналар, нанотехнологиялар негізінде туберкулез және АИВ жұқпалы аурулар құртына қарсы жаңа препараттар; жүрек қан тамырлары аурулары (атеролид) үшін жаңа фитопрепарат жасалды. Мұнайды қайта өңдеу жаңа аса тиімді катализаторларды алу технологиясы әзірленді.
* ДЦ-60 ауыр иондарын үдеткіш базасында ғылыми-зерттеу кешені құрылды.
* Профессор У.Өмірбаев атақты жапон математигі М.Нагатаның есебін шешті және ол үшін америкалық Математика қоғамының сыйлығына ие болды.
* Академик Серғазы Әдекенов бастаған ғалымдар қатерлі ісікке қарсы қолданатын «Арглабин» дәрісін өндіріске енгізді.
* Гуманитарлық ғылымдар саласында «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде отандық және әлемдік ғылыми ойлау, мәдениет және әдебиет басылымдарының сериялары әзірленді, «Түрік академиясы» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.
* Жалпы, түрік мұражайы және түрік кітапханасы, Ғылым ордасы ашылды.
* «2007-2009 жылдарға арналған ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық» ғылыми-техникалық бағдарламасы шеңберінде 92 бірлескен жоба орындалды, 2011 жылы 27 халықаралық жоба орындалу үстінде.
* 2011-2013 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 5 басым бағыты анықталды. Олар - энергетика; шикізат және өнімдерді терең өңдеу; ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар; өмір туралы ғылым; елдің зияткерлік әлеуеті.
* Ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық және бағдарламалық жаңа нысандары енгізілді.
* Ғылымды қаржыландыру 2012 жылғы жобада 41,8 миллиард теңге деп белгіленген. 2014 жылы ЖІӨ-нен ғылыми зерттеулерге орта есеппен 1 % жұмсау көзделіп отыр.
Талапқа талғам таразы
Биыл табиғат жомарттық жасады, Қостанай облысы 8 миллион тоннадан аса астық жинап алды. Ал біздің «Заречный» шаруашылығы гектар түсімін 37 центнерге жеткіздік. Облыста бұрын-соңды гектар түсімі мұндай көрсеткішке жеткен емес. Мұның сыры өзім көп жылдан бері айналысып жүрген ылғал сақтау технологиясында болатын. Биыл осы технологияны бұрнағы жылдарға қарағанда бөлшектемей, ғылыми қағидалардың барлығын сақтай отырып, тұтас пайдаландық.
Иә, бұл ғылыми еңбек бір жылдың жемісі емес. Жер өңдеудің өзім жасаған жаңа тәсіліне Интеллектуалдық меншік жөніндегі ұлттық комитеттен төрт патент алғанмын. Олардың бағалағанына ризамын. Мен бұл еңбегімнің бағаланумен қатар, осы жүлде арқылы жаңа технологияның елімізде насихатталатынына қуандым. Бұл технология қазір астық державалары – канадалық, аргентиналық, австралиялық ғалымдар мен диқандар тарапынан мойындалған. Әлемдік стандартқа сай келеді. Қазақстандық технология туралы менің еңбектерім Австралия мен Канадада ағылшын тілінде басылып шықты. Бүгінге дейін 150-ден аса мақала жазыппын, екі кітапты осы салаға арнадым.
Адамзат соқаны ойлап тапқалы жердің қыртысын аударып, топырақтың құнарын құртумен келеді. Қазақстанда тың көтерілгелі 50 жыл ішінде топырақтағы органикалық заттардың 30 пайызын жойып жібердік. Топырақта 7-8 пайыз органикалық заттар болады, қазір оның мөлшері 4-5 пайыздан аспайды. Жер бетіндегі 1 сантиметр қарашірік қалыптасуы үшін жарты ғасыр уақыт керек. Ол қалай пайда болады? Өсімдіктің сабағы, жапырағы, тамыры орнында қалып, шіріп, жер астындағы түрлі микроорганизмдермен өзара әрекеттескенде қалыптасады. Біз, адамдар, соқамен топырақты бірнеше сантиметр тереңдікте аударып тастағанда, ондағы тірі организмнің барлығы да жердің, күннің әсерінен жойылып кетеді. Ал топырақ сол тірі организмдердің арқасында топырақ болып тұр. Соқаны адамзат өркениетінің көрінісі деп қабылдадық. Ал 1850 жылы Чарльз Дарвин: «Адам соқаны ойлап тапты, бірақ топырақты соқа қопсыта ма, құрт-құмырсқа қопсыта ма, оны әлі өмір көрсетер» деген екен. Сол Дарвиннің айтқаны дұрыс. Жердің қыртысының астаң-кестеңін шығарғандықтан да ол «азып» барады.
Мен ылғал сақтау технологиясын жүзеге асыру үшін соқаның бір тісіндей ғана, өзі жұқа, тұмсығы үшкір құрал ойлап таптым. Ол «сошник» деп аталады. Осы құралды сеялкеге тіркеп, жерді тереңдігі 2 сантиметрден аспайтын етіп, іреп сызып, оған дән тастап отырады. Сонда топырақтың флорасы бұзылмай, ертең өсетін бидайға, басқа да дақылға керекті азықтың барлығы да топырақтың өзінде қалады.
Қайталап айтайын, ең бастысы – топырақтың құнарын өзінде қалдыру болмақ. Бұрын диқандар мен мамандар арасында жерден қанша мол өнім алсаң, жер сонша азады, оған үстеме минералдық тыңайтқыштар беру керек деген түсінік бар еді. Ал жерді ылғал сақтау технологиясымен өңдегенде жыл бойы топырақ өсімдік қалдықтарымен жабулы жатады. Ол қалдықтардың барлығы да жауын-шашын және микроорганизмдер әрекетімен қарашірікке айналып, топырақты органикалық заттармен байыта түседі. Қысқасын айтқанда, дайын тыңайтқышқа айналады. Ол осы жерден орып алған астықты өсірген құнардың барлығын да қайтадан орнына келтіреді. Сонда мынадай түсінік шығады. Күзде бітік астық орған сайын, топырақ азбайды, қайта құнарлы бола түседі. Өйткені, жақсы өскен астықтың топырақта қалатын сабағы мен жапырағы, тамыры да мықты, топырақ бұрынғыдай тозудың орнына органикалық заттармен құнарлана түседі. Мен аузым тынбай айтып жүрген ылғал сақтау немесе нөлдік технологияның бар сыры осы ғана.
Бұл технологияның басты артықшылығы-химиялық тыңайтқыштарды керек етпейді. Сондықтан топырақ химиямен ластанбайды. Ал ондай жерге еккен бидайдың сапасы да жоғары. Біздің өндірген бидайымыз халықаралық көрмелерде экологиялық тазалығымен, сапасымен жоғары бағаланып жүр. Құнарлы топырақ – сапалы азық. Ол халқымыздың, кейінгі ұрпақтың денсаулық кепілі деген сөз.
Жақында ауылшаруашылығы қызметкерлерінің форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеудеме Алтын жұлдыз тақты–Қазақстанның Еңбек Ері атандым. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы менің ылғал сақтау технологиясын жүзеге асырғанымды да айта кетті. Қостанайға келген сапарында Елбасыға осы технология туралы жарты сағаттай әңгімелеп бергенімде, ол кісі сөзімді бөлмей тыңдаған еді. Озық ғылыми технология еліміз диқандарының кәдесіне жараса, азық-түлік молшылығына мұрындық болса менің мақсатымның орындалғаны.
Валентин ДВУРЕЧЕНСКИЙ, «Заречный» ғылыми-тәжірибе институтының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы.
Дарындылар тартуы
Жас ұрпақты зерделі зерттеулерге баулимыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда жас ұрпақтың білімді де, білікті болуы үшін барлық мүмкіндікті жасап келе жатқаны мәлім. Сондай қамқорлықтың бірін Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына жасап келе жатыр. Он жылдан аса уақыттан бері жүздеген талантты жастар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен отандық және халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысып, еліміздің абыройын асыруда.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тартар тартуы ретінде арыға бармай, биылғы жылы жүзден жүйріктер арасында өткен халықаралық олимпиадаларда мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу еңбектері бойынша қол жеткізген жетістіктеріне тоқталар болсам, соның өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Мысалы, Мәскеуде өткен халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысқан оқушылардың біреуі алтын, бесеуі күміс, үшеуі қола медаль алса, Румынияда математикадан өткен Балкан олимпиадасында бір оқушы алтын, үшеуі күміс, екеуі қола медальға ие болды. Ал химия пәнінен Түркияның Анкара қаласында болған білім сайысына қатысқан үш үміткердің бірі алтын, екіншісі күміс, үшіншісі қола медальдарды омырауына тақты. Сол секілді Бангкок қаласында физикадан өткен халықаралық олимпиадаға барған бес оқушының үшеуі алтын, біреуі күміс, біреуі қола медаль алып, мемлекетіміздің мәртебесін аспандатты. Бұл секілді жетістіктеріміз ондап емес, жүздеп саналады. Мен мұның бәрін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына оқушылардың тартқан тартуы деп білемін.
Шолпан ҚИРАБАЕВА, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.
Тәуелсіздік жемісі
Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығының қарсаңында мен ерекше бір жақсылықты атап айтсам деймін. Ол Қазақ ұлттық инженерлік академиясының ірге бекіткені еді. Бұл ғылым ордасының негізін айтулы ғалым Өмірбек Жолдасбеков қаласа, қазіргі жетекшісі елге танымал азамат, белгілі оқымысты Бақытжан Жұмағұлов. Бұл академия тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Себебі, біздің академияның құрылғанына да жиырма жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде ғалымдарымыз бес ғылыми жаңалық ашып, жүзден аса зерттеулеріне патент алды.
Жалпы ғылыми жетістіктер ғалымдардың санымен емес, ашқан жаңалығы, оның халыққа тигізген пайдасымен өлшенетіні белгілі. Біз алған патенттер қандай деген сұраққа келетін болсақ, ол күн мен жел қуатын пайдалану, мұнай өнімділігін арттыру, судан да мол пайда табуға болатынын дәйектеу болып есептеледі. Қазір табиғатты таза сақтау үшін күн мен жел, су қуатының тиімділігі артып отыр. Бұл арқылы мұнай қуатын пайдалануды қысқартуды ұсынудамыз. Бізге ең қажеті табиғат ананың тазалығын сақтау. Осыдан елу жыл бұрын бір тонна мұнайды шығару үшін сол мұнайдың 1 кило қуаты жұмсалатын. Қазір 1 тонна мұнай алу үшін 1 тонна мұнай жұмсайтын болдық. Бара-бара мұндай шығынмен мұнайдың пайдасынан зияны көп болатыны сөзсіз. Себебі, оған кететін шығын артып, ауаны ластай беретін болады. Біз осыны тиісті орындардың алдына мәселе етіп қоюдамыз.
Болашақта жүздеген патенттеріміз өндіріске еніп, іске асып жатса, мол пайдаға кенелер едік. Мұны лауазымды азаматтар, қаржы бөлетін орындар білуі керек. Осындай қамқорлықты біздің бес жаңалық пен 100 патент күтіп жатқанын айта кетсем деймін.
Тағы бір айтайын дегенім, мұнай алу ісі бес мың метрге дейін тереңдеп бара жатыр. Осы тереңдіктегі қою мұнайды шығару үшін жылы су, жылы ауа, қышқыл айдайды. Сонда ғана барып, мұнай жер бетіне шығады. Біз осындай қыруар қаржыны үнемдеудің жолын ұсынып отырмыз. Ол былай: адам өкпемен қалай демалса, жер де солай демалады. Оның да өзіндік заңдылығы бар. Егер қысылып дем шығарғанда ішіндегі мұнай, су, газ болсын – бәрі сыртқа шығады. Ал ауаны ішке тартқанда жылы су, жылы ауа, қышқыл құйсаң да мұнай шықпайды. Біз жоғарыда ашқан жаңалығымызды өндіріске енгізер болсақ, қуатты кем жұмсар едік. Әрине, бұл жаңалығымыздың арнайы патенті қолымызда тұр. Болашақта іске асады деген сенімдеміз. Бір сөзбен айтқанда, біздің Ұлттық инженерлік академия ашқан жаңалықтар осы күндері көптеген әлем оқымыстыларының назарын аударып отыр.
Нәдір НӘДІРОВ, академик.
Тың қадамдар жасалуда
Адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ екені белгілі. Тәуелсіздік жылдарында осы салаға зор мән беріліп отырғанына көптеген мысалдар келтіруге болады. Әсіресе, ғылым саласындағы тың өзгерістер соның дәлелі деп ойлаймыз. Қазір еліміздің медицина саласында жүрген ғалымдар 400-ден аса ғылыми талдаулар жасап, соның 123-і өз нәтижесін беріп отыр. Мұндай игі істерді дамыту Елбасы бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да дәйектелген еді.
Ғылым жетістерін тиімді пайдалана алсақ, адам денсаулығын жақсартуға болатынын көріп отырмыз. Бұған Отанымыздағы туберкулез, ВИЧ/СПИД кеселдерінің азая бастағаны дәлел бола алады. Сол секілді ғылымда дәйектелген жоба бойынша адам ағзаларын ауыстыру жұмысы да жақсы орындалып келеді. Ұлттық кардиологиялық ғылыми орталықта жүрекке ота жасау да оң нәтиже беруде. Көз аурулары ғылыми зерттеу институтында адам жанарына операция жасаудың жаңа жолдары ашылып, ол мыңдаған адамдардың жанарына жарық сәуле сыйлап отыр. Ғалымдарымыздың ерекше ізденісінің нәтижесінде қатерлі ісік ауруына қолданатын «Арглабин» енгізілді.
2014 жылы отандық дәрі өндіруді 50 пайызға көтеру жоспарлануда. Қазір ел ғалымдары төрткүл дүниедегі медициналық мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасап, атақты оқымыстылармен пікір алмасуды жақсы жолға қойды. Әрине, заман өзгерген сайын ғылым да алға дамып келеді. Соның бастысы, адам денсаулығына қатысты ғылыми зерттеулерді жетілдіру бүгінгі күннің басты талабына айналуда. Бұл істе қазақ ғалымдары ерекше ынта танытып отыр. Олардың ашқан жаңалықтары, өндіріске енгізген дәрілері қазір үлкен сұранысқа ие. Біз қазір бұрынғыдай емес, тәуелсіздіктің арқасында өзіндік ізденістерімізді дамыту мақсатында өзге ел ғалымдарымен де байланыс жасауға ұмтылудамыз. Адам денсаулығын жақсарту жолындағы ғылымда шекара болмайтыны белгілі. Сондықтан да жақсы ғылыми жетістіктерді өз Отанымызға алдырып, соны ұлттық менталитетімізге сай қолданысқа енгізіп келеміз.
Алма СЫЗДЫҚОВА, Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстары департаменті директорының орынбасары.
Жастар ізденіс үстінде
Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдағы күні ғалымдармен дидарласқанда жастардың ғылымға ден қоя бастағанын айтып, оларға зор үміт артқан еді. Шынында соңғы жылдары ғылым адамдары қартайып бара жатыр деген әңгімелерді жиі естиміз. Әйтсе де дүниенің тегершігі ғылымда жатқанын кім де болса жоққа шығармайды. Ғылыми негізі мықты қаланған жұмыстың баянды болатынын қоғам дамуы көрсетіп отыр. Мен де соңғы жылдары экономикалық ғылыми зерделеулерге ден қойып жүрмін.
Ғылым мен білімді ұштастыру қашанда нәтижелі болады. Бұған Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен Жапониядағы Токай университетінде оқып жүріп, көз жеткіздім. Енді сол алған жоғары білімімді, ғылыми ізденістерімді Отаныма келгеннен кейін жалғастыру үстіндемін. Экономика бірде өрлеп, кейде төмендеп отыратыны мәлім. Ал оны мызғымастай ғылыми тұрғыдан бекіту оңай болмаса керек. Дегенмен, алға болжам жасап, келер күннің кемелді істеріне негіз қалап отыру ғылым жолында жүрген адамдардың басты міндеті деп білемін.
Жаратқан ием қазақты бодандықтан құтқарып, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Соның арқасында біз төрткүл дүниеге танылдық. Жиырма жыл ішінде Президенттің дара саясатының арқасында атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Алда тұрған міндеттер де аз емес. Сол міндеттерді орындауға менің за- мандастарым отаншылдық рухпен, сергектікпен үлес қосуы тиіс деп санаймын.
Азамат ТАЙЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің қызметкері.
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Сүлеймен МӘМЕТ.