Әлемдік БАҚ Солтүстік Кореяның ядролық сынақтар мен баллистикалық зымырандар ұшыруды тоқтату жөніндегі мәлімдемесін жарыса жариялауда. Бұл оқиға жаһандағы қауіпсіздік мәселесін қарумен емес, қашанда келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешуге үндеп, осы жолда араағайындық жасап келе жатқан Қазақстан жолының бірегейлігіне тағы бір мәрте дәлел болып отыр. Биылғы қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Солтүстік Кореяны Қазақстанның жолымен жүруге шақырғаны белгілі. «Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз тәуелсіз ел болып, мемлекетімізді нығайттық. Осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз», деген-ді Президент.
Корей Халық Демократиялық Республикасының басшысы Ким Чен Ын Солтүстік Корея ядролық сынақтарды, баллистикалық ракеталар ұшыруды тоқтататынын, мемлекеттің солтүстігіндегі ядролық палигонның жабылатынын мәлімдеді. Ким Чен Ынның айтуынша, Пхеньян ядролық қару жасау мақсатына толық жеткендіктен, сынақ жүргізуге қажеттілік жоқ. Бірақ Солтүстік Корея өзінде бар ядролық қаруды сақтап қалады.
Өз сөзінде Ким Чен Ын ядролық сынақты экономикалық өсімге және Корея түбегіндегі бейбіт қарым-қатынасқа қол жеткізу үшін тоқтатқанын айтты. Кореяның орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, мұндай шешім өткен жұма күні Кореяның Еңбек партиясы орталық комитетінің отырысында қабылданып, 21 сәуірден бастап күшіне енді. Қаулыда Солтүстік Кореяға қауіп төнбеген жағдайда мемлекет ядролық қаруды қолданбайтыны, ешқандай жағдайда ядролық технологияны басқа мемлекеттерге жібермейтіні айтылған.
Солтүстік Кореяның бұл шешімі әлем елдерін таңғалдырып, бұл қызу талқыланып жатқан тақырыпқа айналды. Ал наурыз айында Пхеньянның келіссөздер туралы ұсынысын қабыл алған Дональд Трамп Туиттер парақшасында: «Бұл - Солтүстік Корея үшін, бүкіл әлем үшін өте жақсы жаңалық. Бұл - өте үлкен прогресс. Біздің саммитті асыға күтетін боламын», деп жазды. Айта кету керек, Дональд Трампқа дейін АҚШ-тың ешбір президенті Солтүстік Корея басшылығымен кездеспеген. Ал Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі мамырдың басында өтеді деп жоспарланып отыр.
Солтүстік Корея шешімі туралы Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ де жақсы пікірде екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жағдай ядролық қаруды, баллистикалық ракеталарды толығымен жоюға жеткізуі үшін бар күшті салып, бақылау жүргізу керек. Ал Еуроодақ КХДР-дың шешімін құптайтынын, бірақ Пхеньянмен арада «Солтүстік Кореяға санкциялар арқылы қысым көрсетіп, ашық коммуникация каналын сақтайтын» саясатты ұстанатынын білдірді.
Солтүстік Корея соңғы онжылдықтарда адам құқықтарының бұзылуы, ядролық қару мен оны тасымалдау бойынша халықаралық заңдардың бұзылуына байланысты әлем елдерінен оқшау өмір сүріп жатқан болатын. ВВС басылымының мәліметіне сенсек, осы күнге дейін КХДР 6 рет ядролық сынақ өткізіп, АҚШ аумағына жететін зымыранды да сынақтан өткізген еді. Дегенмен, осы жылдың басынан Пхеньян диалогқа дайын екенін көрсетті. Алдымен АҚШ, кейін өзінің ең басты жауы санаған Оңтүстік Кореямен келіссөздер жүргізе бастады. Тіпті, Пхенчхандағы Олимпиаданың ашылуында Оңтүстік Корея мен КХДР құрамалары Корей түбегі таңбаланған бір тудың астында шыққан еді. Бұл Олимпиада ойындары дипломаттарға келіссөз жүргізу үшін жақсы мүмкіндік болды. Себебі одан кейін Солтүстік Кореяға Шығыстан, Қытайдан, тіпті АҚШ-тан бірнеше делегация барды. Ким Чен Ын да оңтүстіккореялық музыканттардың концертін тамашалады. Оңтүстік Корея президентімен кездесіп, келіссөздер өткізуге дайын екенін айтты. Тіпті, жыл сайын өткізілетін АҚШ-Оңтүстік Корея әскери оқу-жаттығу қимылына да тым байсалды пікір білдірді.
Оңтүстіккореялық Ренхап агенттігінің хабарлауынша, КХДР-дың ракета-ядролық сынақты тоқтатату жөніндегі бастамасын Сеул де оң қабылдады. «Бұл Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы, КХДР мен АҚШ арасындағы саммиттерді сәтті өткізуге жақсы мүмкіндік береді», деді Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин.
20 сәуір күні Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея президенттері телефон арқылы сөйлесіп, 27 сәуірге жоспарланған кореяаралық саммит жұмысын талқылады. Сарапшылардың айтуынша, жаңа стратегиялық курс 27 сәуірде өтетін кореяаралық саммит қарсаңында дайындалған. Саммит екі елдің шекарасында орналасқан «Бейбітшілік үйінде» өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл кездесу туралы 10 сәуірде белгілі болған еді. Соңғы рет Оңтүстік Корея мен КХДР басшылары Но Му Хен мен Ким Чен Ир 2007 жылы Пхеньяндағы екінші кореяаралық саммитте кездескен болатын. Ал бірінші саммит 2000 жылы өткен. «Сәуір саммиті Корея түбегін денуклеаризациялаудың ұлы жолын бастап, түбекте бейбітшілік орнатып, кореяаралық байланыстың дамуына жақсы әсер ететін болады», дейді КНДР-де болған Оңтүстік Корея делегациясы.
Оңтүстік Корея президенті баспасөз қызметінің айтуынша, Корея саммиті интернет арқылы тікелей эфирден көрсетілетін болады. «Үкімет тарихи саммитке арналған арнайы веб-сайтты іске қосты. Бұл саммит бұрынғыларға қарағанда «ең ашық» кездесу болады. Тікелей эфирді www.koreasummit.kr порталы арқылы көруге болады», деді Оңтүстік Корея өкілдері.
Жалпы, сарапшылар Солтүстік Кореяның халықаралық қауымдастыққа оралуын жақсы бағалап отыр. Олар Ким мырзаның арандатушылық сөздері азаятынын айтты. Сонымен қатар олардың айтуынша, Солтүстік Кореяның көршілері Оңтүстік Корея мен Жапония үшін де жаңа нарық ашылуы мүмкін. Ал қарапайым солтүстіккорея халқына бұл жаңалық ерекше әсер етсе керек. Себебі Кимның саяси режімі салдарынан олар әлемнен оқшау өмір сүріп қана қоймай, тіпті, Оңтүстік Кореядағы туыстарымен кездесу мүмкіндігінен де айырылған болатын. Сондай-ақ әлемдік экономиканың мүмкіндіктерін де пайдалана алмайтын еді. Енді осы аптада өтетін Ким Чен Ын мен Мун Чже Ин кездесуі осы проблемаларды шешуге оң әсер етуі мүмкін.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»