• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Сәуір, 2018

Тау неге көшті?

1332 рет
көрсетілді

Биыл табиғат тосын мінез танытудан танбай тұр. Жылымық лебі Жетісу өлкесіне ерте жеткенімен, қыраттағы қалың қар қызыл су болып ағып, етектегі ауылдар тасқын құрсауында қалды. Топырақ енді кеуіп, ел егінге қамдана бастағандай болып еді, арада үздіксіз жаңбыр басталып, жер асты дүмпуі де жиі тіркелді. Нәтижесінде Алматы облысының таулы аймағында тағы бір төтенше жағдай орын алды.

Алыс-жақындағы ағайын­ның құлағы Кеген ауданы аума­ғындағы Көлсай тауларының қоз­ғалуы жайындағы ақпаратқа елең­деулі болып отыр. 19 сәуір күні Кеген ауданындағы «Қазсел­денқорғау» мекемесі гидробе­кетінің бақылаушылары аймақта тау көшкіні ошағының пайда болғанын анықтаған еді. Лық­си қозғалған тау жыныс­тары Саты ауылы мен Көлсай өзені жолының 400 метрге жуық аралығын және бірнеше электр бағанын басып қалған. Осы­ның кесірінен Көлсай көлі ау­ма­ғындағы демалыс аймағы электр қуатынсыз қалды. Оқиға ор­нына жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері сол маңда қоныстанған шопанның отбасын қауіпсіз жерге көшірген. Демалыс маусымы әлі ашылмағандықтан, көл аумағында демалушылар бол­маған. Қазір қауіпсіздікті сақ­тау мақсатында аумаққа баратын жолдар толықтай жабылды.

Мамандардың айтуынша, сырғыған тау жынысын тоқтату мүмкін емес. Жылжыған тау мас­­сасы бүгінде Саты өзені мен Көлсай өзенінің арнасына жа­қын­дай түскен.

– Опырылған жер Көлсай өзенінің арнасына жетті. Топы­рақ­тың қозғалысы сағатына бір метр­ден жылжуда. Сусыған топырақ өзен арнасын жауып тастауы мүмкін. Қазір арнамен екі текше метр су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өзенге келетін су көлемі 30 текше метрге жетеді. Топырақ массасы өзен суы арқылы шайы­лады. Бірақ бұл өзен түбінде кішкентай бөліктердің пайда болуына ықпал етіп, нәтижесінде өзен сағасының шайылуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эва­куациялық арналар қолдану арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жерасты жарылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін, – дейді Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдай комитетінің «Қаз­селденқорғау» мекемесінің бас­шысы Тоқтар Баймолдаев.

Сенбі күні апат аймағына облыс әкімі Амандық Баталов ар­найы барып, құтқару жұ­мыс­­тарының барысымен таныс­ты. Сарапшылардың пікірін тың­даған облыс басшысы мекеме мамандарына бірқатар тапсыр­ма берді. Өзен арнасының бі­телуінен су тасқынының қаупі жо­ға­рылай түсе­тіні анық. Мұны бол­дырмас үшін өзеннің түбін те­рең­дету жұ­мыстарын жедел бас­тау керек. Әкім бұл жұмысқа шынжыр та­банды экскаваторлар қолдану ке­ректігін айтып, дереу іске кірісуді тап­сырды.

Сарапшылар анықтағандай, тау көш­кі­ні үздіксіз жауған жаңбыр мен жер ас­ты дүмпуінің нәтижесінде басталған. 8 сәуір­­­­де Кеген ауданының аумағында жер сіл­­­кі­­нісі тіркелген екен. Осы дүмпуден ке­йін тау массасында тектоникалық жарылу сы­­­зы­ғы пайда болған. Босаған топырақ үгі­ті­­­ліп, етекке қарай жылжу басталған.

Жоғарыда жазғанымыздай, қазір тау көшкінін қолмен тоқтату мүмкін болмай отыр. Төтенше жағдай қызметі болуы ықтимал қауіптің алдын алуға кірісіп кетті. Қуаныштысы, табиғаттың тосын мінезі адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ. Ал көшкіннің қазіргі қалыпта жалғаса беруінен аумақтағы табиғи жағдай өзгеруі ықтимал, дейді экологтар. Мысалға, Жетісудың жауһарына айналған Көлсай көлдері маңындағы флора мен фаунаға тосын апат әсер етуі мүмкін. Бірнеше көлдерден тұратын Көлсай аймағы теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан, ұзын­дығы 450 метр, ені 330 метрге жетеді. Қызығы, Көлсай көлдерінің тереңдігі анық­­талмаған. Су ошақтары өте ерте заман­да табиғи жағдайдың әсер етуінен пай­да бол­ған деседі. Яғни айналасын тау қор­шаған қазаншұңқырлар қазір табиғи сұлу­лық­қа тұнған көркем мекенге айналған.

Осы сапарында Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов Көлсай көлдеріне апаратын жолдарды жақын арада қалып­қа келтіруге және демалыс аймағын жарықпен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ облыс басшысы өңірдің таулы аймақ­тарын­да арнайы геологиялық зерттеу жүр­гізіп, төтенше жағдай қаупін анықтауды қолға алатынын айтты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Алматы облысы