Өткен ғасырдың 90-жылдарына қарай Кеңес Одағының тоқырауға ұшырап, құр сүлдесі қалған кезі болатын. Ондаған жылдар бойы коммунистік партияның билік құрған дәурені аяқталып, ел өмірінің барлық саласы құлдырап, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай шектен тыс шиеленісіп кетті. Алайда билік жүйесінде сол кезеңде қалыптасып, қатып-семіп қалған әкімшілдік-әміршілдік жүйе, оның қасаң ұстанымдары мен басқару механизмдері орталық биліктің саясатының тиімділігін төмендетіп, КСРО-ны экономикалық, әлеуметтік және саяси қайта құрудағы қателіктерге ұрындырды.
Сол сәтте Н.Ә.Назарбаев туындап отырған жағдайды ескеріп, оны терең және жан-жақты сараптай келе коммунистік партиямен аражікті ажырату, мемлекетті басқарудың жаңа түрін іздеу, Қазақстанның егемендігін нығайту секілді ең өзекті мәселелерді айқындап, оларды бірінші кезекте шешу керектігін алдына мақсат етіп қойды. Ол міндеттерді орындау үшін қалыптасқан ахуалға сай келетін, тиімді жұмыс істейтін, елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын қысқа мерзімде түзетіп, қоғамдық тұрақтылықты, яғни республиканың егемендігін нығайту мәселесін шешуге кепілдік беретін алғышарттар қалыптастыратын саяси институт қажет еді. Бұл саяси институт 1990 жылдың 24 сәуірінде, Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнан бастау алды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен Қазақ КСР-ның Президенті лауазымын құру туралы заңның жобасын дайындау жөніндегі 19 адамнан тұратын комиссия құрылды. Оның құрамына әдеттегідей кілең партия қызметкерлері емес, керісінше, Ұлттық академияның 5 академигі, 4 заң ғылымының докторы мен кандидаттары енгізілді. Комиссияның төрағасы болып Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бекітілді.
Арада бір айға жетер-жетпес уақыттан соң, 1990 жылдың 24 сәуірінде, Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Сол қысылтаяң кездің көкжиегінен қарасақ, қоғамды мүлдем жаңа тұрпатқа көшіру қиын шаруа болып шықты. Аталған мәселе бойынша Жоғарғы Кеңестегі талқылаудың өзі тым ұзаққа созылды. Жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі заңды қолдаса, 18 депутат қарсы дауыс берді. Нәтижесінде бекітілген Қазақ КСР Президенті қызметіне Н.Ә.Назарбаев ұсынылып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланды.
Дауыс берушілердің көпшілігі президенттік институттың Қазақстан жағдайына қолайлы екеніне күдікпен қарады. Дегенмен кейінгі даму жолымыз сол кездері жасалған таңдаудың баламасыз дұрыстығын дәлелдеп берді. Жоғарғы Кеңесте қабылданған айтулы заң, біріншіден, ел тәуелсіздігіне апаратын, оның саяси жүйесінің қалыптасуының негізіне айналды. Екіншіден, жаппай жайлаған экономикалық және әлеуметтік дағдарысты тежеп, жағдайды тұрақтандыруға септесті, бірлік пен татулықты орнықтырып, оны әрі қарай дамытып, нығайтудың дұрыс бағытын айқындауға мүмкіндік жасады.
Сонымен Қазақ КСР-ның Президенті сайланды. Бұл оқиғаны елімізде президенттік биліктің бастауы болған кезең деп айтуымызға толық құқылымыз. Бірақ бұл мәселеге тереңірек үңіліп қарар болсақ, онда оның әлі де болса толыққанды «президенттік институт» деңгейіне жете қоймағанын аңғару қиын емес еді. Өйткені, ең алдымен, Қазақстан әлі өз тәуелсіздігіне қолын жеткізе қоймаған, Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың бірі болып қала берді. Екіншіден, ол кезде арнайы заңмен бекітілген шын мәніндегі тиісті мәртебесі мен өкілеттілігі бар Президент болып саналмады. Алғашқы болып сайланған Президент Қазақ КСР Президенті емес, тек Жоғарғы Кеңес бекіткен Қазақ КСР Президенті қызметіне сайланған тұлға болып есептелді. Бұдан әрі қарай өрбіген «президенттік институттың» эволюциялық даму жолы бірте-бірте осы олқылықтарды жойып, оны ретке келтіруге бағытталды.
Қазақстанда Президенттің мәртебесі мен өкілеттілігін айқындауда ерекше орын алған құжат – ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация болды. Тұңғыш рет мемлекеттік биліктің бөлінуі мәселесін қолға алуға негіз салынды. Ол бойынша Жоғарғы Кеңес – заң шығарушы орган, Президент мемлекет басшысы және жоғарғы атқарушы-өкімді билікке ие болса, ал Жоғарғы сотқа – сот билігі берілді.
Осы жылдың 20 қарашасында Қазақ КСР-інде мемлекеттік билік пен басқарудың құрылымын жетілдіру туралы заң қабылданып, вице-президент, Премьер-Министр және мемлекеттік кеңесшілер лауазымдары енгізілді, Министрлер кабинетінің орнына Министрлер кеңесі, ал Президент жанынан Республика кеңесі деген консультативтік орган құрылды. Жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысы да қайта құрылды.
1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңестің VI кезектен тыс сессиясында «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» заң қабылданып, сол жылдың 1 желтоқсанына президенттік сайлаудың күні белгіленді. Ел тарихында бірінші рет өткен бұл сайлауда қазақстандықтар өзінің тарихи жолын ешкімге жалтақтамай өзі таңдап алды. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғалық-басқарушылық қасиеттерін бағалаған халық оған сенім артып, ол сайлаушылардың 98,7% дауысын жинап, бүкілхалықтық қолдауға ие болып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті атанды. Мемлекет басшысының айтуы бойынша, ендігі жердегі басты міндет – адамзат баласының тәжірибесін және республиканың көп ұлтты халқының мүддесі мен оның ерекшелігін барынша ескеретін Қазақстанның даму жолын табу болатын. Осы міндеттерді орындауға Президент сол күні «Мемлекеттің атауын өзгерту туралы» заңға қол қоюдан бастады десек те болады.
1991 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми кірісуіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің салтанатты отырысында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев бірінші кезектегі атқарылатын саясатта ұлтаралық қатынастар мен экстремизм мәселелеріне, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауды нығайтуға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Тек осындай саяси негіздің арқасында ғана барлық экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге болатындығын ескертті. Бұл ел дамуының басты бағыттарын айқындап берген Тұңғыш Президентіміздің алғашқы стратегиялық ұстанымдары болатын-ды. Оның дұрыстығы мен өміршеңдігін тарихи жетістіктеріміз дәлелдеп беріп отыр.
Араға алты күн салып «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң, артынша Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заң қабылданды. Президенттік институтқа негізделген жаңа саяси жүйе Қазақстандағы мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Одақтық басқа республикалардың кейбірінде орын алған ұлтаралық қақтығыстардағы сияқты бізде қантөгістер мен анархияға жол берілген жоқ.
Жоғарыдағы Конституциялық заңға сәйкес Президент мемлекет пен атқарушы биліктің басшысы болып есептелді. Тағы бір ескере кететін жағдай Президенттің тікелей және жалпы сайлауда сайлануы оны сол кездегі Жоғарғы Кеңестен тәуелсіз мәртебемен қамтамасыз еткеніне қарамастан, ол елдің бірден-бір заң шығарушы және жоғары өкілетті органын таратуға мүмкіндігі болмады. Оның үстіне Үкімет екіжақты есеп беру жағдайында, яғни Министрлер кабинеті Жоғарғы Кеңестің, Президенттің алдында жауапты және оларға есеп беру тәртібі сақталып қалған еді. Ендігі жерде Президент пен Жоғарғы Кеңестің өкілеттіктерін шектеу мәселесін шешу қажеттілігі туындады. Олай болса, біз дәл осы кезде әлі де болса президенттік биліктен гөрі президенттік-парламенттік басқару жүйесінің басымдылығын көруімізге болады.
Бұл мәселені 1993 жылғы Конституция да толығымен шеше алмады. Ол биліктің түрлі тармақтары арасындағы қарама-қайшылықтарды болдырмаудың механизмдерін ұсынуға қауқарсыз болып шықты. Атқарушы билік мемлекеттік биліктің дербес тармағына айналып, оның бірыңғай жүйесінің қалыптасуына қадам жасалғанына және үкіметті қалыптастырудың тәртібінің өзгергеніне қарамастан, мәселе толығымен өз шешімін таппады. Жоғарғы Кеңестің жұмысы өтпелі кезең талаптарына мүлдем сай келмеді, ол елдегі экономика мен саяси даму процестерін қажетті заңдармен қамтамасыз ету тұрғысында өте баяу қимылдады. Осының нәтижесінде 90-шы жылдардың орта шенінде саяси дағдарыс орын алып, мемлекет жарты жылдан астам уақыт бойы парламентсіз өмір сүрді.
Айта кету керек, 1995 жылдың наурызы мен 1996 жылдың қаңтары аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық немесе әдеттегі заң күшіне ие 134 жарлығы жарияланды. Олар елдегі экономикалық, әлеуметтік, мемлекеттік салаларды дамытуға заңдық негіз қалап, сол кездегі республика үшін өмірлік қажеті бар нарықтық реформаларды тездетуге, бүгінгі жетістіктерімізге қол жеткізуге басты алғышарттарды жасап берді.
Сонымен өтпелі кезең жағдайында, жоғарыда көрсетілгендей билік тармақтарының бірінің дағдарысқа ұшыраған кезінде олардың үйлестірілген өзара іс-қимылының кепілі кім болу керек деген сұрақтың туындауы заңды нәрсе еді. Дәл осы тұста билік саласын реформалауды жалпы сипаттағы әңгімеден гөрі, нақты бір арнаға көшіріп, оны жылдамдату проблемасын күн тәртібіне өмірдің өзі шығарды. Нәтижесінде қос палаталы Парламент құру қажеттігі және сол процестегі президенттің рөлі туралы мәселесі ғалымдар мен сарапшылардың, мамандардың арасында және қоғамда қызу талқыланып, 1995 жылғы Конституцияда көрініс тапты.
Жаңа Конституция қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы жүйелі реформалардың бастауында тұрды. Оның үстіне бұл 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда Қазақстан халқының жасаған тарихи таңдауы болатын. Сол таңдауымен бірге халық елдің Тұңғыш Президентіне сеніммен бірге өзінің жарқын болашаққа деген үмітін де артты, ата-бабаларымыздың дербес мемлекет құру туралы арманын да аманат етті. Оның қолына Қазақстанның тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтап, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет құруға мандат берді. Олай болса, біздегі президенттік институттың қалыптасуында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерік-жігері мен ниеті негізгі рөл атқарғанын да мойындаған жөн.
Экономикалық-әлеуметтік өзгерістермен қатар Қазақстанның саяси жүйесін де қайта құру жұмыстары тұрақты түрде бірізділікпен өз жалғасын тауып, нәтижесінде 1998, 2004-2005, 2007-2008 және 2011 жылдары ел Конституциясы мен кейбір заңдарға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл қадамдардың президенттік институтты қалыптастырудағы ықпалы соншалықты қомақты, ол тіптен мақала тұрмақ арнайы монографиялық еңбектің арқауына айналса да артық болмас еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тоталитаризмнен демократияға өтудің қиындықтарын, өтпелі кезеңнің машақаттарын біле отырып, ұғына отыра 90-жылдардағы сұхбаттарында демократияның парламенттік формасының артықшылығын да жоққа шығарған емес. Бірақ сонымен бірге Президент демократияның бұл түріне біз әлі жетуіміз керек дегенді де тілге тиек еткен болатын. Бұл жерде қарама-қайшылық жоқ. Керісінше, сол кезеңдегі нақты туындаған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалды ескерудің нәтижесінде президенттік институттың қажеттілігін прагматикалық тұрғыда терең түсінуден туындаған қадам болатын. Яғни президенттік билік осы себептерге байланысты өтпелі кезеңдегі Қазақстан үшін, оның тәуелсіздігін сақтап қалу, оны одан әрі қарай нығайту және халықтың әл-ауқатын жақсартатын жаңа тұрпаттағы экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін керек болды.
Міне, бүгінгі таңда сол кезден бергі жалпы әлемдік демократиялық үрдістерден қол үзбеген Елбасы қатаң сынақтардан өтіп, аяғынан тік тұрған Қазақстанның тәжірибесін ескере отырып, өз өкілеттігінің біразын Үкімет пен Парламентке беретін уақыттың жеткендігін түсінді.
Алдын-ала ойластырылып, жоспарлы түрде іске асырылған елдің Ата Заңын жетілдіру жұмыстары нәтижелі болды. Ол Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыда үйлесімді дамуына, Елбасының стратегиялық идеялары, жоспарлары мен әлеуметтік бастамаларын іске асыруға өз ықпалын тигізгені сөзсіз. Расында да тәуелсіздігіміздің 25 жылдан астам уақыты ішінде қол жеткізген табыстарымыз мемлекеттілікті одан әрі нығайту және жаңа қазақстандық патриотизмге негізделген көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамның бірлігі, қазақстандық демократияны дамыту мен дәйекті де болжамды сыртқы саясаттың, билік жүйесін қорғаныс пен қауіпсіздік саласын нығайтудың арқасында болып отырған дүниелер. Бұл жетістіктерімізді бүкіл әлем біледі.
Сондықтан Елбасы өткен кезеңдердегі атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, 2017 жылы кең көлемді саяси реформаларды бастап, оны жаңа деңгейге көтерді. Алғаш рет Конституцияға өзгертулер енгізу мәселесі бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Сондықтан бұл іс-шараның маңызы ерекше, ол – тарихи және тағдыршешті сипаттағы тиімді, тұрақты қазіргі заманғы билік жүйесін құруға негіз болатын нақты да жүйелі қадамдар. Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында атап өткендей, «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түсті».
Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысының жаңа, Тәуелсіз Қазақстанды құру барысында қабылдаған Қазақстанның болашағын өзгерткен дұрыс басқарушылық шешімдері мен салып берген «қазақстандық жолы» және оны әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосуға бағытталған стратегиялық ұстанымдары мен оларды іске асырудағы тиімді, бірізді және нәтижелі саясаты мен нақты іс-әрекеттері президенттік билік жүйесін толыққанды етіп құруға мүмкіндік берді. Сондықтан Қазақстандағы президенттік институт өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуы мен оның тұрақтылығын бұдан былай да қамтамасыз ете беретіндігі күмәнсіз.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, саяси ғылымдар докторы