...тілегін жеткізеді
Өрелі ой-пікір айтылды
С.Қондыбай атындағы облыстық мұражайда Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру арқылы жарқын болашаққа!» атты пікірталас жиыны өткен болатын. Бұл шараның мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық тұжырымдамасын жан-жақты талқылау, азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлерін тыңдау және жұртшылық арасында өзекті деген тұстарын кеңінен насихаттау негізінде түсінік жұмыстарын жүргізу.
Шараға азаматтық қоғам өкілдері мен еңбек ардагерлері, белсенді жастар мен жастар орталығының мамандары қатынасты. Басқосуда аудандық соттың судьясы С.Бердібеков, «Маңғыстау аудандық азаматтық бастама» ҚБ төрағасы С.Әнес сөз сөйлеп,, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Ж.Ермекбаева «Латын әрпіне көшу – заман талабы» тақырыбында баяндама жасап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов «Отбасындағы тәрбие басты орында» тақырыбында, «Нұр Отан» партиясы МАФ сектор меңгерушісі Ш.Барахатов «Азаматтық қоғамның рөлі» туралы ойларын ортаға салды.
Жиын соңында пікірталасқа қатысушылар Елбасының бағдарламасын бірауыздан қолдайтындықтарын білдіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыстануға келісті.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы
...пікірін жолдайды
Тіліміз – ұлттық төлқұжатымыз
Тіл – Алла тағала бұйыртқан ұлттық төлқұжат. Дүниежүзінде түрлері бір-бірінен айнымайтын ұлттар көп. Оларды түріне қарап қай ұлт екенін айыра алмайсың, тек тілінен ғана қай ұлт екенін білуге болады. Мысалы, қазаққа ұқсас ұлттар бар. Олар, якут, корей, қытай, т.б. Міне, бұларды түріне қарап қазақтан айыру қиын, тек сөзінен ғана білесің.
Кешегі қызыл империяның тұсында қазақты тілінен, дінінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан айыру саясаты жүргізілді. Сөйтіп біздің ана тіліміз өз жерімізде, өз елімізде өгей баланың күнін кешіп, тіпті жойылып кетуге таяп, әупіріммен әрең аман қалды.
Алла жар болып, еліміз егемендік алып, Елбасымыздың дана басшылығы, салмақты саясатының, алысты болжайтын көрегендігінің арқасында ұлттық құндылықтарымыздың бәрін қалпына келтіріп, өшкенімізді жағып, өлгенімізді қайта тірілтіп жатырмыз. Ұлы даланы мекен еткен ұлтымыздың мәртебесі асқақтап, ширек ғасыр ішінде бүкіл әлемге танылды. Қазақ тілі бүгінде мемлекеттік тіл. Ана тіліміз – ұлттың жаны. Өз тіліміздің мәртебесін асқақтату басты борышымыз.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі
Қарағанды облысы
...дабыл қағады
Бесік жырын айтатын әжелер жоқ
«Бесікті отқа жақпа», «Аяқасты етпе», «Қадірлеп ұста» дейтін қазақ бесікті қоқысқа тастай салатын болыпты. Сол бесіктің суретін желіден көріп, ішім қан жылады. Бесіктің қасиеті ұрады ғой, ойланайық! Бесік баяғыда Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында пайда болған дейді. Бір күні Айдаһардың баласы уанбай, жылай береді. Емші-тәуіптерден де ештеңе шықпайды. Әкесі қызының жылағанына шыдай алмай далаға шығып кетіп, Құдайдан медет сұрайды. Бір уақытта жылаған баланың дауысы шықпай қалады. Жүгіріп үйге кірсе, қызының қасында ақ киімді кісі жанбай қалған тобылғының бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп қабылдайды. Түнімен қисық ағаштарды қиыстырып, бесік жасап шығарыпты. Сәбиін соған салғанда, жұбанып, тәтті ұйқының құшағына кетеді екен.
Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналады. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасалатын болған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды. Бесікті аяқасты тастамайықшы.
Бесіктің қадірін қашырған қазақта бесік жырын айтатын әжелер азайып кеткені де рас. Осыдан біраз бұрын Ақтөбе облыстық балалар кітапханасының қызметкерлері хабарласты. «Немересіне бесік жырын айтатын, бесіктің қасиеті туралы оқырмандарымызға әдемілеп айтатын әже тауып беріңізші» деп қолқа салды. Қанша жерге қоңырау шалып, қанша адаммен сөйлестім... Әзер таптым, көптеген әжелер бесік жырын айтпайтын болған. Немересін баққысы келмейді, кимешек кимейді. Бесік жырын айтатын әжелер, қайдасыңдар?!
Бақыт ЖАНШАЕВА Ақтобе облысы
...алғыс білдіреді
Шипагер шапағаты
Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар селосында дүниеге келіп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген соң, туған ауылымдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір зейнет демалысындамын. Бір жыл бұрын асқазаныма жара шығып ауырғандықтан, Алматы онкологиялық орталығына барып қаралған едім. Мұнда мені торако-абдоминалдық бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Естай Абзалбеков шұғыл түрде ота жасау қажет екенін түсіндірді. Сөйтіп операциялық блоктың меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Марат Ахетов, дәрігер Ержан Кеңесбаевтың қатысуымен ота жасалып, өте сәтті өтті. Қазіргі дамыған медициналық аппаратуралардың барлық түрлері пайдаланылып, аман-есен үйге оралдым.
Құрметті редакция ұжымы, маған сәтті ота жасап, өздерінің кәсіптік білімдерінің жоғары дәрежеде екенін көрсеткен дәрігерлерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ онкологиялық бөлімде жатып емделгенімде, мұндағы жұмыс істейтін мейірбикелердің жылы қабағы мен мейірімді жүздеріне риза болдым.
Алмасбек МӘЛІКОВ, Құрамыс шағын ауылының тұрғыны
Алматы облысы
...ой бөліседі
Мұғалімдердің арнайы киімі неге жоқ?
Назар аударсақ – ұшқыштар, теміржолшылар, дәрігерлер, полицейлер, күзетшілер мен теңізшілерге дейін арнайы формалары бар. Ал барша адамның сауатын ашқан, жұдырықтай баланы адам етіп, білімді ұрпақ тәрбиелеген мұғалім-ұстаздардың неге арнайы киімі жоқ? Осы мәселе соңғы жылдары анда-санда айтылып қояды, бірақ нәтиже жоқ.
Мұғалімнің бедел-абыройы артсын десек, оларға да арнайы киім үлгісін дайындап, әспеттеуіміз қажет-ақ. «Алты алаштың баласы бір жерге жиналса, төр мұғалімдікі», – деп еді Мағжан Жұмабаев. Қане, сол төр айлық жалақысы мардымсыз, формасы жоқ, сайлау жақындағанда әкімқаралардың қолжаулығы, сенбілікке шығатын да, түнімен дәптер тексеріп көз майын тауысып «қағаз кеміретін» де мұғалім. Қадірменді ұстаздарды ұлықтайық, мерейін үстем етейік десек – мұғалімдерді де заманауи формамен қамтамасыз етейік. Сонда ғана мұғалімдікте оқитын жастардың қызығушылығы артып, қатары көбейеді, ұстаз беделі жоғарылай түседі...
Мақсат МҰХАНОВ, зейнеткер-ұстаз
Оңтүстік Қазақстан облысы