• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2018

Киберспортпен күнелткендер

485 рет
көрсетілді

Балаңыз телефон немесе теледидар арқылы түрлі ойындар ойнаса аса қатты қорықпаңыз. Ол қазір еріккеннің ермегі емес. Мұны қазіргі жаһанданған әлемде киберспорт деп атайды. Ғаламтордың дамуымен бірге бұл спорт қазір елімізде де белең ала бастады.

Осыдан бірнеше ай бұрын бір оқиға болды. Спорт журналистикасында жүргеніме біршама уақыт болса да, бірақ мынандай дүбірді бірінші мәрте көруім. Алматыдағы бір сауда үйінде кішігірім іс-шара өтуі тиіс болатын. Елімізге киберспортпен айналысатын шетелдіктер келіпті. Барып көре қалайыншы деп едім, сауда үйінің ішінде ине шаншар жер жоқ. Польша мен Ресейден келген киберспорттың кіл мықтылары біздің елде осыншама танымал деп ойлап көрмеппін. «Бұлар кімдер?» деп сұрасам, 7 сыныпта оқитын бір бала «Бұл контр-страйктан әлем чемпионы ғой!» деп қойып қалды. Компьютер ойындарынан чемпио­наттар өтетінін білетінмін, алайда сол ойынның чемпионы осыншама екінің бірі қол алысып амандаса алмайтын «жұлдыз» екенін білмеппін.

Осыдан кейін бұл саланы арлы-берлі ғаламтор ақтарып зерттей бастадым. Сөйтсем, кәдімгі компьютерде бар бүкіл ойыннан әлем чемпионаттары өтеді екен. «ГТА» деген ойынның чемпионаттарын кейбір телеарналар тікелей эфирде көр­се­тетінін естіп жағамды ұстадым. Қазақ­станда премьер-лиганың ойындарын телеарналардан көрсете алмай жүргенімізді айтсам, біраз адамның күлкісін келтірермін.

Енді қызықты қараңыз, күні кеше ғана мынандай ақпарат шықты. «Дота» деген ойынның командалық түрінен Азия құрлығының чемпионы атанған «LGD» деген команда әйгілі ПСЖ клубымен келісімшартқа отырыпты. Компьютер ойынының командасы ПСЖ логотипін әрі жейделерін пайдаланып, жүрген жерлерінде осы ұжымды насихаттайтын болады. Әрі миллиондаған көрерменнің алдында сайысқа түскенде ПСЖ брендімен өнер көрсетеді. Құрамында 5 қытай баласы бар бұл команда «Дотаның» сары құрлықтағы дүлдүлдері болып саналады. Енді олар осы ойындары үшін қыруар жалақы алмақ.

Киберспорттың ең керемет дамыған түріне тоқталып өтсем. Ол сөзсіз футбол ойыны екен. «ФИФА 2018» ойынының дамып кеткені соншалық, кейде әлгі «Дота» мен «ГТА-ны» артқа тастай ма деп қаласыз?! Бұл ойыннан да жыл сайын чемпионаттар, Еуропаның көп елдерінде ішкі біріншіліктер өтеді. Онда жеңіске жеткен чемпиондар жарнамаға түсіп, «жұлдыз» қатарына енеді. «Фифаны» үздік ойнайтындардың қатарында іздестіре келе, қазақ баласы да бар екенін байқадым.

Ресейдің Самара қаласында тұратын Ақылбек Бисекенов деген қандасымыз көршілес елде «Фифаның» жілігін шағып, майын ішкендердің бірі. Ғаламтор арқылы өзінің ойындарын күллі дүниеге әйгілі етіп, танымал болған Ақылбек қазір қалталы азаматтардың қатарында. Ақылбекпен «Фифа» ойнаудың өзі ақылы. Ақшасын төлеп, чемпионмен бір ойын ойнап, тіпті оның қақпасына гол соқса соның өзін жетістік санайтындардың қатары көп. Ал одан кейін оның ойын өрнегін көргісі келетіндер Ақылбек Бисекеновтің «ACOOLFIFA» деп аталатын Ютубтағы арнасына жазылады. Онда қазіргі таңда 767 мың оқырманы бар. Яғни ТМД көлемінде оқырманы көп адамдардың бірі. Оның әрбір видеосын шамамен алғанда 300-400 мың адам көреді. Былайша айтқанда, Қазақстандағы кейбір телеарналарға қарағанда Ақылбектің рейтингісі жоғары. Осының арқасында ол ірі компаниялардың жарнамаларын өз роликтерінің ортасына салып, қомақты қаржы табады. Бұл күнде Ақылбектің артынан еретіндердің қатары одан сайын көбейіп келеді. Міне, қазақ баласы Ресейде жүріп киберспорттың арқасында дәулетті өмір сүріп жатыр.

Қазақстанды қайдам, бірақ Ресейде Ақылбектің қолтаңбасын алғысы келетін жеткіншектердің саны көп. Елімізде Бисекеновтей белсенді болмаса да, соған «ұқсап бағып» жүрген компьютер ойынының шеберлері бар көрінеді. Психолог мамандардың «компьютер ойыны жас баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, болашағын бұлыңғыр етеді» дейтін пікірін де жоққа шығара алмаймыз. Алайда қазір ғаламтордың пайдасымен өз-өзін асырап жүрген осындай адамдар да бар екенін айтайық. Әлгі Ақылбек 25 жаста жетістікке жетіп, өз қатарының алды болып жүр десек, киберспортпен айналысып жүрген жасы үлкен кісілер де баршылық. Отыздан асқан, тіпті қырықтың қырқасындағы кісілер киберспортқа икемділіктерін көрсетіп, коммерциялық турнирлерде жүлде алады. Мына жағдайларды естіп-біліп отырған балаларыңызға осыдан кейін қалай ойын ойнама дейсіз? Ал шетелдерде киберспортты зияткерлік сайыс деп жүргендер де жоқ емес.