Италия «А» сериясында чемпиондықтың тартысы өрши түсті. «Ювентус» өз алаңында негізгі бәсекелесі «Наполиден» жеңіліп, жағдайын қиындатып алды. Өзге біріншіліктердің чемпиондары анықталып қойған болса, қазір кәрі құрлықта алпауыт лигалардың ішінде жалғыз Италия біріншілігі тартысымен көз тартып тұрған жайы бар.
«Наполиден» 4 ұпай басымдыққа ие болған «Юве» өз алаңында кем дегенде тең нәтижені көксеп еді. Қос команда 89 минут бойы терезесі тең ойын өткізді. Алайда соңғы минуттағы бұрыштама добы үлкен өзгеріс әкелді. Қалтарыста жарқ етіп жоқ жерден пайда бола кеткен Калиду Кулибали Буффон қақпасына жеңісті голды соғып кетті. Енді «Наполи» «Ювентустан» небәрі 1 ғана ұпайға қалып тұр.
Маурицио Сарридің командасы алдағы 4 ойында жанын салып өнер көрсетеді. Неаполь жанкүйерлері соңғы 4 ойында жүректерін шүберекке түйіп отырары анық. Мысалы, келесі турда «Наполи» адуынды «Фиорентинамен» кездеседі. Бұл матчта да «көктердің» фанаттары тақым қысады. Одан кейінгі қарсыластар аса қорқынышты емес. «Торино» мен «Сампдория» ортаңқолдар қатарынан болса, соңғы турда кездесетін «Кротоне» шамасы белгілі аутсайдер.
Ал «Ювентустың» жағдайы мәз емес. Үшінші орыннан дәмесі бар «Интер» қажет болса «Ювенің» апшысын қуыра алады. Ал одан кейін Массимилиано Аллегри шәкірттері өз алаңында «Болоньямен» кездесіп болғаннан соң, сыртта «Ромамен» ұшырасады. Чемпиондар лигасының жартылай финалында жүрген римдіктер «Ювентустің» атақ-даңқынан түк те секем алмайды. Эдин Джеко бастаған шабуылшылар бірінші айналымда кеткен есені қайтаруды көздейді. Олар Туриндегі ойында 1:0 есебімен жеңіліп қалған еді. «Романың» да үшінші орыннан таласы бар. Соңғы турда «кәрі синьора» «Веронаны» қабылдайды. Оның өзі де сериядағы орнын сақтап қалу үшін жанталасып жүрген, артқа шегінерге жолы жоқ жанкешті ұжым.
Не де болса Италия чемпионын анықтау соңғы турларға дейін жалғасып қалуы ғажап емес. Апта соңында өтетін 35-тур қиян-кескі матчтарға толы болғалы тұр. «Ювентус» пен «Наполи» бір-бірінің қателігін күтіп, мысықтілеу күй кешетіні анық.
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»