2018 жылғы 23 cәуірден 31 желтоқсанға дейін Астана мен Алматы арқылы үшінші елдерге қазақстандық әуекомпаниялармен транзит арқылы ұшатын Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз тәртіптеме қолданылады. ҚР үкіметінің тиісті қаулысына үстіміздегі жылдың 10 сәуірінде қол қойылған.
«Эйр Астана» Алматыдан Делиге күнделікті, ал Астанадан аптасына 3 рет Airbus және Embraer жайлы заманауи ұшақтарымен қатынайды. Қазақстан мен Үндістан астаналарын байланыстыратын тікелей рейс 2017 жылдың ортасында ашылған.
Алматы – Дели бағыты бойынша эконом-кластағы және бизнес-кластағы екі жаққа билет құны тиісінше 83 200 және 390 498 теңгеден басталады, Астана – Дели бағыты бойынша 83 052 және 390 351 теңгеден басталады.
Екі ел арасында әуебайланыстың басталған сәтінен 570 мыңға жуық жолаушы және 5,6 мың тонна жүк тасымалданған. Делиден транзиттік жолаушыларға Киев, Ыстанбұл, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Новосібір, Бейжің, Үрімші, Тбилиси және Бішкек қалаларына ыңғайлы түйісу рейстері ұсынылады. Жалпы, «Эйр Астананың» транзиттік ағыны 2018 жылдың қаңтар-наурыз кезеңінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62% ұлғайған және қазір жалпы жолаушы ағынының 30%-ын құрайды.
Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының азаматтарына осындай визасыз тәртіптеме қолданылады.
«Эйр Астана» АҚ
Корпоративтік коммуникациялар жөніндегі департамент