Әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты экспедиция бір апта ішінде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарын аралап, Ресей Федерациясындағы күйші кесенесіне зиярат етпек.
Құрамында тарихшы, өлкетанушы, өнер зерттеушілері, музей қызметкерлері, домбырашылар және ардагер қаламгерлер бар экспедиция мүшелері 23 сәуір күні таңғы сағат 4-те Орал қаласындағы Құрманғазы мен Дина ескерткіші алдынан аттанып, Қаратөбеге кетті. Экспедицияны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастап барады. Топтың алғаш ат басын тірейтін нүктесі – Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіндегі Ақтұлым мекенінде орналасқан күйші Ұзақ Мырзабайұлының кесенесі. Ұзақ күйші – Құрманғазыны жанына ертіп жүріп баулыған, батасын берген ұстазы.
Қаратөбе ауылында «Қос ішекті құдірет» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысқан экспедиция мүшелері бұдан кейін Ақжайық ауданының Тайпақ өңірін кесіп өтіп, Жаңақала топырағына қонаға жетеді. Сапар барысында Жаңақала топырағында мәңгі тыныс тапқан Мәмен, Қали Жантілеуов, Тұяқберді Шәмілов сынды күйшілердің кесенелеріне соғып дұға бағыштаған топ Құрманғазының өскен ауылы Көктерек елдімекеніне барады. Ол жерде жергілікті халықпен тағылымды шара жоспарланған.
– Біз Көктерек ауылының маңындағы Нарсойған сайында көшет отырғызамыз. Бұрын осы жерде терек өскен, ауыл атауы да содан шыққан. Біз еккен көшеттер болашақта «Құрманғазы тоғайы» аталып, ну орманға айналса деген үмітіміз бар. Одан әрі Құрманғазы бабамыздың туған жері Жиделі құмына табан тигіземіз. Ұлы күйшінің туған жерінен алынған топырақ – Алтынжарға, Ресей Федерациясы Астрахань облысы Краснояр ауданындағы күйші кесенесіне жеткізіледі. Бізбен бірге жүретін телеоператор осы сапардан әсерлі бейнефильм жасайды, – дейді осы сапарды ұйымдастырушы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мерболат Ерсаев.
Топ құрамында жүргізушілерді қосқанда 18 адам, 3 машина бар. Сапар кезінде халықпен жүздесу шараларында өлкетанушы, ардагер-журналист Тихон Әліпқали мен ақын Дариға Мұштанова сөз бастап, домбырашы Едіге Нәбиев күйші шығармаларын орындамақ. «Орал сазы» ансамблінің жетекшісі, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебінің мұғалімі, өнертанушы Асқар Кенжеғалиев Құрманғазы шығармашылығынан сыр шертеді. Музей қызметкерлері Нұржан Төлепов пен Рысты Кажушеваның да өткен мен бүгінді байланыстырып айтар тағылымды әңгімесі мол. Экспедиция мүшелері сапар барысында Дәулеткерей Шығайұлы, Сейтек Оразалыұлы секілді күйшілердің де зиратына соғып, қазақ күй өнерінің есімі ұмытылмас арыстарына тағзым етпек.
Күйші кесенесі басындағы негізгі шара сәуірдің 28-і күні өтпек. ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін ұлы күйшінің мерейтойына арналған халықаралық шара Алтынжар ауылындағы Құрманғазы музей-кешені экспозициясымен танысумен қорытындыланады. Экспедиция Орал қаласына 29 сәуір күні оралады деп күтілуде.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы