• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Елге ортақ қуаныш

543 рет
көрсетілді

Қазақта: «Азаматына қарап елін таны» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің түп-төркінінде бір үлкен салмақ жатқандай ғой. Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевқа ең жо­ға­ры мемлекеттік атақ беру жөнін­дегі шешімін естігенде төбем көкке екі елі жетпеді. Еңбегі зор Елбасыға бүкіл халық болып құрмет көрсету қазіргі кезеңде өте қажетті іс әрі міндет дер едім. Аумалы-төкпелі заманның қиыншылығын көп көрген мемлекеттердің бірі – Қазақ елі. 1991 жылғы тарихи кезеңде, Кеңес өкіметі күйреп, кіндігі бір болған елдер тар жол, тайғақ кешуде шалынып-сүрініп, бүлініп жатқанда, кемеңгер басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев сол бір қараңғы түнектен халқымызды адастырмай, қатарымызды сиретпей алып шыққан ерен ер болды. Ендеше, осындай азаматқа біздің де қарызымыз бар екенін ұмыт­пағанымыз абзал. Астана бой көтеріп, қазақтың ой-өрісі бірге өсті, көңілі шалқып шат-шадыман жақсы өмірді ба­сы­нан кешіп жатыр. Тарихи тұл­ғаның ұлы қасиеттерін дер кезінде бағаласақ, біздің де бағамыз жоғары болады. Қазақ халқы осындай азаматтарымен өзін осы қоғамның биіктегі ортасынан кө­ріп отыр. Қуанышымыз әрдайым ұзақ, ынтымақтастығымыз жұрт қызығатындай әсем болсын. Астанаға іргелес жатқан аудан орталығы – Ақмол мен Қосшы ауылдары жылма-жыл адам та­ны­майтындай оң өзгерістерге еніп келеді. Салынған көпқа­бат­ты үйлер, балабақшалар мен мектептер жұрттың игілігіне жарап жатыр. Биылдың өзінде осы елді мекендерде және Қабанбай батыр ауылында жаңа еңселі бала­бақшалар тапсырылмақ. Бұл – егеменді еліміздің 20 жылдық тойына жасалған тарту. Өткен жылы Целиноград ауданының орталығы – Ақмолға Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, түйіні күрделі көптеген мәсе­лелерді оңтайынан шешіп берді. Жол, электр қуаты, телефон бай­ла­нысы мен тұрғын үй құры­лыс­тары кеңінен қанат жайды. Бұл біздің ауданымыздың тұрғын­дары­на ерекше бір сый болды. Сон­дықтан, біздің елдің Нұр­сұл­тан Әбішұлына айтатын алғысы шексіз. Мен өзім осы қуанышымды елмен бірге бөлісіп отырмын. Еңбегіңіз жемісті болсын, қадірлі Елбасы! Рауза ДҮЙСЕМБЕКОВА. Ақмола облысы, Целиноград ауданы.