• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Халқының бағына туған тұлға

376 рет
көрсетілді

Мен ғана емес, барша қазақстандық Елбасы  туралы тура осылай айтарына шәк келтірмеймін. Ал, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Тұңғыш Президентімізге заңды негізде  «Халық Қаһарманы» атағын беру бойынша тиісті заңдарға толықтыру енгізу туралы ұсынысын Үкімет мүшелері бір­ауыздан мақұлдаған заң жобасын Парламент  Сенаты депутаттарының қолдауы халық­тың ойынан шықты. Ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президентіміз  Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағының берілуі айрықша маңызды тарихи оқиға болды. Бұл елін сүйер ерін барша қазақстандықтардың да құрметтейтінінің, қадірлейтінінің айқын көрінісі. Елбасының «Халық Қаһарманы» атағын алуы біле білсек халықтың абы­ройы, елдігіміздің бедел-биігі. Нұрсұлтан Әбішұлы – бұл атаққа әлдеқашан лайықты адам. Оның тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолындағы тарихи тағылымды істері мен ізденістері Қазақстанды әлемге танытты, осы арқылы өзін де әлемдік саясаттың алтын діңгегі болып жүргендерге әдемі  мойындатты. Оның осы жылдардағы болаттай берік ұстанымы ұлан-ғайыр жұмыстың атқарылуына ұйытқы болды. Кеңестік солақай саясаттың құрсауынан босап, еліміз егемендік алғанда ақ түйенің қарыны жарылғандай ақжарылқап күй кешкеніміз күні кеше болатын. Халқының қа­лауымен мемлекет тізгінін ұстаған Нұр­сұлтан Әбішұлы сол елең-алаң шақта да саясаттағы және экономикалық дамудағы ұстанған бағыттарын айқын аңғартқан-ды. Тарихи қысқа кезеңде  ғасырда атқары­латын шаруалардың басы қайырылғанын көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Әуелі экономиканы дұрыс жолға қоюды қолға алған елі үшін туған ердің саясатта да әлем­ді мойындататындай қадамдар жа­сағанын айту ләзім. Өткен жиырма жылда тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланғаны, демократиялық қоғам қалыптасқаны, ха­лық­аралық беделді қауымдастықтарға мү­ше болғаны Елбасы есімімен тығыз бай­ланысты. Тәуелсіз жас мемлекетіміз нарықтық қатынастарға төселіп, дамудың қазақстандық айшықты жолын таңдауында да Нұрсұлтан Әбішұлының өзіндік қолтаң­басы жатқаны сөзсіз. Елорданы  Арқадағы Астанаға көшіріп,  өзге мемлекеттердің түсіне де кірмейтін іргелі де ірі іс тын­дырғанын төрткүл дүние түгел біліп отыр. Бұл Елбасының  ерлігі де, іскерлігі де болатын. Азғантай уақытта асқақ ғимараттары бой түзеген Астанада әлемдік деңгейдегі үлкен жиындар өткізіп, оларда экономи­калық дамудың, бейбітшілік пен тұрақ­тылықтың тұғырын бекітетін шешімдерге қол жеткізуі бұл кісінің халқының бағына туған ұлы тұлға екенінің айқын дәлелі. Тәуелсіз еліміздегі  халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы ерен еңбегінің өзі неге тұрады. Әр алуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосуы, Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатып, Қазақстанды ядролық қарусыз елге айнал­дыруы, соңғы жылдарда түрлі бағыт­тар­дағы одақтар құруға бастамашы болуы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр-қайра­тының, елінің ертеңі үшін қызмет етудегі жанқиярлығының айқын айғағы болса керек. Қалай дегенде де Елбасының осын­шалықты еңбегінің бағасын халық әлдеқашан беріп қойған. Алайда, бүгінгідей  мерекелі сәтте елінің ертеңі үшін тұлғаның туған халқынан лайықты бағасын алуы орынды болды. Біртуар ұлына осындай құрмет көрсетуі арқылы Қазақстан халқының да шоқтығы биіктеп,  береке мен бірлігі мығым ел екенін тағы бір паш етті. Мұны мен ұлтын сүйер ұлына деген халқының қалтқысыз сүйіспеншілігі деп ойлаймын, болар елдің баласы бола білгеніміздің бір үлгісі деп бағалаймын. Жұмабек КУКАНОВ, «Әлия жолдары»  ЖШС бас директоры, «Нұр Отан» ХДП Орталық тексеру комиссиясының мүшесі. Ақтөбе облысы.