Алматының Өкшебаев көшесіндегі ҰОС ардагерлері мен мүгедектері республикалық-клиникалық госпиталінің ежелгі сәні – кеудесі тола орден-медальдарын сыңғырлатып жүретін ардагерлері еді. Қазір олардың қатары мүлдем сиреген, жоқтың қасы...
Бірақ атақты госпитальдің төсегі де, оның ауласы да бір күн бос емес. Емдеу-суықтыру орнының бүгінгі тұрақты «тұрғындары» – «ауғандық», «семейлік», «чернобылдік» және «жергілікті соғысқа қатысушы» лауазымын иеленген ардагерлер. Олардың бәрі кешегі кеңес заманында коммунистік партияның нұсқауымен айрықша әскери міндетін өтегендер. Олардың да кеуделерінде орден-медаль сыңсып тұр... Әңгімені де айтса солар айтсын.
1968 жылғы КСРО әскерінің Чехословакияға басып кіру оқиғасына қатысқан «жергілікті соғыс ардагері» Рыспек Алғазиев ағамның: «Егер 20 минут кешіккенде, Прагадан айырылатын едік, бүйірде НАТО әскері сақ тұрған, әскери техникамызды бір түнде Чехословакия әскерінің белгілерімен бояп тастап, қалаға тұтқиылдан кірдік. Америкалықтар білмей қалды...» деп бастайтын әңгімесін тарихтың әлі де айтылмаған-ашылмаған «ақтаңдақтарына» баламай көріңіз! Семейлік ардагер Серікқали Әбдірахманов Курчатов қаласында өткен екі жылдық әскери қызметте «кәдімгі ядролық зымыранды қолымен ұстап көрген» азамат. Мұндағы әрбір ардагердің әскери төтенше жағдайларға қатысқан оқиғалары өз алдына, олардың азаматтық өмірдегі көрген-білгендерінің өзі де қызықты хикаяға бергісіз... Олар сан түрлі тағдыр иелері, сан алуан оқиғаның куәгерлері. Ал ендеше, алдымен Ауғанстанда (1981-1983 ж.ж.) интернационалдық борышын өтеп, елге аман оралған Бақытбек шерткен әңгімеге құлақ түрелік...
Адраскандағы адасқан граната
Бақытбек ҚҰЛПЕЙІСОВ, Ауған соғысына қатысушы (Шығыс Қазақстан облысы)
Адраскан өлкесі Ауғанстанның шығыс жағында көсіліп жатқан ойлы-қырлы, шөлейтті аймақ. Көз ұшында әр жерде бір шоқ тал көрінеді. Оның қалай өсіп, қайдан нәр алып тұрғанына таңданасың. Оқтын-оқтын шаң борайды. 1981 жылдың шілдесі. Күн күйіп тұр. Біздің инженерлік-саперлік батальон елдің Иранмен шектесетін осы аумағын дұшмандар қаскөйлікпен жаппай көміп кеткен минадан тазартып жатқан. Әскерге шақырылғанымызға екі ай, жат елге жасырын жеткенімізге бір-ақ ай толған. Өрімдей жас жауынгерлерміз. Аласа ғана қыраттың етегіне шоғырланып, аздап тыныс алдық. Алдағы жазық пен иықтағы қыраттың үсті топыраққа көмілген минадан сау жатпағанына дау жоқ. Атқаратын іс өте ауыр. Аса сақтық қажет. Сондықтан да тыныстадық деген жай сөз, көңіл алаң, сергекпіз. Кейде жата қалып тың тыңдаймыз. «Жау жоқ деме жар астында» дегенді құлағымызға құйып тастаған. Бұл – Ауғанстан! Төңіректе соғыс жүріп жатыр.
Кенет құс та қонбайтын әлгі қыраттан асып ұшып келген граната жерге топ ете түскен бойда маған қарай домалап келе жатты... Адамның санасына қысылтаяң сәтте он сан ой келіп-кетеді. «Қазір жарылады...». Ұлы Отан соғысының бала кезден естіген, оқыған хикаялары есімде. Ең бірінші келген ой – «матросовшалап» кеудеммен минаны жаба құлайын дедім. «Взводты құтқарамын!». Қас пен көздің арасы... Солдаттар дүрлікті. Бірақ шарасыз. Граната менің алдымда. Ойыңның аяғын тұйықтап үлгермейді екенсің. Қолымды созып бүкіл қару-жарақ асынған күйіммен, белімдегі бес гранатамен қоса, гранатаның үстіне етпеттей құладым. Ерлік туралы немесе Отан, ата-ана туралы ойлап та үлгере алмадым! ...Жатырмын. Дүние бір сәт мүлгіп тып-тыныш, тым-тырыс боп қатып қалғандай. Тура жүрек тұсымда денеме тастай батқан бүдірдің әлгі граната екенін сезем. «Неге жарылмады? Енді қашан...». Арада бір минуттай уақыт өтті.
Кенет еңбектеп жеткен взвод командирі лейтенант Алексей Токаревтің аяқ жағымнан демігіп сыбырлаған дауысын естідім. «Қозғалма, Құлпейісов! Граната жатқан жағыңа қолыңды тіреп, баяу көтеріл...». Әлгіндегі оқыстан келген батырлықтың уыты қайтқандай ма, білмеймін, енді бойымды әлдеқандай бір үрей билесін. Денемде діріл бар. Командирім тағы үн қатты. «Саспа. Бәрі дұрыс, осылай жайлап, оң жағыңа аударылып түс». Айтқанын орындадым. Жап-жас лейтенанттың өзі. «Үлкен жерден» күні кеше ғана келіп, біздің взводты қабылдап алған. Қолын созып гранатаны асықпай алған бойда, дереу ілгегін тартып, қыратқа қарай бар құлашымен лақтырды. Менің кеудемде жарылмаған жау гранаты қырдың шаңын «бұрқ» еткізді.
Лейтенанттың айтуынша, граната өзіміздікі, кәдімгі РГД-5 болып шықты, менің алдыма қалайша ілгегі ағытылмай түскеніне таңбыз. Қыр үстінен бізге қарай граната лақтырған пендеңіз де құпия қалды... Командирім Токарев ерлігіме тамсанып, взвод алдында алғыс жариялады. Полк басшылығына мені Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынып баянат жазатынын мәлімдеді. Сол түні нағыз аласапыран басталып, дұшмандар тобы біздің бөлімге шабуыл жасады. Бас сауғалап кеттік...
Тасқалидың көз жасы
Серікқали ӘБДІРАХМАНОВ, Семей полигонында қызмет еткен жауынгер (Батыс Қазақстан облысы)
Бала кезімде Ресейде тұрдым. Кейін Оралдың Казталов ауданында мал бақтым. Бір жылдары «К-700» деген алып тракторды жүргізіп, кеңшардың бордақыланған күллі малын Ресейдің Волгоград қаласындағы ет комбинатына тасымалдаған да жайымыз бар. Таң бозынан төрт трактордың тіркемесіне ет толтырып, жолға шығамыз. Пойыздың вагондарындай тізбектегі бірінші «К-700»-де Серік Жақсұмов, екіншіде Рамазан Бақатов, үшіншіде мен, төртіншіде Тасқали Әбдіров деген бізден жас шамасы әжептәуір үлкендігі бар ағамыз жүреді. Бірде қызық болды...
Кеш түсе бастады. Бір уақыт дегенде Тасқали ағамыздың тракторының төбесі көрінді. Шошып кеттік. «К-700»-дің алдында төбесінде қызыл-көк жарығын жалтылдатып жағып, милиция машинасы келеді. «Құдай атты...» дедік. Ресейлік милиционерлер табан астында құжат тексере қалса қайттік? Енді не істейміз, Тасқали аға не бүлдірдің?
Екпіндеп келген патруль машинасы бізге жетпей кілт бұрылып тоқтады да, көліктен екі милиционер шықты. Тасқали ағам «К-700»-дің биік баспалдағын санап асықпай түсті, екі езуі екі құлағанда. Ресей милиционерлерімен қауқылдасып қол алысып, «Рахмет жігіттер, рахмет...» дейді. Ресей патрулі көп кідірмей келген ізімен шұғыл кері қайтып кетті. Аң-таңбыз. Дереу Тасқали ағамды ортаға алып, мән-жайды сұраймыз ғой баяғы. Сөйтсек...
Ет комбинатынан шыққан Тасқали ағам алдында жол бастап жүрген біздер жоқпыз, адасады да кетеді. Жол кәдімгі Сталинград қорғаушыларына арналып салынған Мамай қорғаны кешеніне бір-ақ алып барған. Сол екпінмен ағамыз кешеннің бас қақпасынан өтіп кетеді. Жол жиегін айналып орап кері бұрыла салатын жеңіл көлік те емес, тіркемесімен 15-20 метрге созылып жатқан алып техника! Батырлар кешенінің ішіне кіріп, айналып бұрылатын алаң таба алмай тоқтап тұрғанда ғой көзі дәл маңдай тұсынан бадырайып көрінген үлкен обелискідегі «Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш, қазақ Нүркен Әбдіров» деген жазуға түседі. Есін жиғанша да болмайды, құлақ тұндыра дабыл қағып, жарығын жалпылдатып милиция экипажы жетеді... Тасқали ағамнан айла артылған ба?! Дереу еңкейіп орындығының астында әдейі ұстап жүретін алюминий шәугімнен қолына су құяды да көзін, бет-аузын шылайды. Батырлар кешеніндегі төтенше оқиғаға байланысты басбұзар трактористі тәртіпке шақырмақ болып әңгімені дүрсе бастаған өктем дауысты милиционерлерге сондағы Тасқали ағамның айтқаны былай екен:
– Жолдастар, сержанттар! Кешіріңдер... Мен мынау Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтен жалғыз қалған тұяқпын. Көрем десеңдер, төлқұжатым, мінеки, Әбдіров Тасқали Нұркенұлы, әкем соғысқа аттанғанда анамның ішінде қалған екенмін... – деп бір қайырып, көзінің жасын сығып алады. – Осы сіздердің қалаға, сіздерге, Қазақстаннан ет тасимыз. Жолым түсе бермейді, енді қайтып бұл қалаға келеміз бе, келмейміз бе, әкемнің басына бір тәу етіп кетейін деп едім...».
Құжатты көріп, оқыс оқиғаның шынайылығына «көздері жеткен»» екі милиционер ыңғайсыздана шегініп, «Жарайды, мауқыңызды басып алыңыз. Біз күте тұрамыз, сосын сізді жолға шығарып саламыз» дейді. Іштен бір «үһ» деген Тасқали ағам барельефке барып, «әкесінің» басынан сипап, тағы бір сәт көз жасына ерік береді. Ресейлік патруль экипажының ағамды жол айрығына дейін барлық сән-салтанатымен шығарып салуының сыры сол екен. Ағамыздың тапқырлығына дән риза болған біздер қаздай тізіліп, енді Қазақ батырының «жалғызын» алға салып, «К-700»-дің акселераторын шірене басып, Қазақстанға бет алдық...
«Хан екі сөйлемейді!»
Рыспек АЛҒАЗИЕВ, «Чехославакия-1968 оқиғасына» қатысушы жауынгер (Алматы облысы)
Зейнет жасына шыққанға дейін «КамАЗ» жүргіздім, кешегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірін шарладым десем, артық айтқаным емес. Чехты қойшы, бейбіт күннің өзінде сау басты көпе-көрнеу қауіп-қатерге тіктік емес пе?! Сол баяғы 90-ыншы жылдар... Рэкет, бопсалау, алаяқтық деген пәленің бәрін көрдік. Қытайдың шекарасынан «КамАЗ»-дың өзін, тіркемесін толтырып жүк басамын, тапсырыс берушінің деген жеріне жеткізіп саламын, ақшасын береді. Шаршап тұрсам алыс жолға көмекшім бар, ілестіремін.
Бір күні шырттай киінген, қасы-көзі қап-қара, сақал-шашын әдемілеп бастырған бір сұңғақ бойлы кавказдыққа ұқсайтын жігіт әуелден танитындай-ақ «ағалап» келді қасыма. «КамАЗ»-дың борты мен тіркемесіне жүк тиейік, Румынияның шекарасына дейін жеткізіп салыңыз. Киім-кешек қой... Келіссеңіз, 20 мың АҚШ долларын қолыңызға санап береміз!» деп тақылдады. Жыл он екі ай жолдамыз, алысы не, жақыны не – келістім, беретін ақшасы да әжептәуір екен. Көмекшімді алмадым... Бесінші күн дегенде Волгоградты артқа тастап, Украинаны көктей өтіп, Молдова республикасының шекарасына жеттім. Сол жерден бет-ауыздарын жүн басқан, артық сөзі жоқ бейтаныс жігіттер тосып алды.
Қытай шекарасындағы жайма базарда жүк тиеп жатқанда бір танысымның «Әй, Рыспек, мынауыңның түрі сығанға келеді, тақырға отырғызып жүрмесін...» деген ескертуі есіме сап ете түскені. «Сығандар!» Шегінерге – кеш, басқа түскенді көріп алдық деп, соңдарынан ере бердім. Түн жамыла «Румыния» деген жазуы бар бағыт-белгіге жетпей, қалың орманның ішіне кірдік, жолы бұралаң екен, кері жүрсем, өз бетімше жол табуым да екіталай. Бәрін жүрегіммен сезіп келемін. Кірер қақпасы тым зәулім үлкен бір ғимартқа келіп табан тіредік. Көлікті өздері қалаған жерге қойдырды. Мені бөлмесі шағындау жұпыны қонақ үйге алып келді. «Демал» деді де шығып кетті. Ал ұйқым келсеші, «Әй, Рыспек, осы саған не жетпейді, а...» деп ал кеп өзімді жазығырайын. Жердің түбіне жеттің! Қайтар жолыңды да таба алмассың... тірі қалсаң! Іздеуші-сұраушың із кесе алар ма екен өзі мына жерден, а... Мына «атасы ұрылардың» ойында не барын кім білсін!? Әй, Рыспек, Рыспек...». Әрі дөңбекшідім, бері дөңбекшідім.
Неше күн жол соққан ес-түссіз ұйықтағанмын ғой, есікті қатты ұрғылаған дабыр-шудан басымды көтердім. Екі жігіт үнсіз жол бастады. Аулада бөлек тұрған үш қабатты сәні келіскен ғимараттың екінші қабатына көтерілдік. Баронның кеңсесі екен. Төрдегі алтын жалатылған, бәлкім, саф алтынның өзінен құйылған, білмеймін, үлкен жайлы орынтақта кашемир қара қалпақты сақал-мұрты қалың өскен, бірақ әдемі қиылған, толықтығы мендей екеу келетін шомбал сығанның төресі менің «здрастье» деген ілтипатымды құлағына да ілмеді. «Жүкті жеткізген сен бе... Бері жақында...» деді орыс тілінде. Түсі суық, дауысы да тарғыл екен кәпірдің. Тесіле қарады. Аузында сигара. Мойнында қалыңдығы иттің қарғы бауындай жалпақ алтын алқа. Жиегі алтынданған жалпақ емен үстелге таядым. Барон ар жақтан сәл еңкейіп алған екі бума АҚШ долларын алдыма лақтырып тастады – 20000!.. Бәкене шкафтың үстінде жатқан пистолетті көзім шалды. Ақшаны асықпай алдым да қалтама салып «рахметімді», оған қоса «сау болыңызды» ұмытпай айтып, есікке беттей бердім. «Тоқта, қазақ...» Қаһарлы дауыс! Шошынып селт еткенімді байқатпай, жалт қарадым. «Сен не, қазақ, ақшаны санамайсың ба?» Бір қолы әлгінде көзім түскен пистолетке созылған секілді ме...
«О, Құдай, мазағың ба, азабың ба...». Басыма ондай ойдың қайдан сап ете қалғанын қайдам «Сен біздіңше, қазақша айтқанда, Хансың! Қазақтар «Хан екі сөйлемейді» дейді. Хан өз қолымен берген ақшаны несіне санаймын. Сізге сенемін» дедім. Баронды түсіне алмай дал болдым. Өткір көзі өңменімнен өтіп барады. Тордағы торғайдың кейпіндемін. Сыр бермедім. «Хан, дейсің бе...». Сыған тілінде шығар, қатты дауыстап айтып алды да: «Қайтар ақшаны, қазақ, шығар қалтаңнан...» деді орысша. Екі буманы қалтамнан шығарып жатып, «Әй, Рыспек... Ханда нең бар еді, жайыңды біліп үндемей-ақ, бергенін алып рахметіңді айтып, қоя қоймасың ба...». Барон мен қайтарған 20000 долларды қолына алған күйде аяғының астындағы қоқыс салатын тор шелекке лақтыра салды. «Оп-па, ойында не бар?!». Алтын бауы сыңғырлаған үстелдің тартпасын суырып, ішінен басқа екі бума АҚШ долларын шығарды да қолыма ұстатты. Көзіме тағы да тесіле тік қарады. «Болар іс болды!». Мен де тесіле қалдым. «Қайтар жолыңды білесің бе, қазақ?». Мысқылдап тұр...
Украинаның шекарасына дейін жанымды шүберекке түйіп жеттім. «Ханға» сенбедім! Жолы бұралаң-бұралаң, елсіз, қалың орман. Екі тоғыздық «Жигули» біресе алдымнан, біресе артымнан қалмай жүріп отырды да, тура шекараға келгенде қалып қойды. Содан тоқтамай жүргеннен-жүріп отырып Ресей шекарасынан өттім-ау. «Үһ!..» Алғашқы май құятын бекетте тоқтап, бір буманың ортан белінен 100 долларды суырып алып, айырбастаттым... Таза екен. Бірінші кездескен үлкен қалада екінші буманың ортасынан суырған екінші 100 долларым да таза болып шықты...
Түс көргенмен бірдей болған сол оқиға есіме түссе, сол жолы қапелімде «Хан» деп айтқан жалғыз ауыз сөз жанымды сақтап қалды-ау, шамасы деп ойға батамын. Әйтпесе, сұрау-іздеуі жоқ бөтен жер, бөгде ел, 90-шы жылдар, кім біледі? Чехтар үшін болған КСРО мен АҚШ арасындағы кикілжіңнен сау келген ағаңның сол жолы румын шекарасынан, сығандар мафиясының ордасынан аман қайтуы екі- талай еді... * * * Бұл госпиталь ардагерлерінің қай-қайсысының әңгімесін тыңдасаң да құлақ құрышың қанады. «Кариб теңізі дағдарысына» (Куба), Эфиопия мен Тәжікстандағы қантөгістерге қатысқан қазақтарды осыннан табасыз. Ал енді тілін таба аласыз ба, ол жағына мен жауап бере алмаймын. Бангладеште интернационалдық міндетін орындаған бір түркістандық ағам бар. Құжатын өз көзіммен көрдім. Сыр ашпайды. «Құпияны 50 жыл сақтаймын деп, құпия құжатқа қол қойғанмын» дейді. «Қазір Кеңес Одағы жоқ қой» десем де илікпейді де көнбейді. Кеңестік тәртіптің салқыны өтіп кеткен... Кінәлай да алмаймын.
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ