• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Тарихи әділеттілік орнаған күн

369 рет
көрсетілді

Жақсы адамдар елдің бағы үшін туады деген қағида бар. Әрине, бұл – қисынды сөз. Сол секілді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та халқымыздың бағы үшін өмірге келген дара да дана тұлға десек, еш қате­лес­пейтін шығармыз. Елбасы­ның аза­мат­тық және көшбасшылық бітім-бол­мы­сын көтеріп тұрған бас­­ты фактор – қа­рапайымдығы мен кісілігі деу­ге бо­ла­ды. Ал қара­пай­ымдылық ұлы­лықтың бір белгісі мен нышаны екені тағы да та­лассыз. Ел, мемлекет алдындағы еңбегі ерекше бола тұрса да Ел­ба­сы сол еңбегіне лайықты  ұсыны­латын  құрметтер мен жоғары атақтардың бәрінен бас тартып келеді. Тіпті бұл ойын бірнеше рет БАҚ арқылы қазақстандықтарға шегелеп айтты да. Ал бұл жолы Парламент Сенаты Нұрсұлтан Назарбаевқа тиісті заң­дарға толықтыру енгізу арқылы «Халық Қаһарманы»  атағын беруге мүмкіндік туғызып отыр. Ер кезегі үшке дейін дегендей, бұл жолы Нұрекеңнің тарихи әділеттілік та­ла­бына сай берілгелі отырған елі­міз­дің ең жоғары атағын алудан бас тартуға хақы жоқ деп білемін. Мен бұл арада ер кезегі үшке дейін деген халық арасында жиі қолда­ны­латын тіркесті бұған дейін де қа­зақстандықтар тарапынан жоғары атаққа ұсыну туралы әңгімелер қоз­ғалған кездерде Президентіміз бір­неше рет тойтарыс беріп тас­тауы­на байланысты айтып отыр­мын. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демей ме? Бұл жерде Парламент Сенаты  қабылдаған заңды шешім халық тілегін білдіретіні айдан анық. Нұрсұлтан Әбішұлына «Халық Қаһарманы» атағын беруге лай­ық­ты критерийлер өте көп. Соның біреуіне тоқталғым келеді. Бұл – әртүрлі ұлт өкілдері мекен ететін көпконфессиялы мемлекетте уыз­дай ұйыған тыныштықтың сақта­лып отырғаны. Ел экономикасы мен мәдениетін дамытуда тату-тәтті қарым-қатынастардың басты кепілге айналып отырғаны. Мұны ең алдымен, Елбасының жанқиярлық еңбегімен байланыс­тыр­ғанымыз орынды. Бұл арада Нұрекеңнің жалаң ұран тастауға мүлдем жаны қас екенін де ашып айтқан жөн. Өйткені, құрғақ сөздер мен жалаң ұрандар еш уақытта  нәтиже берген емес. Керісінше, елдің берекетін кетіретіні де бар. «Біздің бәріміз Гогольдің шинелінен шыққанбыз» деп Достоевский орынды айтқандай, бүгінгі Қазақ­стан халқы Ассамблеясы өкілдері өздерінің Нұрсұлтан Әбішұлының төл перзенті, бел баласы екенін лайықты мақтаныш етеді. Қысқасы, Парламент Сенаты тарихи әділеттілікті ел назарына да, Елбасы назарына да ұсынып отыр. Бұл шешімнің аяқсыз қалмай­ты­нына үміт үлкен. Бауыржан ТҰМАНОВ, «Арту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Орал.