• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Сәуір, 2018

Оралда Мәдениет саласының үздіктері анықталды

474 рет
көрсетілді

Орал қаласында мәдениет және өнер саласы ұйым­­­дары мен қыз­­­меткерлерінің «Ру­­хани қазына» атты облыстық фестивалі өтті. Фестивальде музей, кітапхана және мәдениет үйі қызметкерлері ма­рапатталып, үз­­діктер Астана қа­ласында өтетін республикалық бай­қауға жолдама алды.

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орта­лы­ғы ұйымдастырған бұл фести­валдің мақсаты – мәдени ойын-сауық саласында тәжірибе алмасу, үздік істерді насихаттау, өнер адамдары мен ұжымдар арасында өзара шығармашылық байланыс орнату. Ауыл, аудан, қала, облыс деңгейінде үш кезең арқылы өткізілген бай­қауда жеңімпаздар 16 аталым бойынша марапатталып, рес­публикалық сында облыс намысын қорғайтын болды.

– Бұл өте маңызды шара. Ел­басымыздың «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы қолға алын­ғанына бір жыл уақыт өтті. Бұл ке­зеңде аз жұмыс атқарылған жоқ. Мұны бүгін біз әр ауданның ат­қарған жұмыстары бейнеленген көрмеден де көріп отырмыз. Өткен жылы Сырым ауданында Алаш музейін күрделі жөндеуден өткіздік. Әйгілі күй­шілер Құрманғазы мен Динаға ескерткіш орнаттық. Күй атасы Құрманғазының биылғы мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Астана қаласында Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатамыз, сонымен бірге Орал қаласында Исатай мен Махамбет ескерткішін де биыл орнатамыз деп шешім алдық. Тарихы терең, талай даңқты тұлғалар дүниеге келген өңіріміздің арғы-бергі тарихы түгел қамтылатын көптомдық жинақ шығарамыз. Міне, бұл жұмыстың бәрі біздің ауызбіршілігіміздің арқасында, ынтымағымыздың нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Болашақта да ойға алған жұмыстарымызды бірлесе атқаруға шақырамын. «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында аянбай еңбек етейік! – деді өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көл­гінов.

Осы шараға «Қасиетті Қа­зақ­стан» ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев арнайы келген еді. Астаналық мейман өз сөзінде қазылар алқа­сымен бірге бүгінгі байқаудың нәтижесін шығарып, үздіктерді анықтаған кезде Батыс Қазақ­стан облысындағы музей қыз­­мет­керлерінің ғылыми іздені­сі, кәсібилігі өте жоғары болған­дығын айтып өтті. 

Сонымен, Батыс Қазақстан облысындағы ең үздік аудандық музей – Сырым ауданындағы Сы­рым Датұлы музейі (меңгерушісі А.Ойшыбаева), ең үздік об­лыс­тық музей – «Бөкей ордасы» тарихи музей-кешені болып танылды. «Үздік аудандық музей қызметкері» атағына – Бөрлі аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі Алтынбөбек Сүйін­діков, «Үздік облыстық музей қызметкері» атағына Жәң­гір хан атындағы тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов ие болды. 

Кітапхана жүйесі де осы фес­тиваль аясында еңбек үздік­терін сарапқа салған еді. Байқау қорытындысында Бөрлі ауылдық кітапханасы – «Үздік ауыл кі­тапханасы» аталымына, Сырым аудандық орталық кітапханасы – «Үздік аудандық кітапхана», Ж.Молдағалиев атындағы облыс­тық әмбебап ғылыми-көпшілік кітапхана «Үздік облыстық кітапхана» атағына лайық деп танылды. Жекелеген кітапхана қызметкерлері арасында Лаура Бердіғалиева (Қазталов ауданы, Қараоба ауылдық кітапханасы), Айнагүл Батырханова (Бөкей ордасы аудандық кітапханасы) және Сергей Быков (Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы) же­ңім­паз атанды. 

Мәдениет үйлері арасында өткен сайыста Зеленов ауданын­дағы Январцев ауылдық клубы – «Үздік ауылдық клуб», Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мәдениет үйі – «Үздік ауылдық Мәдениет үйі», Бөрлі аудандық Мәдениет үйі – «Үздік аудандық Мәдениет үйі», Орал қалалық Жастар Мәдениет үйі – «Үздік қалалық Мәдениет үйі» атанды. Теректі ауданы Ақсоғым ауылдық клуб меңгерушісі Алмаш Арыс­танова – «Үздік ауылдық клуб қызметкері», Қазталов ауданы Ақпәтер ауылдық Мәдениет үйінің директоры Марат Хасанов – «Үздік ауылдық Мәдениет үйі қызметкері», Шыңғырлау аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжамал Жұмағазиева – «Үздік аудандық Мәдениет үйі қызметкері» деген дипломдар мен арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл аталған жеңімпаздардың бәрі де республикалық байқауға жолдама алып, бақ сынайтын болды.

Ел ішінде өнер мен мәдениет­ті насихаттап, халық­тың ма­ғы­­­налы да мәнді демалысын­ ұйым­­дастырып жүрген, бы­лай­ғы уақытта көп елене бер­мейтін қарапайым мәдениет қыз­меткерлерінің абыройы­ ас­қақтаған күн болды. Фести­вальге қатысушылар шара со­ңын­­да естелік суретке түсіп,  әр аудан­ның мәдениет пен өнер са­ла­сындағы үздік жетістіктері бейнеленген көрмені тамашалады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген  Айбатыр НҰРАШ