• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Елімен бірге еңселеніп отыр

303 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алғанда мен 60 жасқа толған едім. Қазір сексеннің сеңгіріндемін. Зейнеткерлікке шыққаныма да жиырма жыл толды. Осы жиырма жылда еліміз Елбасымен бірге талай асулар мен тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Нарықтың өтпелі кезеңінде елдегі түсті металлур­гия­ның алыптары – Өскемен қорғасын-мырыш, титан-магний комбинаттары, Үлбі металлургия зауыты, басқа да ондаған кәсіпорындар жабылудың сәл алдында тұрды. Міне, елдік пен ерлік сыналар осындай сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кенді Алтайға бірнеше рет келіп, титықтаған кәсіпорындардың «екінші ғұмырын» бас­тат­қанын көнекөз қариялардың қатарында мен де көрген едім. Шетелдік инвесторлар мол қаржы құйды, қазір аты аталған кәсіпорындар ел экономикасын көтеруге лайықты үлес қосып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан халқымыздың біртуар ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беру  туралы ұсыныс құп алынғаны жөнінде естіген кезімде, көз алдыма жаңағы оқиғалар елестеді. Шын мәнінде Елбасы қандай құрметке де лайық, мұның алдында жоғары марапатқа ұсынған кезде одан бас тартқанын қарапайымдылықтың үлгісі ретінде қабылдаған болатынбыз. Нұрсұлтан балам, елің мен төбеге көтеретін азаматтарың өзіңді жоғары атаққа орнымен әрі дер кезінде ұсынды деп есептеймін. Шын мәнінде Сіз ұлы тұлғасыз, халық ардақтайтын азаматсыз. Басқасын былай қойғанда, бір жыл ішінде Қазақстанда небір керемет оқиғалар өтті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттік, Ұйымның Саммитін ұйымдастырдық. Азия ойындарын дүркіретіп өткізу де абыройымызды арттыра түсті. Енді, міне, арада бес-алты жылдан кейін Дүниежүзілік Универсиада Алматыда өтпек. Демек, Қазақстанның көркеюі, өсіп-өркендеуі Сіздің биік беделіңіздің арқасы емес деп кім айтар екен? Елімен етене Елбасымен бірге Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын ел есінде қаларлықтай мәнді де сәнді өткізетініміз даусыз. Ендеше, елімізді тек биіктерден көруге жазсын! Мамырбек ТҰРҒАНБАЕВ, зейнеткер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ұстазы. Өскемен.