• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Сәуір, 2018

Жаны қазақ Никешин Володя

360 рет
көрсетілді

– Тәке, ассалаумағалейкум, – деп әдетінше күлімсіреп кіріп келді.

– Уағалейкумсалам! Көңілдегі назын айтып жатыр.

– Ауылда жоқ едім, Серіктің әкесі көп жылдан сыйлас ағай ғой, марқұмның үші өтіп кетіпті, жеті күндік дұғасынан мені қалдырмаңдар, бірге барайық. Жігіттер айтпайды, кейде осындай топырақты өлім болғанда естімей де қаламын, – деп көңілдегісін ақтарып жатыр. Одан әрі қайда болғандарын, не істеп жүр­ген­дерін сұраусыз-ақ төкпектетіп берді.

 Бұл Володя. Никешин Володя дос. Ол тек менің ғана досым емес, осы ауданда тұратын үлкен-кіші­нің біразымен сыйлас, сырлас дос. Ганюш­киндіктер бұл жігітті тойлары­ның төріне шығарады. Қазалы жерлерге шақырмаса да барып, қолұшын береді. Ауданның сыйлы ақсақалы Сабыр Нажимов аға бақилық болғанда көзінен жасы сорғалап, мұңайып жүрді.

– Марқұм әкемнің жақсы досы, құрдасы еді. Папамның ол кісіге айтпайтыны жоқ-ты. Өзгенікін көтермесе де әкемнің әзілін жүрегіне алмайтын-ды, – деп қойып, жұмысынан бірнеше күнге сұранып келіп, Сабыр ағаның ақтық сапарында бел шешпей жүр­генін көз көрді.

 Бұл аймақтың үлкен-кішісі марқұм Андрей Иванович Никешиннің өзін де, ұлы Володяны, ұрпақтарын да қатты құрметтейді. Несімен тұрғы­лықты халықтың жүрегін жаулады? Әрине, кісілігімен, кішілігімен, қарапайымдығымен. Көп жылдар жолдас болғанда байқағаным, ол кешірімшіл, жүрегіне зіл ұстамайды. Кейде, қатар-құрбыларының шектен шығып сөйлейтіні, намысқа тиетіні болады. Володя, ол да пенде ғой, көңіліне алмайды емес, алады, бірақ кешіре салады. Ол үшін қандастарға біз ренжіп қалсақ: «Әй, қойшы соны, ол өзі сондай жігіт қой, сөзіне есеп беріп жата ма?» деп қолын бір-ақ сілтейді. – Тәуірірек басқа бір әңгімені айтайықшы одан да», деп, қайдағы мен жайдағыны есіңе салып, езуіңді жиғызбайды.

Қайырымды жігіт, дұрысы азамат, ел ағасы, зейнеткерліктің ауылы оған да алыс емес. Көктем түсе әр ауыл­да таза­лық айлығы басталатыны бел­гілі. Се­беп-сылтау айтпай-ақ ортасын­да кү­ре­гін не тырмасын қолына ұстап біз­дің Володя жүреді. Өткенде Наурыз мей­ра­мында ұжымдар бірлесе шығып, киіз үйлер тікті. Бірінің жанын­да біз­дің Володя жүр болыскей ақ са­мауыр­ға әл­сін-әлсін жыңғылдың шо­ғын салып. Кө­рін­ген үлкен-кішіге құ­ша­­ғын ала жү­­гі­р­еді. Әйтпесе, ол те­гіне текті­лік біт­­кен Никешин Андрей Ивано­вич­тің ұр­­пағы болар ма, айналып қана кетейін!

Әлгінде қайырымды дедік. Расымен де көктем түсе өтініш еткеннің бау-бақшасына барып жүзімдіктерінің, жеміс ағаштарының артық бұтағын кесіп береді. Тыңайтқышты қанша мөл­­шерде қосу қажеттігін айтып түсін­діреді. Білмейтіні жоқ. Себебі ауласы түр­лі жеміс-жидектен арылып көрген емес. Алма ағаштары қандай? Қазақы мінез­ді ол сатып, пұл қылу дегенді мүл­де білмейді. Ше­лек-шелегімен, табақ-табағымен көр­­ші-қолаңға, жұ­мыс­тастарына, достарына үлестіріп жүр­гені. Өз сөзімен айтсақ бұл «ауыз ти­гізу». Володяның өсімдік жайын жақ­сы білетіні – ол Агроөнеркәсіп кеше­ніндегі Құрман­ғазы аудандық аумақтық инс­пекция­да «Өсімдік қорғау инспекторы» лауа­зымдық қызметін ұзақ жылдардан  бері абыроймен мінсіз атқарып келеді.

Осы мақаланы жазу барысында аталған мекеме басшысы Арман Құмарғалиев ініміздің ұшыраса кет­кені. Біз сұрадық, ол айтты.

– Володяға шаң жуытпаймыз ғой, ондай маман болу қайда, – деп бір қой­ды А.Құмарғалиев. – Ал адам­гер­шілі­гін, көпшілдігін менен гөрі сіз жақ­сы бі­ле­сіз. Сәл көрінбей қалса, ұжым­дас­тар са­ғы­нып қалады. Ортаның гүлі деп жа­та­ды ғой, дәл сол сөз біздің Володя­ны айналып өтпейді. Еңбегі елен­ді. Министрліктен бері қарай гра­мо­­талар, облыс, аудан әкімінің алғыс хат­­­­та­рын иеленді. «Еңбек даңқы» төс­бел­­­гі­сі де Володя­ның өңіріне жарас­ып тұр.

– Бірде, – дейді Володя шайын сораптап қойып. – Жұмысым болып вол­го­градтық туыстарымның үйіне бардым. Пойызда адам көп, жол шаршатты. Басым ауырып әзер жеттім. Үлкен апай «не ысытайын, не ішесің» деп бәйек болып жатыр. «Апа, шәйнегіңді қайнатшы, құманыңды бер, шайды өзім демдеп аламын, басқа ештеңенің керегі жоқ», – дедім. Содан сүтін молырақ құйып, 4-5 кесе күрең шайды қанып ішкеннен кейін самайымнан тер бұрқ ете түсті, маңдай жіпсіп, көз ашылды. Мұны көрген туыстар «Өй, қазақ келді, шайдың тәуірі қайда?» деп күлісіп жатыр. Енді қайтейін, бала кезден үйренісіп қалған дәміміз шай ғой, – дейді Володя дос өткенге ой жіберіп.

Батыс өңірінде, оның ішінде Құр­манғазы ауданында қазақша сөйлей­тін өзге ұлт өкілдері, шүкір, баршылық, бірақ Володя­дай болу қайда? Қазақы сөздің мәйе­гін ағызады, мақал-мәтелдермен тұз­дықтап жібергенде ұзақ жыл­дар қалам ұстап жүрген өзің қайда кетерің­ді біл­мейсің. Сол үшін оны төбеңе көтер­мегенде, кімді төбеңе көтересің?! То­­йыңда шалықтап билейді, билегенде аяғы жерге тимейді. Созғылап бая­нын тар­тады, тартқанда жай тартпайды, әуез­ді әуені тұла бойыңды шымыр­лата­ды. Қалтасына қолын салып шашуын да бере­ді. Өлгеніңе топырақ сала­ды. Жа­быр­қап, сенімен бірге жаны қи­на­лып, маңайыңнан кетпейді, басыңды сүйейді.

Жан-жары Асия Сабирджанқызы татар ұлтының өкілі. Ибалы, инабатты. Үйіне бас сұқсаң күлімсіреп ақ дәмін алдыңа тосады. Дәмінен бұрын жылы қабағына, ықылас-пейіліне мелдектеп тоясың. Ұрпақтары ылғи оқыған білімділер, бір-бір шаңырақ құрып тәуелсіз Қазақстанның игілігін әр тарапта еселеуде. Қай-қайсысы да таза қазақ тілінде ағалап, көкелеп іші бауырыңа кіріп барады. Аман жүрсе екен, сол айналайындар!

Мен сені бауырымдай жақсы көремін, Володя! Тек мен ғана ма, ел­дес­тердің бәрі де сені құрмет тұ­тады. Өйткені сен, шынымен де жақсы­дан да жақсысың, Володя!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 

Атырау облысы,

Құрманғазы ауданы