• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2018

Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

308 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Пре­зи­дент­тің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жол­даулары мен Бес әлеуметтік бастамасының, сондай-ақ  мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді.

Сәтбаевтағы сәтті жобалар

Үкімет басшысы әуелі Сәтбаев қаласында болып, ол жерде «Нұрлы мекен» жа­ңа шағын ауданының құры­лы­сымен танысты. Аталған шағын ауданға Жезқазған қаласындағы апатты үйлердің және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде опырылған аудан аймағының маңындағы елді мекен тұрғындары көшіріледі.

Қазіргі таңда шағын ауданда баспанаға мұқтаж азаматтар үшін 118 700 шаршы метр аумаққа 1760 пәтер салынған. Магистральды жылу жүйесі тар­тылып, үйлер қажетті ин­же­нерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов биылғы жыл­дың маусым айының соңына дейін ауданы 12 100 шаршы метр болатын 4 үй (195 пәтер) салынатынын айтты. Бұған қоса, биыл қос пәтерлі 107 үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.

Б.Сағынтаев сапары барысында Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» Үн­деуінде берген тапсырмаларына сәйкес, Жезқазған өңірінің тұр­ғын үй құрылысы және «Нұр­лы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарларымен танысты.

Сонымен қатар Сәтбаев қала­сында Премьер-Министр «Ханум» макарон өнімдерін шыға­ратын кәсіпорында болып, өңірдегі шағын және ор­та бизнесті дамыту қарқы­нымен, сондай-ақ өнімді жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.

Аталған кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Жо­ба­ны іске асыру импортты ал­мастыруға, сондай-ақ Жезқаз­ған өңірінің экономика­сын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда өнімдер Жез­қазған, Сәтбаев және Ұлы­тау дүкендері мен супермар­кет­теріне жеткізіледі. Келе­шекте мака­ронның жаңа түрлерін шыға­ру, кәсіпорынның өндіріс­тік қуатын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өт­кізу нарығын кеңейту көз­делген.

Сондай-ақ Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында «Ка­zakhmysSmelting» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауы­тында болып, онда екінші кен қыздыру пешін реконструк­циялау барысымен таныс­ты. Нысанда катодты мыс өн­дірісінің технологиялық үде­рісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұ­мысын көрді. Жезқазған мыс қорыту зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 млрд тоннадан астам кен өн­дірілді. 2018 жылдың қаң­тар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өнді­рілген.

Жезқазған тірлігі жанданған

Премьер-Министр Ба­қыт­­жан Сағынтаев Қара­ған­ды облысына жұмыс сапа­ры барысында Жезқазған өңірі­нің активімен және жұрт­шы­лы­ғымен әлеуметтік-эконо­ми­калық даму мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Жиын барысында облыс­тың моноқалаларын дамы­ту, инфрақұрылымды жетіл­діру, нарық жағдаятының өзгеріс­теріне және жаңа техноло­гиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даяр­лау мен қайта дайындау мәселелері талқыланып, Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласындағы тап­сырмаларды іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орын­дау тетіктері сөз болды.

Атап айтқанда, кездесуге қа­тысушылар Қызылорда – Жез­қазған – Қарағанды – Ас­тана бағыты бойынша «Са­ры­­арқа» магистральды газ құ­­быры жобасын іске асыру ая­­­сында өңірді газдандыру жә­­­не ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары туралы әңгі­меледі.

Үкімет басшысы Елба­сы­ның «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» Үндеуін­дегі міндеттерді орындау мақ­­сатында тиісті тетіктер әзір­­леніп, нақты іс-шаралар мен орын­дау мерзімдерін қам­ти­тын «Жол картасы» жүзе­ге асырылып жатқанын жет­кізді. Қажетті заңнамалық өз­герістер жасалып, бюджеттен тиісті қаражат бөлінгенін, жал­пы Үкімет алға қойылған мін­деттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

Бұдан өзге, білім берудің қол­жетімділігін арттыру, бас­пана жағдайларын жақсарту: жаңа жатақханалар мен «7 – 20 –25» тұрғын үй бағдарламасы секілді студент жастарға ар­налған жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қабылданған үш жылдық жоспар шағын жә­не орта бизнесті, сервистік эко­но­миканы, әлеуметтік нысан­дардың құрылысы мен инфра­құ­рылымын дамытуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға бағыт­талған. Жоспардың орындалуы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 13,2%-ға арттыруға мүмкіндік бе­реді. Негізгі капиталға са­лын­ған инвестициялардың көлемін 63,1%-ға ұлғайту жоспарда бар. Нәтижесінде 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

«Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын» орындау туралы есеп беру барысында Е.Қошанов газ құбырын салу жобасын іске асыру об­лыс тұрғындарының 70%-ын қамтитынын айтты. Жез­қаз­ғанда бірінші кезеңде ор­та­лықтан жылумен қамтамасыз етілмеген көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамту арқылы қалаішілік желілерді салу көзделген. Мұнда 2,5 мыңға жуық үйді газдандыру жоспарланып отыр. Одан кейінгі кезең – Сәтбаев қаласы мен көрші елді мекендерді газдандыру екенін айтты өңір басшысы.

Қала активімен өткен жиында Үкімет басшысына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қы­рық­пышев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық эко­номика министрінің бірін­ші орынбасары Руслан Дә­ле­нов өңірді дамыту бо­йын­­ша атқарылып жатқан жұмыс­тар­ды баяндады.

Талқылау қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев жалпы Жезқазған өңірінің дамуы оң қарқын көрсететінін айтып, министрліктер мен облыс басшыларына алға қойылған жос­парларды орындау мен аталып өткен мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Жезқазғанға сапары барысында Үкімет басшысы «Баян» компаниясы мен «Қа­зақ­­мыс» корпорациясының меди­циналық орталығында да болып, жұмыс барысымен танысты.

Жаңа экономикаға – жас кадрлар

Үкімет басшысы Бақытжан Са­ғынтаев Қарағанды қала­сын­да облыстың жоғары оқу орын­дарының «Серпін» бағдар­ламасы бойынша оқып жат­қан студенттерімен, колледж оқушыларымен және студент­тер ұйымының көшбас­шы­ларымен, ЖОО және колледж басшыларымен кездесті.

Жүздесу барысында Елба­сының жолдаулары мен «Пре­зиденттің әлеуметтік бес бастамасы» Үндеуінде көрсетілген жаңа экономикаға қажетті кадр­ларды даярлау, білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.

Үкіметтің қазіргі уақыт­та еңбек нарығы инфрақұ­ры­лымын жаңғырту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жан-жақты баяндап берді.

Кездесуді қорытындылаған Үкімет басшысы базалық сала­лардағы бәсекеге қабілеттілікті арт­тырып, экономикалық өсім­нің жаңа моделін дамыту қа­жеттілігі туралы Мемлекет бас­­шысының нұсқауын еске сал­ды. Бақытжан Сағынтаев өңір­­де шетелдік инвесторлар салып жатқан жаңа кәсіп­орын­дар үшін қажетті кадр­лар­ды даярлау керектігіне көңіл аударып, ЖОО және кол­ледж басшыларына аталған өндіріс акционерлерімен тех­никалық мамандықтарға деген сұранысты зерттеу үшін байланыс орнатуды тапсырды.

Үкімет басшысы жұ­мыс сапары аясында «Сары­арқа» ЕЭА-да болып, Индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы бойынша жұ­мыс істеп жатқан өндірістік кәсіп­­орындарды аралады. Атап айт­қанда, «Бёмер Арма­тура» ЖШС мен «Re­cycling­Company» компания­сы­ның жұмысымен танысты.

«Бёмер Арматура» фир­масының өнімдері «Са­рыарқа» газ магистралі құрылысына қа­жетті өнімдер шығаратын болса, «RecyclingCompany» ЖШС ес­кірген көлік құралдарын жою­мен айналысатын Орталық Азия аумағындағы бірден-бір кәсіпорын.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы