Ғасырлар бойына тылсым сырын тысқа шығармай, кереметімді аңдап аларсың дегендей ен даланың төсінде еркелегендей кейіппен шашылған жұмбақ тастардың құпиясын аңдап көріңіз. Дерек пен дәйек сан шарпысып келгенде болжам болып өріле беретіні несі? Алдыңыздан андағайлап шыққан сан жорамал жайын жайып салар мәліметтен мәлім бір атау мың құбылады. Ақыртас... Ақыртас... Тасақыр... Хасри бас...Таңдай қаға келген зерттеуші атаулы ғажайыпты көріп бас шайқайды. Әйтсе де күн астында қоңырқай тартқан Ақыртастың қызыл тастары сыр айтпайды.
Ақыртас... Бізге жеткен тұңғыш дәйек негізі 1222 жылы Шыңғысханның шақыртуымен Қытайдан шығып Самарқанға асыққан будда монахы Чань-Чунь қалдырған күнделікте жатыр. Алыстағы шаһарға жетуді Сайрам арқылы шығатын бағытпен мақсат еткен монах жол бойы көргендерін хатқа түсірген: «... Жолда қызыл түсті тастардан тұрғызылған тас қалашыққа тап келдік. Көне дәуірдегі әскери тұрақтың орны бар. Батысында үлкен Аю жұлдыз шоғыры секілді шашырай орналасқан бейіттер жатыр».
Ал қалашықты алғаш рет 1864 жылы Түркістан өлкесінің губернаторы генерал Михаил Черняев ұйымдастырған әскери экспедицияның құрамында болған суретші Михаил Знаменский тас қабырғалардың жалпы көрінісі мен үздік кескіндерінің сызбасын қағазға түсіріп алды. Осы жайт ерекше ынта аудартты ма, араға үш жыл салып, 1867 жылы белгілі ғалым-ориенталист Петр Лерх ерекше көңіл бөліп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жинақталған деректеріне сүйене отырып, Ақыртас ескерткішінің жөн-жосығын зерделей келе будда монастыры деген түйін жасады. Ғалымдардың тым шалғайдағы таңғажайып шаһар сұлбасын көзбен көруге ықыластары ауды да тұрды. Сөзіміздің бір дәлеліндей, 1885 жылы орыс зерттеушісі Дмитрий Иванов қиырдағы қызыл тастан қаланған қалашықтың орнын іздеп жолға шықты. Ол өз сапарларында Ақыртас жайында мол мағлұмат жинақтап, «Императорлық орыс география қоғамының хабаршысы» ғылыми мақала жариялады. Ауқымды тастар, бүкіл ғимараттың алып көлемі, ойлаудың батылдығы, өнер мен орындалу ыждаһаттылығы және ең соңында аптапты шөл далада жеке-дара бой көтеруі – Түркістандағы ғажайып көне сәулет ескерткіштерінің бірі ретінде Ақыртасқа назар аудартады. Мұндай алапат құрылыс үшін мол қаржы, өте көп қол күші мен теңдессіз байлық керек болатын. Ондай істі шешуге тек қандай бір халық билеушісі ғана қол жеткізе алуы мүмкін.
Ақыртастың жұмбағы шешуін аша қойған жоқ. Асқар таудың етегіндегі жазықта жатқан адуын тас кірпіштерден қаланған қалашық іргетасы ірі ғалымдарды да өзіне ынтықтыра түсті. Белгілі шығыстанушы, академик Василий Бартольд арнайы соғып, қырдағы қызыл тастардың құпиясына үңілді. Аңыз-әфсаналарды зерделей келе Ақыртастың беймәлім құрылыс мәнерін христиан, оның ішінде несториандық монастрьге ұқсастығы жөніндегі жорамалын алға тартты. Дегенмен осы айтылған пікірлермен, түйінделген тұжырыммен жұмбақ құрылыстың шешуі тарқатыла салмады. Ақыртастың ғажайыбы да сол, араға біраз жылдар өткізіп барып, 1936-1938 жылдары академик А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедициясы Талас жазығында арнайы қазба жұмыстарын жүргізген кезеңде Ақыртасқа арнайы ат басын бұрды.
Ал 1945 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сәулет өнері істері жөніндегі арнайы экспедиция жасақтап, ұлы даланың өн бойындағы тарихи ескерткіштерді зерделей бастады. Өзінің мәнер үлгісімен ерекше назар аудартқан Ақыртас кешені де зерттеуде қозғалатын нысан ретінде экспедиция жұмысының басты бағытына айналды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі сәулетші Т.К.Бәсеновтің жасаған пайымдары айрықша ықылас аудартады. Бұған дейін айтылған будда немесе нестарман монастры делінген жорамалдарды жоққа шығарып, ғалым батыл ойларын ортаға салды. Сәулетші ғалымның дәйекті дәлелі Ақыртас ен дала төбесіне VIII-IX ғасырлар аралығында салынған қамал-сарай деген салиқалы сараға негіздеп жатты. Дәл осы ойдан тармақталғандай болған тағы бір тұжырым ғылыми ортада өзіндік ерекшеліктерімен айшықталынып тұрды.
Ақыртас ескерткішінің жоспарын сараптай келіп, ғалым Л.Ю.Маньковский тарихи кешенді керуен сарай, аралық пункт және үлкен сауда орталығы ретінде салынған алып құрылыстың бүгінге жеткен іргетасы деп түйіндеді. Ғалым өзінің ғылыми тұжырымдамасында кешеннің құрылыс жұмыстарының Х ғасырға дейін созылғанын айғақтайды. Тарихтан белгілі араб жазбаларында баяндалатын Касрыбас осы Ақыртас екендігін айтады. Ақыртас кешенінің жобасын зерттеушілер Орта және Таяу Шығыстың сәулет өнеріндегі өрнектерден ұқсастық іздейді.
Ақыртас туралы айтқанда, ғажайып архитектуралық кешеннің ІХ-Х ғасырларды Жетісуда билік құрған қарлұқтардың ставкасы деп пайымдайды. Ғалым араб халифаттарындағы салтанатты сарайлардың үлгісін осы Ақыртастан көреді. Соған орай негіздей келе архитектуралық тарихи кешеннің құрылысын 766-893 жылдарда Жетісудың батыс бөлігінде билік жүргізіп келген қарлұқ қағанының жазғы резиденциясы болуы мүмкін деген тұжырымды алға тартады.
Әсілі, Ақыртас жөніндегі қағазға түсіп, бізге жеткен деректер қатарына даос монахы Чан-Чунның 1222 деп белгі соғылған сарытап күнделігін жатқызады. Оның өзінде саяхатшының еңселі қабырғалар мен құрылыстың табын сездірер қалдықтар мен бұзындылар орны ерекше ықылас аударта ынтықтырып, қолға қалам алдыртқан: «Бізге тас қалашық кезекті, тастары қызғылтым түстілігімен айрықшаланып тұрды, көне әскери тұрақтың орны байқалады».
Есесіне 1885 жылы осы жерде болған зерттеуші Д.Иванов мол дерек жинағанын «Императорлық орыс география қоғамының хабаршысына» жариялаған көлемді мақаласынан аңғарамыз. «Ересен тастар, ғимараттың бүкіл ауқымының орасан көлемі, ой-қиялдың ұшқырлығы, өнер мен орындалу шеберлігі, түйіндей айтқанда, шөл даланың аптабында кешегі алыптықты айқындар кейіп – осының бәрі Ақыртасқа Түркістандағы көне архитектуралық ғажайып құрылыстың бірі ретінде қарауға ықпал етеді.
Мұндай істі жүзеге асыру ауқымды жабдықты, өте көп құлдық еңбек қолын қажетсінді және ерен байлықты керек етті. Оны шешу тек мызғымас елді өзіне қаратқан билеушінің ғана қолынан келетін еді».
Зерттеу жұмыстарына қиындық болып келетін мәселе дегенде, Ақыртастың қайталанбас шығыны ретінде қарастырылатын дәйекті 1905 жылғы Әулиеата уезінің бастығы В.Калаурдың есебінде маңайдағы елді мекен тұрғындарының тастарды ауылдарына ұрлап тасып тауысатын болғанын жазады. Тас блоктар Түркістан-Сібір темір жол құрылысы кезінде пайдаланып кеткені жөнінде де айтылады. Шынында да көпір салуға, ғимарат іргетастарына пайдаланылған көнеден сыр шертер шомбал тастар ғылым үшін жұмбақтың шешуін дөп басар деректердің құпиясын мәңгіге өзімен бірге алып, қаланып кеткені көп ой салады.
Ақыртасты зерттеушілердің ұзақ тізімі көңіл қуантады, олардың алдыңғы қатарында айтулы ғұламалардың тұруы аталмыш тақырыптың қанша ғасырлар бойына зерек ой иелерінің зердесін өзіне ынтықтыруынан да біраз нәрсені аңғаруға болар. Десе де, Ә.Марғұланды алыңыз, П.Лерхты алыңыз, Д.Ивановты алыңыз, Г.Пацевичті алыңыз, А.Бернштамды алыңыз, В.Бартольдты алыңыз – ғаламат құрылыстың ауқымды іргетасы жөнінде қызықты мәліметтерді алдыңызға мөлтектетіп жайып тастағанымен өзіне еліктіре түсетін болжалды болжамды табу қиын. Ақыртас сонысымен де жұмбақталып өз құпиясын бүгіп жасыра береді. Жақында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және Жамбыл өңіріндегі өзге де тарихи нысандарды туристік орталықтарға айналдыру мәселесі талқыланды.
Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы төрағалық еткен конференция жұмысына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың өкілдері, елімізге танымал ғалымдар қатысты. Бүгінгі күні «Ақыртас» кешенін өзіміз танып қана қоймай, өзгелерге де таныту мақсатында кешен аумағын туристік орталыққа айналдыру мәселесі тұр. Бұл мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ үшжақты меморандумға қол қойылды. Енді «Ақыртаста» ауқымды жұмыстар басталады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы