• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Сәуір, 2018

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы нә­­тижесін сараптауға арналған экс­пе­рттік кездесу өтті

773 рет
көрсетілді

Білім саласындағы жаһандық бәсекеге бейімделген озық мамандарды даярлау – еліміздің болашаққа жасап жатқан ең басты бағдары. Бұл тұрғыда әлемнің ең таңдаулы 100 оқулығын қазақ тілінде сөйлету «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең ұтымды тұсы деуімізге болады.

Бүгінге дейін қазақша тәржі­ма­лан­ған 18 оқулықтың өзі қазақстандық сту­денттерге әлемнің үздік үлгілері бой­­ынша білім алуына көмектесіп, сон­­дай-ақ философия, саясаттану, әлеу­­меттану және басқа салаларда өз білімін кеңейту үшін жаңа мүм­кін­діктер ашуда.

Жақында Астанадағы «Президент орта­лығында» Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті  – Елбасы қо­ры­ның жанындағы әлемдік эконо­мика және саясат институтының са­рапшылары да осы тақырыптың әэси тө­ңірегінде ой қорытып,  «Жаңа гу­ма­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аралық нә­­тижесін сараптауға арналған экс­пе­рттік кездесу өткізді.

Жаңа оқулықтар жайын сөз еткен сарапшылар қатарында Мемлекет тарихы институты, Ұлттық аударма бю­росы, Тұңғыш Президент кі­тап­ха­насының талдау орталығы, Еура­зия­лық интеграция институты, «Нұр Отан» партиясының талдау, болжау және стратегиялық бастамалар инс­титутының жетекші мамандары мен ғалымдар сөз алып, Елбасының «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы шең­берінде жүзеге асырылып жатқан жұ­мыстар туралы айтты.

Жалпы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы кітаптарды түп­нұс­қадан тікелей аудару жұмысы арқылы қазақ­стандық аудармашылар мен редакторлар мектебін қалыптастыруға оң әсер еткенін айта кеткен жөн. Дөң­­гелек үстелге қатысушылар да жо­баның маңыздылығын атап өтті. Олардың айту­ынша, әлемдегі ең көп сатылатын кі­таптардың қазақ тіліне аударылуы қа­зақ тілін жүйелі түрде байытуға жә­не оны дамытуға үлес қоспақ. Айт­алық ӘЭСИ директоры Ержан Сал­тыбаев келтірген дерек бойынша, бү­гінге дейін 18 оқулық аударылып, Ел­басының назарына ұсынылған.

 – Жылдың соңына қарай тағы 30 кітапты аудару жоспарлануда. Аталған оқулықтарды аудару барысында қазақ тіліне 3 мыңнан астам жаңа ғылыми термин мен ұғым енгізілді. Тақырып төңірегінде барлық сарапшылардың пікірі бір жерден шығады деуге болады. Негізінен аталған жоба әлемдік жоғары оқу орындарының  білім бағ­дарламаларына енетін әмбебап оқу­лық­тарды аудару арқылы Қазақ­стан­дағы гуманитарлық ғылымның да­му деңгейін айтарлықтай арттырып, отандық жоғары оқу орындарын­да бі­лім беру сапасын көтеруді мақсат тұ­тады. Сонымен қатар «100 жаңа оқу­лық» жобасы Қазақстандағы ғы­лы­ми аударма жұмысының да жаңа бе­лесін айқындап бергенін айта кетуіміз керек. Басқосуда Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы Әлібек Қисыбай осы жайттарға ке­ңі­нен тоқталды. «Оқулықты аудару аясын­да Қазақстан әлемдегі алдыңғы қа­тарлы ЖОО-лардағы білім беру орын­дары, ғылыми орталықтар мен оқу­лықтар шығаруға маманданған бас­па ұйымдарымен тығыз әріптестік ор­натпақ. Қазірдің өзінде біз әлемнің 15-ке жуық баспа үйімен тікелей әріп­тестік орнаттық», дейді ол.

Оның айтуынша, кең көлемді аудар­ма жұмысы қазақ тілін халық­ара­лық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны да­мы­­туға, академиялық жазу стилін же­тілдіруге, қазіргі ғылыми-зерттеу жә­не баяндау әдістерін меңгеруге зор мүмкіндік береді. Бұл жобаны іс­ке асыру бірқатар маңызды және айтар­лық­тай  жүйелі мәселелерді шешуге жол ашады.

­Бұл мәселеге қатысты Әлемдік эко­­номика және саясат институтының са­­рап­­шысы Серік Бейсенбаев та қазақ ті­­ліне аударылатын 100 оқулық – ұлт­тық аударманың методологиялық тұр­­ғыдан негізін қалап жатқандығын ай­­тады.

«Қазіргі Қазақстан дамуының не­гіз­гі алғышарты – интеллектуалдық әлеу­етімізді арттыру. Осы мақ­сат­қа жету үшін ең алдымен гума­ни­тар­лық саладағы әлемдік білімге қол жет­кізуіміз керек. Бұл бағытта сапа­лы түр­де қазақ тіліне аударылған оқу­лық­тар үлкен маңызды рөл атқарады. Өкінішке қарай соңғы жылдары бұл сала жеткілікті деңгейде дамымаған болатын. Әзірге 18 оқулық шықты. Бұл оқулықтар әлемдегі алдыңғы қатарлы ғалымдардың жазған еңбектері. Осы оқулықтардың нәтижесінде біздің қазақ тілді студенттер өзінің ғылыми әлеу­етін арттыруға мүмкіндігі бар», дей­ді ол. С. Бейсенбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы тағы бір басты же­тістік – ұлттық аударма бағытының ме­то­до­логиялық тұрғыдан негізі қаланып жатыр.

Аталған жиында аударылған 18 кі­т­аптың  университеттер мен инс­ти­­туттарға жеткізілу мерзімі, ауда­рыл­ған кітаптарды таңдау туралы да сөз болды. «Бүгінде Қазақстанға ин­же­нерлер мен дәрігерлер ғана емес, бо­лашақты терең түсінетін білікті гу­ма­нитарлық саланың мамандары да аса қажет. Сананың жаңғыруы гу­ма­ни­тарлық білімге тікелей байланыс­ты. Осы орайда тарих пен саясаттану, әлеу­меттану мен философия, психология, антропология, мәдениеттану, фило­ло­гия және педагогика ғылымдары бой­­ынша студенттерге заманға лайық бі­лім беру үшін жағдай жасау міндеті тұр», дейді Ә. Қисыбай. «Аударылған кі­­таптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныстар жиналып, біздің қорға барлығы 800-ден астам оқулықтың тізімі келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негі­зін­де бірнеше рет басылған, соңғы ба­сы­лымы кейінгі үш жылда шыққан, маз­мұндық тұрғыдан бейтарап болуы қа­жет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылы 18 оқулық таңдалды. Сонымен қатар бұл оқулықтар дүние жү­зіндегі үздік 100  университеттің, мы­салы Гарвард, Стэнфорд, Оксфорд, Колумбия университеттері секілді оқу бағдарламасында болуы тиіс еді»,  дейді Ұлттық аударма бюросының жоба басшысы.

Басқосуда белгілі болғандай, ірік­тел­ген оқулықтарды аудару жұмы­сы­на Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ге тарта маман қатысқан. Аудармаға тек аударма­шылар ғана емес, осы саланың бі­лік­ті ғалымдары, академиктері мен профессорлары да атсалысқан. «Жос­парға сай, бұл оқулықтар мамыр айы­ның соңына дейін ЖОО-ларға жет­кізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоға­ры білім беру жүйесіне енеді. Бұл оқу­лық­тармен Қазақстанның барлық ЖОО-ларындағы студенттер оқытыла бас­­тайды»,  дейді Ә.Қисыбай.

Сарапшылардың сөздерін саралар бол­сақ, бұл аударылған оқулықтар жалпы аударманың сапалық тұрғыда бел­г­ілі бір стандарттарын анықтайды. Де­мек, кейінгі аударылған оқулықтар мем­лекет тарапынан болсын, мем­ле­кеттік емес ұйымдардан болсын, дәл осы 100 оқулықтың сапасын ес­ке­ре отырып, тәржімаланатын бола­ды. Сон­дықтан бұл алдағы әлі де жасалатын жұмыстың негізін қалап берді деп айтуға болады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»