Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі екенін де айтқан болатын.
Әрбір адамның бойындағы әрқилы талант туған жердің туын жоғары көтеруге, өлкенің өрісін танытуға септесетіні анық. Осы орайда, Президент мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында «Рухани қазына» атты фестиваль өтті.
Айтулы шараға Әулиеата өңіріндегі қолөнер шеберлері, кітапханашылар, музей мен клуб мамандары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы негізінде өткен шара барысында өңірдегі халықтық театр ұжымдарына, айтыс ақындары мен фольклорлық ансамбльдерге арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Аталған фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев 21 мамыр – мәдениет қызметкерлерінің төл мерекесіне орай республикалық фестиваль өтетінін, оған Жамбыл өңірінен де үздік өнерпаздар іріктелетінін айтты.
Фестиваль барысында танымал әншілер Ғани Мәтебаев пен Маралбек Бабақұлов «Туған ел» әнін шырқап көпшіліктің қошеметіне бөленсе, «Алатау» тобы «Біз біргеміз!» әнімен шара шырайын арттырды. Қатар астанасы Доха қаласында өткен сиқыршылар фестивалінде жүлделі екінші орынды иеленген «Балауса» циркінің сиқыршысы Талап Таубеков пен аталған өнер аламанында қазылар алқасының құрамында болған өнерпаз Ілияс Рахманқұловта өз өнерлерімен тәнті етті. Тараз төрінде дүбірлеп өткен «Рухани қазына» фестивалінің барлық қатысушыларына арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы