• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Сәуір, 2018

Кәмила Жапалованың суреттері «Artexspo New York-2018» көрмесіне қойылды

1246 рет
көрсетілді

Бұл күндері атыраулық қылқалам шебері Кәмила Жапалова әлемнің 200 елінен 3 мыңға тарта қылқалам шебері жұмыстарын жарнамалап жатқан «Artexspo New York-2018» көрмесінде жүр. Айтқандай, Нью-Йорктегі айтулы көрме биыл өзінің 40 жылдығын атап өтуде. Қос оқиғаға қатар куә болып жүрген суретші Каспий теңізінен ескен лепті Тынық мұхиттың ар жағына жеткізді. 

– Бұл көрменің мақсаты – осы замандағы әлемдегі ең талантты суретшілерді тоғыстыру. Олардың шығармашылығын безбендеу арқылы өнер туындыларына жол ашу. Көрменің алғашқы күніне атақты өнертанушылар, музейлер мен галереялардың басшылары, қалталы коллекционерлер, өнер делдалдары қатысып, суретшілердің деңгейіне баға беріп, ұнаған туындыларды сатып алады.

Жолы болған қылқалам шеберлері қымбат тапсырыстар алып, тиімді келісімшарттарға отырады. «Artexspo New York» көрмесінің екінші күні бүкіл сән-салтанатымен, үлкен концертпен ашылып, 5 күнге жалғасады. Осы аралықта суретшілердің болашағына жол ашатын өте үлкен мүмкіндіктер туады. Көрмеден алып жүрген әсерімді бірнеше сөйлемге сыйғыза алмаймын. Әлемнің әр шалғайынан іріктеліп шақырылған, 3 мыңға тарта суретші қатысып жатқан көрменің залдары өте үлкен, ауқымы кең әрі әсем, дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Атырау облысының мәдениет қайраткері Кәмила Жапалова.

Нью-Йоркте қазақы нақыштарға салтанат құрғызған қазақ қызы көрмедегі әрбір жұмысты келешектің құнды жәдігері деп есептейді. Және Кәмила бұл оқиғаның қиялына шабыт қосып, жарыққа қайталанбас туындылар әкелетініне сенімді.

– Көрмедегі ертегідей ғажайып әлемге, Нью-Йорктің хаус тіршілігіне, қаланың көз тоймас түнгі көріністеріне сапар шеге отырып, өмірлік шығармашылық азық жинадым. Шетелдік әріптестеріммен бөліскен әсерлер тәжірибемді байытты. Шығармашылық қоржынға жинаған байлықты өз шәкірттеріммен бөлісуді борыш санаймын. Кез келген суретшіге бұйыра бермейтін әлемдік көрменің бір бөлшегі болғаным үшін өзімді өте бақытты сезініп жүрмін, – депті жерлесіміз АҚШ-тан жолдаған хатында.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ