Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы және облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің форумы өтті.
Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 1жыл толуына орай өткізілген әдеби шара аясында «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, үздік шығарма авторларына «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. Сондай-ақ, осы күні «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесіліп, Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған бір топ жас қаламгерге куәлік табыс етілді.
Екі күнге созылған «Жетісу көктемі» облыстық форумы аясында жас қаламгерлер Қарасай ауданындағы Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын, «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейін, Кербұлақ ауданында Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейін аралады. Мұнан кейін қонақтар Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында поэзия кешін өткізіп, Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ облыс орталығындағы Тіл сарайында әдебиеттің сан салалы тақырыптарын талқылаған секциялық жұмыстар ұйымдастырылды.
Еліміздің әр өңірінен келген отызға жуық жас қаламгерлермен кездесуде аймақ басшысы Амандық батолвтың құттықтау тілегін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жеткізді.
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғырту идеясының түп тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр. Сондықтан бағдарлама аясында Алматы облысында бір жылдан бері 8 мыңнан астам шара өткізіліп, 200 жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен былтыр бір мезетте 39 кітап жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта облыстағы барлық ауылдық мәдениет үйлерін жаңғыртып, жаңартатын боламыз. Сонымен қатар әдеби байқаулардың, шығармашылық шаралардың да маңызы зор. Бүгінгі форумға облыстың, республиканың әр өңірінен талантты жастар жиналып отыр. Форумға қатысушыларды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтап, баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! – деді Жақсылық Омар.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жетісу өңіріндегі рухани жаңғыру мен әдеби үрдісті қолдаудағы әкімдіктің игі бастамасына ризашылығын білдірді. Кездесу барысында Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, қаны Әміре Әрін, белгілі ақындар Қалқаман Сарин мен Бақытгүл Бабаш және жетісулық жас дарын Мұхтар Күмісбек ізгі тілектерін жеткізді.
Осы жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақ мүшелігінің қатарына қабылданған жастарға салтанатты жағдайда куәлік тапсырды. Мүшелікке қабылданған арасында Алматы, Атырау облыстарының, Астана және Алматы қалаларының жастары бар.
Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың қорытындысы жария етілді. «Мәңгілік елдің мұраты» облыстық байқауы биыл алғаш рет тұсауын кесіп, дәстүрлі түрде жалғасатын әдеби жарысқа айналмақшы. Үздік шығармаларға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі беріледі. Ал алғашқы жарияланған әдеби сынға 45 жасқа дейінгі қаламгерлер бүркеншік атпен қатысты. Байқауға «Рухани жаңғыру» тақырыбы, Жетісу өлкесінің тамаша табиғаты және еркін тақырып аясында жазылған туындылар қабылданған болатын. Қазылар алқасының таңдауына іліккен жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар марапаттады.
Нәтижесінде, поэзия жанры бойынша І орынды «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, мемлекеттік грант иегері Сағыныш Намазшамова иеленсе, прозада І орын жас жазушы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері Қанат Әбілқайырға берілді. Қос жеңімпазға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Поэзия бойынша ІІ орынды Ерлан Жүніс пен Аршын Нұрбақыт, ІІІ орынды Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек иеленді. Проза жанрында ІІ орынды Есболат Айдабосын және Гүлжан Амангелдіқызы, ІІІ орын Асхат Өмірбай мен Данагүл Берекетке бұйырды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар берілді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Суреттерді түсірген Жұмабай Мұсабек