2018 жылдың 22-24 мамыр күндері Алматы қаласындағы The Ritz Carlton отелінде он бесінші Еуразиялық Медиа Форум өтеді. Форум жыл сайын 60 шақты елден 500-ден аса делегат жинайды.
Форум өз тарихында 6000 аса шетелдік қатысушыларды, олардың қатарында танымал журналистер, белгілі саясаткерлер, мықты экономистер, нобель сыйлығының лауреаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен кәсіпкерлерді Қазақстанға жинаған.
ЕМФ спикерлері қатарында: Ислам республикасының экс-президенті Иран Мохаммад Хатами, Ауғанстанның 12-ші президенті Хамид Карзай, американдық дипломаттар Ричард Холбрук пен Ричард Перл, АҚШ-тың бұрынғы конгрессмені Харольд Форд, Ұлыбританияның Сыртқы істер экс-министрі Джек Стро, Грецияның Туризм экс-министрі және Парламент мүшесі Ольга Кефалоянни, британдық футуролог Рэй Хаммонд, Владимир Познер, Максим Шевченко, Михаил Леонтьев, Питер Лавель, Пола Слиер, Стивен Коул, Ник Гоуинг сынды танымал журналистер, ИТАР-ТАСС ақпараттық агенттігінің жетекшілері Виталий Игнатенко мен Михаил Гусман, жазушы Шыңғыс Айтматов, РФ Үкіметінің бұрынғы басшысы Евгений Примаков, ОДКБ бас хатшысы Николай Бордюжа, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бжезинский және т.б. болды.
Еуразия Медиа Форумы 3 күн өтеді. Жиында 7 пленарлық сессия болады. Әлемдік сарапшылар шеберлік дәрісіне бір күнді арнайды.
Форум қонақтарын жаңа пікірталас алаңы, қызықты тақырыптар, мазмұнды әңгіме, спикерлердің танымал тобы күтеді. Бұл жолғы Форум «Эволюцияның 15 жылы: әлем өзгерісі мен бізді өзгертуі».
Бұл ретте, форум ұйымдастырушылары Қазақстанның әлем алдындағы беделінің күн санап артып келе жатқандығын, форумның мұнда тиімді әрі заманауи құрал ретінде рөлін атап өтпекші. Форум өзінің белсенді жұмысының арқасында бүгінде дүние жүзі бойынша беделді медиа алаң атанған. Оның дәлелі ретінде 1500 айтулы БАҚ: Euronews, CNN, BBC, Associated Press Television News, Reuters, Bloomberg, New York Times, Al Jazeera English, ИТАР-ТАСС, РИА «Новости», РБК, Russia Today, Первый канал, ИА «Джихан» және т.б. қатысқандығы бола алады.
Биылғы форум тақырыптары: «Халықаралық қарым-қатынастағы эволюция», «Еуропалық одақ эволюциясы», «Қоршаған орта эволюциясы», «Ақпараттық технологиялар: нақты дерек пен фейк жаңалықтар», «Блогсфераның күшеюі: прогресс пе, әлде қауіп пе?» және тағы басқа.
Ал, нақты биылғы форумның қатысушылары қатарында – мемлекеттік қайраткер, экс-премьер-министр, Италия парламентінің сенаторы Маттео Ренци, БАҚ бостандығы бойынша ЕҚЫҰ (ОБСЕ) өкілі Арлем Дезир, америкалық политтехнолог, Барак Обама президенттігі кампаниясының екеуінде де кеңесші болған Роджер Фиск, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Саймон МакДжи, Грузияның экс Білім министрі Хатия Деканоидзе, ВВС телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Гэвин Хьюитт, халықаралық саясат бойынша француз сарапшысы, Le Figaro газетінің шолушысы Рено Жирар, Жапонияның тұрақты энергетиканы дамыту институтының директоры Тецунари Иида, ресей журналисті, продюсер, әрі тележүргізуші Софико Шеварднадзе, сенатор, АҚШ-тың Қытай Халық Республикасындағы елшісі Макс Баукас, БҰҰ халықаралық «БҰҰ – әйелдер» бөлімінің Орталық Азия бойынша басшысы Илейн Конкиевич.
Сонымен қатар, мерейтойлық форумның бағдарламасында бірнеше авторлық мастер-класстар ұйымдастырылып отыр. Онда Шуберт Медиа консультанты Тайра Шуберт, танымал журналист Шахида Якуб, Hashtag Our Stories жобасының негізін қалаушылардың бірі Юсуф Омар, саясаткер Бартош Рыдлиньский, CEO Select Communication Group басшысы Виктор Елисеевтер бар.
«Еуразиялық медиа форумның биылғы контенті дәстүрлі түрде заманауи өзекті бірқатар мәселелерді талқылайтын болады. Олардың қатарында, ақпараттық технологиялардың қарқынды өсуі, тұрақты дамудың бірден-бір шарты ретінде «жасыл экономика» тұжырымдамасы, тағы басқа көптеген мәселелер көтеріледі. Бұл ретте, мерейтойлық форумның халықаралық аренада еліміздің беделін арттыруға қосқан үлесінің орасан екендігін көрсете алатындығымызға сенімім мол», деп атап өтті Еуразиялық Медиа Форум бас директоры Руслан Жемков.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ